16:34
Тіл біл

ОРЫС ТІЛІ

Орыс тілі ол үшін шет тілі боп табылады. Туғанынан естігені емес, кейіннен үйренгені. Өзге жұрттың тілі ретінде оған да құрмет таныта білмекпіз. Әлбетте, біздің қазақтың тарихи санасында көршімізге деген үлкен өкпе-реніш сақталған. Бірақ білсек дейді, ренжігістік – отырлықтың ізі. Отар болған, бодан болған елдердің халықтарында сол бір қасиет көп кездессе, керісінше, басқыншы болған елдердің халықтарында, өзгеге ренжи беру деген көп болмайды екен.

Қазақта тіпті бір атым насыбайдан да көңілі қала беретінін жақсы білеміз. Былай қарап тұрсаң жай сасық дүние ғой... Соны да көңілге алып, ренжіп жатады екенбіз. Ол реніш қайдан келді? Жеңіліп қалғанымызға ренжідік, отар боп қалғанымызға ренжідік, жерімізді алдырып қойғанға ренжідік. Содан өзге біреу біз туралы айтса немесе айтпаса да ренжиміз, жазса да, жазбаса да ренжиміз. Өзгелер жетістікке жетіп жатса, сол жетіп жатқанына ренжиміз. Тойда сөз бермесе ренжиміз, қонаққа шақырмаса ренжиміз. Ренжитін дүниелерімі көп-ақ... Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетінде сол себепті жүректен бәрін шығарып, кешіріп жіберу – Алланың сүйікті құлының сипаты делінеді. Тарихқа өкпелеп, өткенімізді қайтарып ала алмаймыз. Сабақ алып, кешіре білу керек. Кешіру деген сөз соған қайта барып құл болу дегенді білдірмейді. Алаш зиялылары қарап бой түзеген жапон үлгісінде, өзіміз кем кеткен тұстарымызды мойындап, соны жөндеп, алға қарай ұмтыла білуіміз қажет. Қай кезде жеңілсек те, білім-ғылымда, технологияда кенжелеп қалғандықтан болды.

Халықтың сан ғасырық көрген қасіреті жекелеген адамдардың бойынан көрініс тауып, тіршілігін жалғауда. Өзгеге ренжімеуге мүмкіндігіңіз болса, солай жасаңыз. Өз иммунитетіңіз мықты болады. Жекелеген адамдардың мықты болуы, қоғамның мықты болуына әкеледі. Бәрі орыс тілі дегеннен бастау алды ғой. Себебі бүгінде бізде кембағал түсінік бар, орысша мүлдем біліп қажет емес деген. Сол рыс тілін білу қажет емес деген ойдың артында да орысқа деген реніш жатыр.

Орыс тілі – білім мен ғылымның тіліне айнала білді және әдемі әуезді тілдердің бірі. Осы орайда тағы да шалғайдан шалғайға кетіп қалмас үшін, орта жолын көрсетуге мәжбүрміз. Қазақша білместен, ана тілін үйренуге еш талпынбайтын, тек орысша шүлдірлейтін қазақтарға ақтау жоқ. Оларды бүгінде мәңгүрт (өз ұлттық құндылықтары мен өз ана тілін ұмытқан адам. Мәңгүрт сөзін алғаш қырғыз біртуғанның дарасы – Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романынан білеміз. Онда тұтқынға түскен әрбір адамның шашын тықырлап алып, түйенің жүнінен кепеш атты бас киім кигізетін болған. Кепешті кигізгеннен кейін жуанжуандар (қарақытай) тұтқынды 5 күн ассыз-сусыз шөлдалада қалдырған. Шаш 5 күнде 5 мм-ге өседі – бұл миды зақымдауға жеткілікті мөлшер. «Мәңгүрттену» кезеңі өткеннен кейін тірі қалған адам мәңгүртке айналатын болған. Ондай адам қожайыны не қаласа соны істейді, себебі мәңгүртте тек бір қорқыныш бар, ол – «кепешті шешсең өлесің» деген қожайындарының сөзі) дейді. Алайда сол мәңгүрт күйесін, өз ана тілін сүйетін, үйренуге талпынып жүрген орыс тілді қазақ қандастарымызға жақпау керек. Тарихи фактор себепті тілі орысша шыққан, кейіннен өз негізіне қайтуды қалаған адамды іштен теуіп, жабайылықпен қашырмауымыз қажет.

Қажет болған тұында орысшаны да пайдаланып, өз керегімізге жаратамыз. Орыс тілін үйреніп, оны білу – құрдымға жол емес. Ол – дүниетанымды кеңейтудің жолы, Лермонтов, Булгаков, Достоевский, Толстой сынды классиктердің тілі. Керісінше, Абай айтқандай «Законсыз қорлығына көнбеу үшін, олармен бірдейлік дағуасына кірмек үшін» (Жиырма бесінші қарасөзден) оқимыз, үйренеміз. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 13 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: