23:18
Тіл - күретамыр

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҒЫМДЫ БЕЙНЕДЕГІ СӨЗДЕРІ

Кішіпейіл (сыпайы, елгезек) – өте белгілі адам болса да өзін кіші, сыпайы ұстайтын адам.

Күшті (қайратты, білекті, палуан, қуатты, әлді) – күші көп.

Қайраткер – білімін, қызметін ел-жұртына арнаған азамат.

Құймақұлақ – естігенін ұмытпайтын, ұғымтал.

Қонақжай – үйіне қонақ көп келетін және оны ықыласпен қарсы алу.

Өнегелі – көпке жақсы үлгі таратушы.

Өнерлі (өнерпаз, шебер, бесаспап) – он саусағынан өнер тамған, іске шебер.

Өлермен – әр қиын іске тәуекел етуші, батыл.

Отансүйгіш – елін, жерін, халқын сүюші.

Сыпайы (салмақты, сырбаз, сүйкімді, қыз мінезді, мәдениетті) – өзін әдеппен ұстаушы.

Сабырлы (орнықты, көнтерлі, салмақты) – асықпай сабырмен ойлап іс істейтін, асықпайтын.

Текті – ата тегі де, өзі де жақсы адам.

Талапты (ізденгіш, талапкер) – жақсы іске талап еткен өнерлі жас.

Таза – 1. Ақ, адал, жақсы, ешкімге қиянат жасамайтын. 2. Ұқыпты, ыдыс-аяғын, мүлкін таза ұстайтын.

Тиянақты – істі бұлжытпай орындаушы, сенімді.

Ұқыпты – іске де, басқа шаруаға да түзу қарап, адал атқарушы.

Ұятты – ар-ұяты мол, сенімді.

Ұлтжанды – өз ұлтын өте сүйетін адам.

Пәк (адал, жаны таза) – өте жақсы адам.

Іскер – өз ісін жақсы білетін.

Пысық – жұмысқа бейім, әр істің ретін келтіретін кісі.

Ғұлама (ғалым, оқымысыт, өте терең білімді) – көп оқыған.

Діндар (молда, иман, имам, қажы, дәмолда) – ислам діні жолына берілген.

Малсақ (малжанды) – малды жақсы көретін, оны өсіруге, бағуға лайық.

Шебер (епсекті, өнерлі, ұста, зергер, тігінші, кілемші, өрімші, үйші, ерші, етікші т.б.) – бұйымдарды, керекті заттарды өз қолымен жасаушы. Халық шеберді «он саусағынан өнер тамған» деп мадақтайды.

Шешен (жезтаңдай, ділмар, айыркөмей, орақ ауыз, от тілді, сөзуар, тапқыр) – тілге жүйрік, сөз қисынын тауып айтатын халық қалаған сөз шебері.

Ел-жұртты елеген, халқы қалаған азаматтарды ардақтаудың ана тілімізде атаулары мен дәріптеу, бейнелеу сөздерін айтып тауысу қиын. Оны қазақ теңеп те, бейнелеп те, асқақтатып та айта білген. Ел намысын қорғаған ерлерді «нар», «арыстан», «қасқыр», «ерім», «азаматым» деген сияқты теңеулермен мадақтап, ардақтаумен бірге: әділді «қара қылды қақ жарған»; шешенді «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен»; шеберді «темірден түйін түйген»; жомартты «атын түсіп беретін мырза»; адалды «сүттен ақ, судан таза»; сұлуды «ай мен күндей»; әдептіні «қыз мінезді жігіт»; бәйбішені «бес биенің сабасындай»; баланы «тойған қозыдай»; бойжеткенді «оймақ ауыз, күлім көз» деп дәріптеген. Жақсы адамдарды көріп, білмесе де сырттай сүйініп, ұрпағына үлгі еткен. Олар ауылына келгенде баласының аузына түкіртіп, отырған жеріне аунатып алған.

Ел сыйлаған адамдар есімі халық жадында мәңгі сақталған. Мыңдаған, жүздеген жылдар өтсе де, есімдерін жұрт әлі де мақтанышпен айтып отырады.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 827 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: