17:02 Уақытыңды басқар | |||
ТАЛ БЕСІКТЕН ЖЕР БЕСІККЕ ДЕЙІН БІЛІМ ІЗДЕНУ Әлемдегі ең көп жалақы алатындардың 20%-ы өмір бойы білім алуға уақыт арнайды. Олар әрдайым білім қорларын толтырып, біліктіліктерін шыңдай түседі: кітап оқиды, жаңа білім алады және онысын тәжірибе жүзінде іске асырады. Олар кемелдену жолында өз-өздерін аяп қалмайды. «Ертең өлетін адам секілді өмір сүр, мәңгі өмір сүретін адам секілді білім ал». Ганди Fortune 500 тізіміне кірген бір компанияның басшысының төмендегідей сөзі бар: «Бәсекеге қабілеттілігімізді сақтап қалудың бірден-бір шынайы жолы – үйренуге деген қабілеттілік және сол үйренген нәрсемізді бәсекелестерімізден бұрын тәжірибе жүзінде іске асыруымыз». Шведтік психолог профессор Андерс Эриксон жетістікке жеткен қызметкерлердің жаңа білім алуға күнделікті екі сағаттан, аптасына бес күн уақыттарын арнайтындығын анықтаған. Бір аптада 168 сағат бар. Білім алуға тек қана он сағат уақыт арнау арқылы жаңадан жұмыс бастаған қызметкерлер де үлкен жетістікке жетіп, мансап баспалдағымен жылдам жоғарылай түскен. Жаңа білім мен біліктілікке қол жеткізу арқылы олар нәтижеге жету қабілетін арттыра түскен. Жолдастары әртүрлі кештерде, спорттық шараларда, үйде теледидар алдында көңіл көтеріп жүрген уақытта олар күнделікті екі сағаттан уақыт тауып, ұдайы білім алып, өздерін жетілдірумен болған. А.Эйнштейннің мынадай сөзі бар: «Артық қордың әлемде теңдесі жоқ күші бар». Артық білім қоры да дәл осылай. Адамның істеген ісінің ғана емес, істемеген нәрсесінің де салдары болуы мүмкін екенін айтып өттік. Және кейде әрекетсіздіктің салдары біз ойлағаннан да қатерлі болуы ықтимал. Өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтын, уақытын жолдастарымен әңгіме-дүкен құрумен, көңіл көтерумен өткізетін, бар мүмкіндікті пайдаланып жұмыстан сытылып кетуге тырысатын, шамадан тыс демалысқа көңіл бөлетін жан бұл ісінің жағымсыз салдарымен жақын арада бетпе—бет келуге дайындала бергені дұрыс. Егер ол білімі мен біліктілігін жетілдірмесе, уақытын тиімді пайдалануды білмесе, тапсырылған жұмысты уақытында атқармаса, мұндай әрекетсіздік пен уақытты бос өткізудің салдары оның мансабына кері әсер ететінін білуі керек. Табиғи заңдылық: «Егер үлкен нәтижеге қол жеткізгің келсе, үлкен күш жұмсап тер төгуің керек». Неміс философы Гетенің мына бір сөзі ой саларлық: «Табиғат әзілді қабылдамайды: ол әрдайым шындықтың жағында, әрдайым шынайы, әрдайым қатал, оныкі әрдайым дұрыс, ал қателіктер мен адасушылықтар адамдардан. Оны бағалай білмеген адамды ол ұнатпайды. Тек қана таза жүректі, шыншыл, алғыр жанға жеңілдік беріп, өз құпияларын ашады». Иә, тым философиялық әрі материалистік түсінік қалыптастыруы мүмкін. Алайда асыл дініміздің призмасымен қарап, көп жайтты ұғына аламыз. Алла Елшісінің «Екі күні бірдей болған адам зиянда» дегеніндей, адам баласы өзін жетілдіріп, білім алып, біліктілігін арттыруға тырысумен болмаса, бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегу қаупі бар. Сондықтан қазірден бастап күнделікті, апта сайын, ай сайын білім алуға уақыт бөлуге бекініңіз. Күн тәртібін реттеп, жоспар құрып, білім алуға уақыт бөліңіз, ол үшін арнайы орын да дайындап қойыңыз. Өміріміздің маңызды кезеңдерінің бірі – біз әдет бойынша «бос уақыт» деп атайтын өз құзырымыздағы уақыттарымыз. Бір аптада 168 сағат бар. Орташа есеппен алғанда адам күніне 8 сағаттан аптасына 5 күн жұмыс істейді (40 сағат), 8 сағаты (ең көбі) ұйқыға жұмсайды (56 сағат). 5 сағат уақыты жуынып, киінуге, тамақ ішуге, жолға кетеді (35 сағат). Осының барлығын қосып есептегенде 131 сағатты құрайды. Арғы жағында әлі де 37 сағат «бос уақыты» қалады. Мұсылман баласының күнделікті бес уақыт намазына тиесілі бір сағатын тағы қосыңыз. Соңында 30 сағат қалады. Өкінішке орай, адамдардың көбі бұл уақыттарды теледидар қараумен, көңіл көтерумен, жолдастарымен әңгіме-дүкен құрумен өткізеді. Алайда адамның жетістікке жетуі немесе көштің соңында жүруі дәл осы өз құзырындағы уақытын қалай өткізгендігіне байланысты өлшенеді. Сіз ол уақытыңызды көңіл көтерумен өткізе аласыз немесе болашағыңыз үшін маңызды істерге жұмсай аласыз. Бос уақыт адам өміріндегі қосымша мүмкіндігі ретінде саналады. Оны ақылмен пайдаланатын боса, жеке басының құндылықтарын айтарлықтай дәрежеде арттыра алады. Бос уақыт адамның ең қымбат уақыты, себебі оның құнын белгілейтін адамның өзі ғана. Егер сіздің жұмыс тәртібіңіз қазіргі қоғамда қалыптасқан әдетке сай болса, сіздің құзырыңызда күнделікті төрт сағат бос уақыт болады. Бұл уақыттарды сіз өз қалауыңыз бойынша пайдалана аласыз. Ал демалыс күндері бұл уақыт 16 сағатқа дейін артады. Осы уақыттарыңызды қалай пайдаланғаныңызға байланысты сіздің келешек өміріңіз бен болашақтағы жетістіктеріңіз анықталады, жалпы көп жайт соған байланысты өзгере алады. Егер сіз осы қосымша мүмкіндігіңізді ақыл-ой мен білім-біліктілігіңізді арттыруға пайдаланатын болсаңыз, оған дейін жинақталған қорыңызды жетілдіре түсіп, таңқаларлық жетістіктерге қол жеткізуге жол ашасыз. Әлемдегі ең көп жалақы төленетін мамандардың 20%-ының қатарына кіретін адамдар өздерінің бос уақыттарын тиімді түрде пайдаланады. Олар өмір бойы білімін жетілдіруге жіті мән береді. Солайша білімі мен біліктілігін арттырған сайын жалақысы да өсіп отырады. Сіз де аптасына 10 сағат бос уақытыңызды білім алуға арнауға қазірден бастап шешім қабылдаңыз. Жетістікке жеткен жандар бос уақыттарын қалай өткізетінін біліп, солардан үлгі алыңыз. Оқығанды көңілге тоқып, білімді жетік меңгере алудың тағы бір жолы ретінде ғалымдар мынадай кеңес береді: «Көп кітап оқыма, бір кітапты көп оқы». Кітапты жақсы түсіну үшін мұның берер пайдасы мол екенін ақылды адам жоққа шығармасы анық. Отырардың тумасы Әл-Фараби бабамыз Аристотельдің кітаптарын 100 реттен аса оқыған деседі. Нәтижеде Батыс Аристотельді түсіну үшін Әл-Фарабиге жүгінді. Әрине, көп оқумен барлық адам Әл-Фараби сияқты ғалым болып кетпес. Бірақ ғалым болып кетпес. Бірақ ғалым болғандардың барлығы – кітапты көп оқығандар. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |