09:03 Тіл біл | |
ПАРСЫ ТІЛІ Ұшаққа отырды. Жандарындағы адамдардың көпшілігі ташкенттіктер. Өзара орысша «гүбір-гүбір» етеді. Ол жеңіл шокпен отыр. Себебі оның түсінігінде олардың барлығы өзбекше сөйлейтін. Жанына бір жасы үлкен аға отырды. Қазақша-өзбекше жақсы әңгіме дүкен құрысты. «Қайдан, қайда келе жатсыңдар? Самарқандта бірінші рет пе? Ой, менің қонағым болыңдар. Менің үйімде жатсаңдар болады», - деп дархан көңілін көрсетіп қуантып қойды. Ағасы ұсынысын қабыл алмайды деп ойласа керек, ұшақтан түсіп, жүктерін алуға бара жатқанда жаңағы ағасының қасына жақындады. Ішінен»Дұрыс болды. Жігіттер де қуанып қалатын болды. Жататын жеріміз бар», - деген ойда тұр. «Аға, онда біз бүгін сіздің қонағыңыз болайық. Жататын орнымызға аз-маз пұлын береміз», - деп еді, ағасының түрі бұзылып кетті. «Бүгін қонақтарым бар еді. Басқа күні келсеңдер қуана қарсы аламын», - деді. Жалпы, сол кезден бастап жергілікті жүйеге кірді, оларды түсіне бастады, ол жақтарда өздерін қалай ұстау керек екенін ұқты. Мәселен, ирандықтарда «та’руф» деген нәрсе бар. үйіне барып «Мына сурет әдемі екен» десеңіз, «Өзіңізге ала қойыңыз» деп айтады, алайда, шынында ол нәрсе меңзелмейді. Я болмаса ирандық таксистерге такси құнын төлейін деп жатсаңыз, “qobeli nadore” деп жауап қатады. Ол дегені «Оқасы жоқ, қажеті жоқ» дегенге саяды. Алайда те сыпайылықтан айтылатын, парсылардың бойына сіңген мәдениеттерінің бір бөлшегі. Такси құнын бәрібір төлеу керексіз. Өзбекстан деп аталатын елде жүрсе де, парсылардың арасында келе жатыр екен. Қалай болғанда да, оларға жататын жер табу керек болды. Оның үстіне Өзбекстандағы тарифтердің шетелдіктер үшін өте қымбат екенін біліп алды. Кез келген музейге, дәмханаларға кірерде үш түрлі баға тұрады: жергілікті халық үшін, ТМД елдері үшін, шетелдіктер үшін. Самарқанд әуежайынан такси ұстап «қаланың орталық мешітіне жеткізсеңіздер» деп өтініш білдірді. Жалпы, келген кездегі алғашқы аялдамалары Алланың үйі болсын деп ниет қылды. Ғибадаттарын орындап болған соң «Имам хатиб» деп жазылып тұрған кабинеттің есігін қақты. Осы жерде коммуникацияның пайдалы тұстарын байқай аламыз. Имам – тәжік кісі (Самарқанд пен Бұқарада парсы-тәжіктер көп тұрады және парсы тілінің жергілікті диалектісінде сөйлейді). Екеуі тұрып тәжікше сөйлесті. Ол кісі, әрине, таңдана түсті. Осы сөйлесулері арқылы ол кісінің жүрегінде оларға деген бір жылулық сезімінің ұялап қалғанын байқады. Оларға бағасы қолжетімді меһмонхана (Меһмонхана – қонақ үй. Меһмон – қонақ, хана – үй) қажет екендігін айтты. Имам бірден танысына хабарласып, «Қазір Қазақстаннан келген үш жігіт барады, өзіміздің мұсылман жігіттер. Соларды әдемілеп жайғастыр», - деді. Мекенжайын алды. Тым қатты ұзақ жерде емес екен. Барды. Қонақ үй әлі ашылмаған, яғни жаңа. Жөндеу жұмыстары енді жасалып біткен көрінеді. Оларға екінші қабаттағы номерді ашып берді. Таза, әдемі, төсек және душы бар. Барлығын өте қолжетімді бағада жасап берді. «Бірінші намазымызды орындап алайық, тұрақтайтын жердің бір мәнісі болар», - деген болатын. Шынында да бір мәнісі болды. Түймек ой: намазды дүние тіршілігімізге қарай емес, тіршілігімізді намазға қарай ұйымдастырсақ, көп нәрседе көш ілгері жетістікке жете аламыз. Күн батқан, ақшамнан кейінгі уақыт. Самарқандтың көшелерін кезіп жүріп ортағасырға түскендей күйге енді. Бір тараптан доп теуіп ойнап жүрген балалардың дауыстары естіледі. «Йек-ду-се-чоһор»... (Парсы тілінде санау: бір, екі, үш, төрт...) Өзбек тілінде сөйлеп жүрген бірін кездестірмеді. Өзге матрицаға кеп түскенін біліп тұр. Алайда бір қызығы, көшедегі сөздердің бәрі түсінікті әуезде болуда. Парсы тілін оқып жүргенде ертерек Иранға барып, оқыған білімдерін бекітіп, практика жасаса деп жүретін еді. Құдай әкеліп, кезіндегі сасанидтік Ираннның бөлігі болған Самарқанд пен Бұқараға жеткізді. Ертесіне Регистаны бар, Әмір-Темір кесенесі бар, тарихи жерлерді көруге аттанды. Алғаш кездестірген имам кісі барлық жерде парсыша сөйлей берсеңдер, жергілікті тарифпен қызмет аласыңдар деген болатын. Сол кісінің кеңесіне жүгініп көрді, солай-ақ болды. Регистанның ішінде жүргенде бір хаттатты (Хаттат – Ислам каллиграфиясымен айналысатын маман) кезедстірді. Бұқара медресесінде оқыған, арабша біледі және де сол араб каллиграфиясымен айналысады. Көптеген көздің жауын алатын туындылармен танысып, таңырқауда. Араб тілінде сөйлескендігі себепті каллиграфияға арналған бамбук қалам сыйға тартты. Сол уақыттар оның да каллиграфияға қызығып жүрген шағы болатын. Елордада ираннан келген хаттаттың мастер-класс курсына қатысып, Иран мәдени орталығынан шаһадасын (Шаһада – сертификат мағынасында) алған болатын. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
