23:12 Тіл біл | |
АРАБ ТІЛІ Күнде-күнде байланысып, жақсы қарым-қатынас орната білді. Оның араб тілін енді үйреніп жүрген студент екенін білген кезде, ол да қызығушылықпен түрлі нәрселерді үйрете бастады. Көрші болулары үлкен рөл ойнады. Кешкі ас ішіп болған соң екі қабатқа төмен түсіп, сол кісінің үйіне баратын. Киімдерін үтіктеп, дүкеннен азық-түлігін әкеп, гүлдеріне су құйып береді, ол өз кезегінде оған түрлі иорданиялық арабтардың тамақтарын дайындап, шай үстінде араб тілінен сабақ беретін. Кей адамдар үшін бұндай тәсіл ерсі көрінуі мүмкін, алайда білімін алу үшін эквивалент ретінде өз қызметін ұсынғысы келді. Таңертең ол сабаққа шыққанда, ол кісі жұмысына шығатын. Аялдамада тұрып оның үстіндегі киімдердің, айналадағы заттардың, арабша атауларын айтып, ол соларды қайталап, уақытты ұтымды пайдаланатын. Сол үрдіс оқу жылы аяқталғанша жалғасты. Тұрақты жасалған қайталаулар, қосымша сабақтар оған үлкен пайдасын тигізе білді. Оның ойынша, Алла Тағала сіз үшін игі мүмкіндікті қаласа, оны оңай береді. Тек әр мүмкіндікті уақыт сәті келгенде көре білу керек және пайдалана білу қажет. Арада 4 жыл өткеннен кейін Катар елшілігінің қабылдауында болғанда баяғы көршісін кездестірді. Тек қана араб тілінде сөйлесті. Деңгейінің өскенін тілге тиек етіп, оң бағасын берді. Деңгейдің өсуі – тек салыстырмалы ұғым. Мұсылман адам өз деңгейін өсірумен әрдайым жұмыс жасап отыруы қажет. Кешегі деңгейлерінен бүгін жақсы болса, ертең бүгінгі деңгейлерінен де жақсырақ болуға әрекеттену керек. Тіл үйренуді өте жеңіл формада бастау қажет. Яғни, өзіңізге күрделі бір миссиялар беріп қажет емес. Алғашқы кезеңде грамматикаға қатып қалмаңыз. Сөйлемдер құрай алу үшін грамматиканың белгілі бір элементтерін игереміз, алайда бастапқы кезеңде тереңдемей тұрған игі. Себебі араб тілінің грамматикасы – мұхиттай өте терең. Ол мұхитта әркім тереңдей алғанынша ғана тереңдейді. Тіл үйренудегі негізгі ережелердің бірі – адам бірінші сөйлеп үйренуі қажет. Қате болса да тоқтаусыз сөйлей беріңіз. Не нәрсені жаттап алдыңыз, соны қайталап пайдалана беріңіз. Кейін уақыт өте келе дұрыс сөйлеп қалыптасасыз. Табиғаттың заңдылығы да солай. Кішкентай бала бірінші сөйлеп үйренеді, кейін өсе келе дұрыс сөйлемдермен сөйлеуді үйренеді. Араб тілін үйренуді бастаған кезде ұстаздың болуы өте маңызды. Әлбетте өздігіңізден оқи аласыз, үйрене аласыз. Алайда ондай жағдайда өз қателіктеріңізді дұрыстыққа балап кете беруіңіз бек мүмкін. Туралап отыратын, жол сілтейтін, алып мұхитта көмекші болатын адам болуы қажет. Бірінші, жеңіл-желпі сөздер жаттаңыз да соларды пайдаланып көріңіз. Өз жаттаған сөздеріңізді қысқа сөйлемдерде пайдаланған кезіңізде қызығушылығыңыз одан сайын арта түседі. Ол нәрсені – тілдің дәмін тату деп айтады. Мұхиттың ортасынан түсе салуға болмайды, бәлки, жағасынан келіп, бойыңызды суына үйретіп, ақырындап ене бастау ләзім. Сөздікке арналған арнайы дәптеріңіз болсын. Ішінде сөздерді екі түрлі жазуды ұсынамыз. Бірінші қазақша-арабша, кейін тура сол сөздерді арабша-қазақша. Мысалы; Кітап – арабшасы; Қалам – арабшасы; Дәптер – арабшасы;, Мектеп – арабшасы;, Студент – арабшасы; Мешіт - арабшасы. Жазу арқылы білімнің нығаятынын еш естен шығармаңыздар. Жазған кезде ешқашан өзіңізге ыңғайластырып тарнскрипциясын (оқылуын) жазбаңыз (китабун, қаламун, дәфтәрун деген секілді). Не үшін? Себебі сіз сөздік дәптеріңізді ашқан сайын сөздің арабша жазылу формасына емес, жанында жазылған тарнскрипцияларына қарайтын боласыз. Тілді үйренуді бастамай жатып сәтсіздікке жол ашасыз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |