21:54 Тіл біл | |
ПАРСЫ ТІЛІ Бір қарағанда парсы тілінің қазаққа еш қатысы жоқ секілді, себебі индо-еуропалық тіл, халқының мәдениеті де өзгеше. Алайда географиялық, тарихи сабақтастықты жоққа шығара алмаймыз. Қазақ пен парсыларды шекаралық жақындық, Каспий теңізінің ортақтығы және де ғасырлық Ислам діні байланыстырады (Қазақстанда Исламның сүнниттік бағытын ұстанса, Иранда шиіттік/шиғалық бағыт тараған, ал ол біздің дәстүрлі діни салтымызға қайшы жол екенін ескертеміз). Кезіндегі көне Персияның мирасқоры – бүгінде Иран ислам Республикасы – парсы тілінде сөйлейтін,соны әлемге таратуға мүдделі негізгі аймақтық ойыншы. Ираннан бөлек Тәжікстанда және Ауғанстанда парсы тілі ресми боп саналады. Тәжік тілі – тәжік парсышасы немесе тәжікше деген атаулармен белгілі. Ауғанстан парсышасы – дари деп аталады. Ол парсы тілінің Кабул диалектісі. Балаврда үшінші курс кезінде, екінші шығыс тілін таңдау қажет болды. Ол, әрине, парсы тілін таңдады. Негізі, кафедрада бар корей, жапон, қытай, хинди сынды кез келген шығыс тілін таңдауға құқылы еді. Алайда өзге тілдерден негіз қалыптастырудың өзіне екі семестрдің жетпейтінін жете түсінді. Ал парсы тіліне келсе, оның графикасы араб әріптерінен тұрады, грамматикасы ағылшын тіліндегідей және өз ана тілімізде персизмдер (парсы тілінен енген сөздер) жеткілікті. Осы факторлардың бәрін есепке алып, аз уақытта жетік игеруге болатынын пайымдады. Оған қоса университет қабырғасында бірге оқитын Иранның мәдени атташесінің (атташе – халықаралық дипломатиядағы қызмет атауы) ұлы – Мухаммад есімді парсы тек ағылшын тілінде сөйлесетін, ал парсы тілін оқып бастаған шақта, парсы тіліндегі білмеген нәрселерін сұрап алуға үлкен мүмкіндік туды. Ол арабист ретінде, әуелі араб тілін үйренді, сосын барып парсы тілін таңдады. Осы реттілік, оған оқу процесін жеңіл ете түсті. Себебі парсы әліппесін оқуға уақыт кетірген жоқ. Әлбетте, арасында тек парсыларға тән, араб әліппесінде жоқ төл әріптері бар (араб әліппесінде 28 әріп, парсы әліппесінде 32 әріп). Алайда оларды игеру еш қиындық тудырмайды. Олардың университетінде шығыстанушы-иранистер болды. Олардың негізгі тілі парсы тілін болды да, екінші шығыс тілі – араб тілі. Бірінші парсы тілін үйреніп, кейін араб тілін үйренуге кіріскен студенттердің қатты қиналып, сол бойы араб тілін бағындыра алмай кеткендеріне куә болды. Ислам әлемінде араб тілі – негіз. Араб тілін жетік меңгерген адам түрік тілін де, парсы тілін де, урду тілін де, күрд тілін де оңай игеріп кете алады. Университетте парсы тілі сабағының бірінші күнінде кіріспе болды, екінші күні парсыша жаттаған сөздерінен тест тапсырған болатын. Тест нәтижесінің оң болуы, бұл тілді игеруге деген қызығушылықты еселеп арттыра түсті, себебі өз ішінде «Менің қолымнан оңай келіп жатыр» деген сенім пайда болды. Қандай да бір тілді үйрену барысында, сондай сезімді сезе білу – үлкен стимул береді. Тілдерді тану үшін сол тілде жазылған әдебиетке көңіл бөлгенді ұнатады. Себебі көптеген сезім мен сыр сол әдебиетте сақталады. Иран, тәжік, ауған әдебиетшілерінің көптеген шығармаларын, өлең жолдарын оқып, біршамасын жаттады. Мухаммад ариф Башорат есімді ауғанстандық жас ақынның «Отан» деп аталатын өлеңі студенттік шақта қатты ұнатқан... Біле білгенге, өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап бүгінгі Ауғанстан жері түрлі империялардың таласатын аймағы іспетті. Бөтендердің әкелген бітпейтін мәнсіз соғыстары себепті, ауған халқы әлемнің сан тарапына босып кетуге мәжбүр болды. Соңғы уақыттары, АҚШ-қа қоныс аударған Халед Хоссейни есімді ауғандық қаламгердің шығармаларын бас алмай оқыды. Босқын болу – өте үлкен қасірет. Түркияда жүрген кезде ондағы сириялық, ауғанстандық, түркменстандық босқындарды көп көрді. Қанша жерден түрік тілін үйреніп, еркін сөйлесе де, түрік болып кете алмасы анық. Әркім өз Отанын аңсайды. Алайда орын алған Қаңтар оқиғасы кезінде, Түркияның Стамбул қаласында оқуда еді. Бірнеше күннің ішінде Отанынан айырылып қалардай, үлкен қорқынышпен бетпе-бет келіп, оқуға бет бұра алмай, Аллаға тек жалынумен болды. Көшеге шыққанда, құдды бір адамдардың бәрі оларға қарап тұрғандай сезімді бастан кешті. Қазақстаннан екендерін естіп, барлығы дерлік не жағдай боп жатқанын таласа сұрады. Сол уақытта барып, бір нәрсе болса қайта алатын, өзге ел сыйдырмай қуса, оралатын ұлан-ғайыр Отанының барына мың қайтара шүкір етті. «Отан» сөзі қазақ тіліне де, түрік тіліне де, парсы тіліне де араб тілінен енген. Зілі бар, ауқымды сөз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
