23:22 Тіл - күретамыр | |
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҒЫМСЫЗ БЕЙНЕДЕГІ СӨЗДЕРІ Абыройсыз (ұятсыз, қадірсіз, жаман) – көп алдында жаман аты шыққан, сүйкімсіз адам. Ақсаусақ – еңбек етпейтін, бос жүрген жалқау. Аққұс (сабырсыз, жеңілтек, ұшқалақ) – жеңіл мінезді. Аяр (екі жүзді, опасыз, сатқын, жүзіқара, жәдігөй, залым, ұятсыз) – сенімсіз, өте жаман. Арсыз (ұятсыз, бетсіз, құнсыз, жексұрын, оңбаған, затсыз) – ар-ұяттан безген. Арам (ішмерез, іші тар, күншіл) – тек жамандық ойлап, өз мүддесін ғана көздеуші. Алаяқ (қу, сұм, алдамшы, екі жүзді, жылпос, арам, ұятсыз) – сөзінде де, ісінде де береке жоқ, алдамшы, сенімсіз. Арызқой – жұрт үстінен өтірік-шыны аралас арыз жазушы, көре алмайтын. Ашықауыз (аңқау, аңғал, аңғырт, бейғам) – жамандық ойламайтын момын. Ашуланшақ (ашулы, тызетпе, ұстамсыз) – ашуы тез. Ақпақұлақ (тыңдаусыз) – естігенін есте тұтпайтын, тез ұмытатын, айтқан ақылды ұқпайтын. Бассыз (ойсыз, мисыз, санасыз, ақылсыз, аусар, ақымақ) – ақылмен жұмыс істемейтін, ештеңе ойламайтын, ақылы жоқ. Босбелбеу (бос, ынжық, жасық, момын, бозөкпе, босаң, мондыбас, қырсыз, бошалаң, бозым) – іске ыңғайсыз, өте момын. Бейбастақ (әдепсіз, өнегесіз, тыңдаусыз, үлгісіз, тәртіпсіз, байлаусыз, тыюсыз, жөнсіз, бәлдір, қалыпсыз, көргенсіз, беймаза, бетімен кеткен) – жөнсіз сөйлейтін, жеккөрінішті, ұятсыз. Безбүйрек (қатыгез, қанішер, тасбауыр, жауыз) – еш жақсылық істемейтін, кісі өлтіруші. Бірұрт – өзінікін ғана жөн санайтын, тыңдаусыз. Бетпақ (әйел) – ұялмайтын, тыңдамайтын, ешкімге тоқтамайтын, бет бақтырмайтын. Бұзық (ұр да жық, басбұзар, елбұзар, қазанбұзар, әңгүдік, есалаң, есер, есуас, ессіз, алаңғасар, жуанжұдырық, жүгенсіз, әумесер, тентек, содыр, сотқар, әпербақан, шатаққұмар, төбелесқұмар, оспадар, шалдуар, шәлкем-шалыс, аумалы-төкпелі, ақкөз, делқұлы, жүгенсіз, шырықбұзар, бұзақы, бетімен кеткен) – ар-ұяты жоқ, бүлдіргіш, өте жаман. Дарақы (даңғой, берекесіз, анайы, мақтаншақ) – жөнсіз іске әуес, берекесіз. Дөрекі – әдепсіз, мінезсіз. Даукес – орынсыз жерде дау шығарушы. Дінсіз (кәпір, имансыз, күнәқар) – Құдайдан безген, дінді сыйламайтын. Дүниеқоңыз (сараң) – дүние жинай беретін және оны ешкімге бермейтін. Ез (жасық, жаман, жігерсіз, шірік, жетесіз, міскін) – қатарынан кем қалған, талапсыз, қолынан ештеңе келмейтін. Иісалмас (ессіз, ойсыз, түйсіксіз, әрекетсіз, нәуетек, нәумез) – ештеңеге түсінбейтін, өзіндік ой-пікірі жоқ. Икемсіз (қырсыз, өнерсіз, епсіз) – қолынан ештеңе келмейтін. Жалқау (бойкүйез, жатыпішер, масыл, еріншек, тоғышар, нансоғар, керенау) – жұмыс істемейтін, еңбексіз бос жүретін. Желөкпе (желбуаз, ұшқалақ, сабырсыз, аққұс, шошақай, жеңілтек, желікпе, жаңғалақ) – ұстамсыз, жеңіл мінезді. Жауыз (зұлым, зәнталақ) – тек қастық, жамандық ойлаушы. Жағымпаз (жарамсақ, екіжүзді, жалтақ, жағымсыз, жұғымсыз, сенімсіз, сырғанақ, жұқсыз, жұқпас, суайт, көлгір, пәтуасыз, аумалы-төкпелі) – әркімге жағынып күн көрген, сөзінде тұрмайтын. Жалақор – біреуге жала жабатын, ұятсыз. Жемқор (пайдакүнем, жебір, қорқау, ақшақұмар) – мемлекеттің, біреудің несібесін ұрлаушы. Жезөкше (әйел) – тәнін сатып күн көрген, өте ұятсыз, қарабет. Залым (аяр, зұлым, жауыз, опасыз, кәззап, жәдігөй, сұрқия, зымиян, қаскүнем, құнсыз, затсыз, малғұн) – тек қана жамандық, жексұрындық іспен ғана айналысушы. баспаға әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |