11:43 Сөз-сөйлеу сырлары | |
ОРАТОРДЫҢ КИІМІ Киім – мінез-құлық төрешісі, иесінің әрекетіне де әсер етеді. Майя Плисецкая Ежелгі Африкада сөйлеуші адамның уақыт регламентін белгілеу үшін қолданылатын тәсіл – бір аяқты көтеріп тұру болған. Яғни, сөйлеу уақытың аяғың талғанша ғана. Ал ораторлар көп шықты деген римде сөйлеушілер алаңға, ашық стадионға жиналатын болған. Бұл жерде сөйлеушіге де, тыңдаушыға да күннен қорғанатын шатыр тігілмейтін еді. Қайнап тұрған күннің астында сен қанша уақыт сөйлей аласың немесе қайнап тұрған күннің астында отырған тыңдаушыларды сен әрмен қарай ұстай аласың ба, сенің сөйлеу құдіретің жете ме деген сұрақ қой. Тарихта ең ұзақ сөйлеген адам – Фидель кастро. Ол 7 сағат 10 минут бойы аудиториясын қозғалтпай ұстап отырған. Нәтижесінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. (Бұл рекродты жаңартуға тырысудың қажеті жоқ деп ойлаймыз). Тыңдаушылардың кетіп қалу құқығы болса да, олар тыңдап отырған. Оратор ойын анық әрі қызықты жеткізсе, аудитория ешқайда кетпейді. Оған ол өзі куә. Талай айтыс сахнасында киіз үйлердің шатыры ұшқан дауылда да, нөсерлетіп жауған жауында да тапжылмай тыңдап отырған көрермендерді көрді. Немесе түркия мемлекетінің басшысы реджеп Таип Ердоғанның президенттік сайлау алдында алаңға жиналған халықтың алдында қалай сөйлегенін көрсеңіз болады. Саяси тақырыпта сөйлеу барлық адамды қызықтыра бермесе де, оның қағазға қарамауы, қолын сермеуі, сайлаушыларға рух беретіндей тіл қатуы қаншама халықты ұйытып ұстап тұрды емес пе?! Көпшілік алдында сөйлеу – бұл роман оқу емес. Мимикаңызға, қимылыңызға, даусыңызға мән беріңіз. Және көп оқырмандар білетін, білсе де іске асырмайтын қарапайым ғана ереже бар: ол – оратордың киіміне қатысты болған ережелер. Көзіңізге елестетіп көріңізші. Сізге бизнесте серіктес болу үшін екі адам ұсыныс айтып келсе. Біріншісі – үсті-басы суреттен, яғни татуировкадан көрінбейтін, көзіне қара көзілдірік киіп, жыртық джинсымен алдыңызға жайғасқан адам. Екіншісі қара костюм-шалбармен қолына портфель ұстаған кісі делік. Екеуінің қайсысымен серіктес болуға келісер едіңіз? Қай киімдегі адаммен кәсіп туралы, ақша жайлы күмәнсіз сөйлесуге болады? Әлбетте, екінші персонаж әлде қайда сенімді адам екенін оның киген киімі айтып тұр. Атақты психолог Адам Галинский «Симпсоны» деген мультфильмді көріп отырып, мына бір қызық оқиғаға назар аударған: сабаққа келген оқушылар мектеп формасына сәйкес үстіне сұр түсті киім киіп отырады. Барлығы салмақты, сабырлы, тәртіппен қол көтереді. Бір уақытта жауын жауа бастайды. Балалардың киіміне су тиіп, сұр түсті киім ала-құла, түрлі-түсті киімге айналады. Сол кезде сыныпта ойын-күлкі, секіру, билеу, мұғалімді тыңдамау – еркінсу пайда болады. Себебі киіміміз түрлі-түсті, бізге барлығы рұқсат деген ой оқушылардың басына келген (бұл мультфильмді балаларыңызға көрсетпей-ақ қойған абзал, тәлім-тәрбиесі кереметтей мультфильм емес). Түбегейлі зерттеп көруді мақсат еткен Галинский бір топ студентті жинап эксперимент өткізеді. Олардың жартысына ақ халат беріп, оны дәрігерлердің халаты деп таныстырады. Екінші топқа да дәл сондай ақ халат беріп, бұл суретшілердің ақ халаты дегенді айтады. Нақты тапсырма ретінде шашылған екі аудиторияны жинауды ұсынады. Дәрігерлердің ақ халаты деп киген студенттер жұмысты өте мұқият, соңына дейін жауапкершілікпен тиянақты атқарса, екінші топ емін-еркін, үстелде отырып, арасында кофе ішіп, әзілдесіп, еркінсу жағдайында бітірген екен. Бұл адам үстіндегі киімнің сөйлейтін сөзіне, мәнеріне, іс-әрекетіне септігін тигізетініні көрсетеді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |