12:03
Тіл біл

ҚАЗАҚ ТІЛІ

Шет тілін үйренуге ниет еткен, әлем кезіп, өзге жұртпен біліскісі келген әрбір қазақ баласы – бірінші өз жұртын, өз ұлтын танып, ана тілінің қадіріне жетсе игі. Құдайдың тағдырына, бергеніне шүкіріміздің бір көрінісі де сол болмақ.

Түріміз қазақ боп, тіліміз өзге болса, бәрібір өзге жұртқа айналып кете алмаймыз. Ілгеріде бір ақсақал орыс тілді қазаққа айтқан екен: «Орыс болайын десең түрің келмейді, қазақ болайын десең тілің келмейді», - деп.

Таяқтың екінші бір ұшы – біздегі тек қазақша ғана білетін, өзге тілді үйренуге әрекеттенбейтін, бір сөзбен айтқанда – жалқау адамдардан шығатын кереғар пікірлер. Ондай адам үшін орысша білетіндер – «орысқұл», арабша сауаттылар – «арабқұл».

Екі ішектің арасын дұрыс анықтай алсақ, сол, міне, біздің жол болмақ.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атамыз (Алла рахымына алсын) айтады:

- Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын оцлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

Ол өзі білім жолын орыс мектебінен бастаған. Бастауышта алғаш үйренген әріптерінің саны 42 емес, 33 болған, әліппемен емес, азбукамен қоштасқан, Абай, Мұхтар, Шәкәріммен емес, Пушкин, Крылов, Лермонтовпен танысқан.

Сыныпқа алғаш кірген кездері де әлі көз алдында. Сынып жетекшісі көк көзді, ұзын бойлы Олеся Павловна деген мұғалім болатын. Оны «казахский мальчик» деп жақсы көретін, әйтеуір. Ортасы өте интернационалды болды. Бір сыныпта қазақ, орыс, шешен, өзбек, украин, татар баласы бірге оқыды. Осы жолдарды жазып отырғанда, өткенде еске алса, кішкентай балаларда бір-біріне деген жеккөрініш, ұлтына қарап бөлу мен сөгу деген болмайды екен-ау... Ол нәрселер өсе келе қалыптасатын, белгілі бір жүйенің, қоғамның сіңіретіні немесе әке-шешесінің үйрететіні деген ойға қалды. Әйтпесе Асқар мен Шавкат та, Иван мен Имран да бала күнінде бір-бірін алаламаушы еді ғой...

Мектепке орыс тілін біліп бармады. Аулада естіген «привет» пен «подарок» сөзінен басқа білері жоқ-тын. Алғашқы күндердің бірі болса керек, әп-әдемі үлкендеу ойыншығы болды. Тілді дұрыс білмегеннен, сол әдемі ойыншығын бір балаға сыйға беріп жіберді «подарок» деп. Ол бала «спасибосын» айтып алып қалды. Ал ол негізі бергісі келмеген. Қай бала қолынан өз ойыншығын берсін?! Қазақ өзінікінен айырылады деген түйін шығарғысы келеді осы біо қиғадан.

Бірнеше жыл оқыған соң, нағашы атасы «Балаларыңды орыс қылмақсыңдар ма?» деп ата-анасына айтып жүріп, қазақ мектебіне ауыстыртқан. Сол бір араласу болмаса, тағдыры өзгеше болар еді, сірә.

Қазақ мектебіне ауысқан соң сабақ үлгерімі күрт нашарлады, оқуда ілесіп кетуі қиынға соқты. Үй ішінде қазақша сөйлесіп жүргенімен, қазақшаны кітаптан оқып, білімді тұтыну көзі ретінде қабылдау жағы оңай болмады. Мектептегі үлгерімін жақсарту үшін мәтіндерді, шығармаларды дәптерге көшіріп жазып, сөзбе-сөз жаттайтын. Тіпті «Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан» әлі есінен кетпейді. Қарап тұрсақ, соның бәрі кейінгі тұлғалық бойының қалыптасуында үлкен рөл ойнады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: