09:04
Сөз-сөйлеу сырлары

СӨЙЛЕУДЕН КЕЙІН...

Қорытынды сөз қалай айтылады?

Сөйлеушінің тағы бір үлкен қателігі – қорытынды сөзді елеусіз қалдырып, дайындықсыз сөйлейтіні. Себебі сіздің сөзіңіздегі соңғы 30 секунд адамдардың есінде жақсы сақталады. Мәселен, сізге қатарынан 20 сөз оқыса (қарындаш, қалам, конверт, кітап, тағдыр т.б.), сіз басындағы «қарындаш, қалам» деген сөздерді және соңғы сөзді жақсы есте сақтайсыз да, ортаңғы сөздер толықтай есіңізде қалмауы мүмкін. Сондықтан бастапқы бөлімге мықтап дайындалып, соңынан «Әңгімемді немен аяқтаймын?» деген сұраққа жауап іздеп, соңғы 30 секундта сөзіңізді жақсылап топшылап, қорытындылаңыз. Сіз сөйлеген жиналысқа кешігіп қалып, соңғы минутында кіріп келген болса, соңғы бір ауыз сөзіңізден бүкіл жиналыс бойы жобамен не айтқаныңызды түсініп алатйындай болуы керек. Яғни, соңғы сөйлеміңізде бұған дейін айтылған барлық әңгіме қамтылып, бір ауыз сөзбен жеткізе білу керексіз. Бұл бірақ ортаңғы бөлімге немқұрайлы қараңыз деген сөз емес. Әңгіме немен басталып, немен аяқталатынын анық білген адам – айтар ойынан адаспайды. Көп жағдайда кездесетін «Тыңдағандарыңызға рахмет, менің сөзім осымен бітті», «Басқа не айтамыз енді» деген сөздер аудиторияның темпін түсіріп жібереді. Көп жиындарда, әсіресе, мұғалімдерден байқаймыз, сұрақ-жауап бөлімін соңына қалдырып жатады. Бұл кейде дұрыс емес нәтиже беруі мүмкін. Сіз әбден тыңғылықты дайындалып, керемет сөйлеп шықсаңыз да, сұрақ қою кезінде дұрыс жауап бере алмай қалсаңыз, адамдардың есінде дәл сол қалпыңызда қалып қоясыз. Сол себепті, сұрақ-жауапты ортаңғы сәттерде өткізіп, соңында сөзіңізді әдемі қорытындылауға тырысыңыз.

Қорытынды сөздің маңыздылығы алғашқы сөздікінен асып түспесе, кем емес. Себебі кіріспеңіздің ерекшелігіне қарап сізді тыңдау-тыңдамауды шешсе, қорытындыңыздың өтімділігіне қарай сізді сыйлау-сыйламауды шешеді. Спорттық сайыстарда да соңғы секундтарда белсенділік танытқан спортшыға қазылар алқасы жеңісті бергенін талай мәрте көрген шығарсыз. Аудиторияның есінде ең керемет эмоция сыйлаған сәттер мен соңғы сөзіңіз қалатынын айтып өтті. Сонымен, сөзіңізді әдемі қорытындылау үшін бірнеше кеңестер ұсынамыз, қойын дәптеріңізге түртіп алыңыз:

  • Соңғы сөзіңіз барынша қысқа сөздерден құралғаны дұрыс. Шұбыртпалы сөйлемнен аулақ болыңыз.
  • Сөз басындағы ақпаратты, сөзіңіз не жайлы болғанын қысқаша кері айтып шығыңыз. Және аудиторияға жеткізгіңіз келген ойды тағы еске салып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтыңыз.
  • Еш уақытта сөзіңізді «Осымен маған берілген уақыт тамам» деп аяқтамаңыз. Бұл көрерменнің көңілінде аяқталмай қалған шаруа сезімін тудырады. Адамдар бала секілді бір орында отыра алмай кетсе де, сөзді соңына дейін тыңдап, «гештальтты жауып» шыққанды құп көреді.
  • Сөзіңізді аудиоторияның есінде қалаытндай етіп қорытындылаңыз. Сәтті қорытындыдан соң келген әр адамның есінде сіздің соңғы айтқан сөзіңіз қалуы тиіс. Ол үшін тақырыпқа қатысты әлемге танымал адамның айтқан сөзі, цитатасын пайдалансаңыз болады. Егер айтылған сөз тақырыбыңызды аша білсе, сіздің абыройыңыз сол сөздің авторының абыройымен теңесіп, көтеріледі. Себебі айтушы өзге болғанымен, жеткізуші – сіз.
  • Ерекше қорытындылаңыз. Қалай? өзіңіздің басыңыздан кешкен қызықты немесе көпке ой салатын қысқа оқиғаңызбен өлісіңіз (уақыт регламентін есте ұстаңыз). Адамдарға түсініксіз терминдерге қарағанда, шынайы оқиғалар әрдайым қызық. Ол жерде сіздің сезімдеріңіз бен өміріңіз баяндалады.
  • Аудиторияға уақытын бөліп келгені үшін, ұйымдастырушыларға керемет кеш ұйымдастырғаны үшін алғыс айтуды ұмытпаңыз. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 10 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: