14:05 Сырттай бағалау | |
ҰБТ ЖІТІ НАЗАРДА Жалпы орта білім берудің басы-қасында жүрген кез келген мектеп үшін сырттай
бағалаудың бір түрі Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындық – жауапкершілігі
пәрменді маңызды шара, межелі сын. Осы сынақ мектеп әкімшілігінен һәм ондағы
пән мұғалімдерінен нағыз іскерлік қабілеттердің барлық тетігі тежелмей қызмет
еткенін талап етеді. Онымен қоймай осынау сырттай бағалауды
бақылау-қадағалаудың өзі салмақтың үстіне салмақ жүктейді тағы. Жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебіне оқу ордасының
ҰБТ-2014-ке дайындығын тексеру мақсатымен Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары
А.Қасымова және Лебяжі аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Еркенов арнайы ат
басын бұрды. Мектептегі Тұңғыш Президент кабинетінде өткізілген кеңес-жиналысқа
11 сынып оқушылары, олардың ата-аналары, пән мұғалімдері, мектеп әкімшілігі
шақырылды. Жиналысты ашқан мектеп директоры А.Белгібаева ауданнан келген өкілдерге
мектептегі қазіргі хал-ахуал жайында қысқаша мәлімдеме жасады. Оқу ісінің
меңгерушісі әрі ҰБТ бойынша техникалық хатшы Б.Ибраһим өз кезегінде таяу
болашақтағы мектеп түлектерінің ҰБТ-ға дайындығының қазіргі таңдағы жағдайын
жинаған ұпай қорларының орташа көрсеткіштерін, ақпан мен қаңтар айлары
қорытындыларын салыстырмалы мониторинг тұрғысынан диагностикалады, атқарылып
отырған шаралардың тиімділігін сараптады, әр оқушыға жеке тоқталды. Аудан әкімі
орынбасары Алма Жантенқызының да, білім бөлімінің басшысы Ерсін Еркінұлының
алдында да аудан мектептерінің ҰБТ бойынша көрсеткіштері түзілген ақпараттық
мәліметтер сайрап жатты, сондықтан көрсеткіштерді асыра көрсету, жасыра паш ету
әрекеттері жүзеге аспайтын еді. Е.Еркенов кеңеске қатысып отырған 11 сынып оқушыларымен ҰБТ ережелері
хақында ашық әңгіме құрды. Жалпы, ҰБТ-ге қатысу – әр оқушының ерікті қадамы. Жоғары
оқу орнына түсуге ниеттенген талапкерлер үшін бұл сыннан өту басты міндеттің
бірі саналса, колледж я лицейде оқумен ғана шектелген немесе өз дайындық
деңгейіне күмәнмен қарайтын мектеп түлектері қисыны қиын әрі жүйкені жұқартар
осынау сынаққа қатыспай, мектепте дәстүрлі емтихандар тапсыруға да болатыны
тілге тиек етілді. Көрсеткіштерге үнілген А.Қасымова өз кезегінде жиналысқа
келген пән мұғалімдері Ш.Берденнен, Н.Елеусізовадан, М.Оспановадан,
Ә.Апсаликовадан дайындық үрдісі жайында сыр тартты, ұсыныстарды қаперге алды.
Арнайы шақырылған ата-аналарды ортақ әңгімеге тартты. Айта кету керек, биылғы оқу жылында Бесқарағай жалпы орта білім беретін
мектебінен 11 сыныптың екі оқушысы «Алтын белгіге» үміткерлер қатарында.
Сондықтан да сырттай назар айырықша. Не керек, екі үміткер де оқу жылы басынан
бері ұдайы дайындық толқынында аянып қалмай тер төгуде. Мектептегі әзірлікті
былай қоғанда, демалыс уақыттарында да, кейде апталап-айлап та аймақ орталығы
Павлодардағы тәжірибесі мықты деген іргелі оқу орындарының табалдырығын да
тоздыруда. Жинап жүрген ұпай қорлары да бірде шарықтаса, бірде жетіңкіремей де
қалады. «Бой бермей» жүрген пәндердің ішінде математика және Қазақстан тарихы
қылаң беріп қалады. Соған қарамастан үміткерлер қағажу-қажу білдіртпей,
діттеген мақсат-межеге жетеміз деп үмітті. Жиналыс кезінде ҰБТ аясындағы келелі мәселелер де ортаға салынды. Айталық,
бір ата-ана ауданнан келген өкілдерге Лебяжі ауданы орталығы Аққуда ҰБТ өткізу
пунктін немесе ҰБТ-ге сапалы дайындық жүргізетін әдістемелік орталықты неге
ашпасқа деген өтініш-тілекті кесе-көлденең етіп бір тартса, мектеп түлектерін
осынау жауапты сынаққа дайындауда психологиялық қызмет сапасын жақсарту жолында
тиімді әдіс-амалдарды ұдайы ұйымдастыру қажеттігін ұсынды. Кеңес соңында барлық тараптар ҰБТ-ге дайындық жұмыстарын инновациялық
әдіс-тәсілдер арқылы сапаландыру қажеттігін бір ауыздан түйіндеді. Бегімхан
КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай
ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |