21:56 Сөз-сөйлеу сырлары | |
СӨЙЛЕУДЕН КЕЙІН... Жеке стиліңізді қалыптастырыңыз Алғаш рет көпшілік алдына шығып, сөйлеу өнеріңізді енді ғана шыңдап бастаған адам болсаңыз, белгілі бір адамның даусымен сөйлеп, жүріс-тұрысына еліктеуге болады. Бірақ еліктеудің ең қауіпті тұсы – сол адамның идеясына дейін көшіріп алу, сол адамның пікірлесі болып қаласыз. Ал сіздің өмірлік принциптеріңіз, пікіріңіз қарама-қайшы келуі мүмкін, бірақ сіз бейсаналы түрде көшірме болып кетесіз. Өзіңізге ұстаз ретінде қабылдап, үйренеріңіз бар адамды табыңыз, бірақ тлық көшіруге тырыспаңыз. Қолдың қозғалысы, қимыл, жүріс-тұрыс – барлығы сіздің ішкі эмоцияңызбен байланысты болу керек. Біреудің даусын, біреудің сөзін, жүріс-тұрысын қайталамаңыз. Әлемге ендігі Стив Джобс керек емес, ендігі Тұңғышбай Жаманқұлов керек емес, екінші Тұрсынбек Қабатов керек емес. Әлемге сіз керексіз! Сіздің жеке дара болмысыңыз қалыптасу керек. Жастық шіркін қоя ма еліктетпей, Ол кезде жас жүректе желік көп қой. Сөйтіп жүріп таптым мен өз жолымды, Еліктеткен ерлерге еріп кетпей. Бастапқы сөйлеуші болсаңыз, еліктеңіз, әркімнің бір жақсы қасиетін алыңыз, жеке сөйлеу мәнеріңізді қалыптастырыңыз. Бірде Астана қаласында белгілі пародист, актер Олжас Сыдықбекпен сұхбаттасып қалды. Шығармашылығы туралы, өнері туралы сұраған кезде пародия жанрында қазір кішкене қиындық туып жатқанын айтты. Себебін сұрағанында, біздің Қазақстанда сөйлеу өнері ерекше, өзіндік сөйлеу стилі қалыптасқан адамдар аз. Екі-үш қана кісінің пародиясын айналдырып салуға тура келетінін алға тартты. Есіңізге түсіріп көріңізші, біздің елде «Көңілді тапқырлар клубында» болсын, кез келген театр көріністерінде болсын, ең жиі пародия жасалатын тұлғалар кімдер еді? Иә, Нұрсұлтан Назарбаев пен Иманғали Тасмағанбетов және Жүрсін Ерман мен Бекболат Тілеухан. Осы тұлғалардың ғана ел алдында сөйлеу стилі ерекше есте қаларлықтай. Басқа кісілерге пародия салғанда сол кісінің әнін айтып, өлеңін оқып немесе авторлық туындысын көрсеткен кезде ғана халық тануы мүмкін. Тіпті түрін келістіріп сахнаға шықпай-ақ, радиодан естісе де, тану мүмкіндігі жоғары. Бұл дегеніміз біздің елде жеке тұлғалық болмысты қалыптастырудың ақсап жатқандығын көрсетеді. Көрші Ресейде саясаткерден бастап, спорт комментаторларына дейін бірден тани аласыз. Олар сөйлеу стилі мен жеке бренд қалыптастыруға аса ұқыптылықпен қарайтынын осы жерде аңғарамыз. Сіз де дауысыңызды қойып, қимылдарыңызды бақылап, сөйлеу мәнеріңізге ден қою арқылы өз жеке болмысыңызды табыңыз. Халыққа ұсыныңыз. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
