10:37 Шұғылалы шешендік | |
ҚАЗЫБЕКТІҢ АТ ДАУЫН ШЕШУІ Бір үлкен ас болып, сол аста бәйгеге шапқан қаншама аттың алдынан бір қара жал құла жеке-дара озып келіпті. Асқа жиналған топтың ішінен бір адам: - Мынау менің тай күнінде жоғалтқан атым, - деп аттың шылбырына жармасады. Атты қосып отырған иесі: - Жоқ, бұл жүлдем жала, өзімнің кер биемнен туған қол тума малым, - дейді. Көпшілік екі жағына да «сенікі жөн» деп айта алмай содан барып Қазыбектің туған әкесі Келдібек биге жүгініске келеді. Бірақ екі даугердің сөзін тыңдаған Келдібек «ат сенікі» деп кесіп айта алмай, дағдарып отырып қалады. Екі даугердің айтқан дәлеліне құлақ түре жүріп, оған билік айта алмай дағдарған әкесін байқап, жеті жасар Қазыбек: - Сен қалай танығыш болып алдың? – деп даугерлердің біріне сұрақ қояды. - Мен енесін көрсем, одан туған төлін, төлін көрсем енесін жаза баспай танимын, - деп жауап береді, атын тай күнінде жоғалтқан адам. Сонда Қазыбек атты бәйгеге қосқан адамға. - Кәні, сіз қалай мал танығышсыз? – дейді. - Мен енесін бір көрсем, ішіндегі құлынын туғаннан кейін сол биеден туғанын бұлжытпай танимын, - дейді. Сонда Қазыбек тұрып: - Жарайды. Енді екеуің бар да, анау жүрген қозыдан екі қозы ұстап келіңдер, - дейді. Олар барып алып келгенде: - Қозыны көгендеп қойыңыздар да, өрістегі қойдан өзді-өзің әкелген қозының енесін алып келіңдер, - дейді. Екі даугер өрістегі екі саулықты алып келіп қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан адам әкелген саулық қозыдан жериді, қозы да жатсынып саулыққа дауымайды. Ал тай күнінде жоғалттым деген адам саулыққа қозысын салғанда енесі еміреніп тұра қалады. Қозы бауырына кіріп еме береді. Қазыбек көпшілікке қарап: - Кәне, халайық, бұған сіздер не айтасыздар? – дегенде, көпшілік бір ауыздан: «Ат тай күнінде жоғалтқан адамдікі» - деген екен. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |