10:46
Тіл біл

ПОЛИГЛОТ

Полиглот деп кімді айтамыз? Өзінің ана тілімен қатар басқа да тілдерді білетін адам – полиглот болып саналады. Қанша тіл білуі керектігі нақты бекітілмеген. Алайда халықаралық Polyglot Gathering ұйымының мәлімдеуінше, полиглот деп – өз тілі мен жергілікті кең таралған тілді есептемегенде, тағы 4 тіл білетін адамды айтады. Сонда жалпы есебі 6 тіл...

Оның рахметлі (Анадолы түріктері дүниеден өткен адамды еске алған кезде “rahmetli” деген сөзді қоса айтады) атасы Шәди – академик, кітап көп оқып, дәйім ізденісте жүретін адам болған екен. Оның әкесі – рахметлі Ахмет бабасы да үлкен білім иесі, араб, парсы, түрік, шағатай тілдерін жетік білген, жастайынан інілері мұса ақын мен шәкір үшеуі мұқтасар (ел арасында, әсіресе Орта Азияда «Ән-Нуқоя» еңбегі «мұқтасар» деп танылып кеткен) жаттап, медресе бітірген. Кейін 1937 жылы ахмет бабасы молдалық қызметі үшін халық жауы деген айыппен ату жазасына кесілген. Алайда заман өткен соң, кімнің шынайы халық жауы екені, кімнің халық қызметкері болғаны анықталды.

Шәди ағасы бауырларымен «халық жауының ұрпақтары» деген айыптауды, шеттетуді көп көрсе де, Хрущев жылымығынан кейін партияға кіріп, ел қызметін қан кешіп жүріп жасаймынн деген ұстанымға бекінеді. Мемлекетті қызметте болса да, партбилетін төс қалтасында көтеріп жүріп 5 уақыт намазын оқып, қосымша білім алуын тоқтатпаған екен. Зейнетке шыққаннан кейін тек ғылым-біліммен айналысқан.

Атасы туралы әжесінің, әкесінің әңгімелерінен ғана білетін. Мәскеуде докторлық кандидатурасын қорғаған алғашқылардың бірі болған. Ал ол кезеңде азиялықтардың кандидатурасының өтуі қиын шаруа еді. Әкесі Шәди атасын түндерде көлікпен сол уақытта облыс имамы болған – Шүкірлә дамланың (ұстаз, мұғалім деген мағынада) үйіне апарып, есіктің алдында торуылдап отыратын көрінеді. Шәди ата ішке кіріп, арабша дәріс алып шыққан соң, көлікпен әкесі екеуі үйге қайтады.

Жалпы, осы сынды әңгімелерді көптеп естіп өскен соң, бала күнінен Шәди атасы үлгі тұту моделі болды. Сол кісі немен айналысса, ол да сонымен айналысқысы келетін. Ол 1 жасқа енді толған кезде атасы Алланың рақыметіне қайтса да, артында мирас болатын үлкен кітапхана қалдырып кетті. Мактабасында (араб тілінен «кітапхана», «кітап дүкені» мағыналарын береді) түрлі ғылымдарға қатысты бірнеше тілде жазылған еңбектер болатын. Бала кезде жүгіріп ойнап жүріп сыртынан қызыға қарайтын-ды. Баһадүр Йенишеһирлиоғлұ есімді түрік актері бір сұхбатында «Үйіңізде кітапханаңыз болсын. Сол кітапханада балаңызға арнайы кітап сөресін жасап беріңіз. Солай оны кітап оқуға қызықтыра аласыз» дегені бар-тын. Шынында, үйде кітап сөресінің тұруы, оларды бала күнінен кітап оқуға баулыды.

Сол Шәди атасының коллекциясында ол өзі жастай танысқан және сүйікті жазушысына айналған Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмс туралы шығармаларының барлық бөлімі болатын. Оның дедукциясы, мәселелерді шешуі, қиын қылмыстарды ашуы бала көңілді ерекше әсерлендіріп, өзіне баурап алған еді. Әкесінің айтуы бойынша, Артур Конан Дойл Англияда орын алған шынайы қылмыстық істерді шығармаларында Шерлок Холмс деп аталатын ойдан құралған кейіпкердің атынан шешіп отырған. Ойдан құралған кейіпкерді шын өмірде болған деп ойлап, таным тереңдігі тұрғысынан еліктеуге тырысатын. Түрлі шет тілдерін үйренуге де біршама деңгейде әсерін тиізген осы Шерлок Холмс туралы жазбалар болды деп ойлайды. Себебі Конан Дойл өз кейіпкерін ағылшын, неміс, итальян, француз, орыс, латын, грек тілдерін білетін полиглот етіп суреттеген. Мәселен, «Сайтанның ақыры» (ағыл. The Adventure of the Devil’s Foot) атты әңгімесінде Холмс көне корн (индо-еуропалық тіл отбасына жататын, кельт тобының брит тармағына кіреді) тілін үйрену үшін Корнуолл деген жерге барғаны әлі есінде. Ең қызығы, шығарма желісі бойынша Шерлок Холмс ол тілді араб тілімен тектес деп ойлайды. Кейін өзі арабистика саласын таңдап, зерттегеннен соң, әлбетте, олай емес екенін білді.

“Vox populi, vox Dei” немесе “Omne ignotum pro magnifico” деген сынды сөздерінен, атақты ізкесердің латын тілінен хабары болғанын білеміз. Ал немісше білетінін “Rache” деген сөздің мағынасын дұрыс тапқанынан түсінеміз. Неміс тілінде ол «кек» деген мағына береді. Жанындағы Лестрейд оны қыз баланың есіі деп ойлап қателеседі. Сонымен қоса атақты неміс ақыны Гётенің “Wir sind gewohnt das die Menschen verhohnen was sie nicht verstehen” деген жолдарын неміс тілінде келтіреді. «Бос үй» (ағыл. The empty House) атты шығармада Шерлок Холмс Суданның астанасы Хартум қаласына және басқа да Таяу Шығыс елдеріне сапар шегеді. Егер де Конан Дойлдың араб тілінде де сөйлер ме еді?! Шерлок Холмс шығармаларынан осы сынды мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Біздің түрлі тілдерді үйренуге деген қызығушылығымыздың артында осындай background (ағылшын тілінде адамның өткен шағына немесе жүріп өткен жолына қатысты қолданылатын сөз) тұрған болуы да мүмкін. Себебі адам өзі тұтынған, оқыған, көрген, естіген нәрселерінің симбиозына айналады. Тілдерді үйренуге түрткі болған, қызығушылықты оятқан не нәрсе болды деген сауалға осындай кіріспені қамтыған extraordinary (ағылшын тілінен «қарапайым емес», «бейәдет» деген мағына беретін сөз) жауап болсын.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: