13:30 Сөз-сөйлеу сырлары | |
СОНДА СӨЗДІ ҚАЛАЙ ӘРІ НЕДЕН БАСТАУЫМЫЗ КЕРЕК? Аудиторияның назарын қарату үшін сізге алғашқы 1 минут беріледі. Осы уақыт ішінде адам назарын аударатын нәрсе көрмесе немесе естімесе, ол аудиторияны әрі қарай ұстап отыру қиын. Сол себепті алғашқы 1 минутта халықты өзіңізге баурап алыңыз, міндетті түрде әңгімеңіз:
Басыңыздан өткен оқиға дегенге өмірбаяныңызды айтып өзіңізге ғана қызықты, әрі өзіңіз ғана түсінетін әңгімені баяндап жүрмеңіз. Ал сұрақ қойғанда, кей сұрақтарыңызға аудитория қол көтеріп, даусын шығарып жауап бере алмауы мүмкін. Сондай уақытта үнсіздікпен болса да, халықтың кері байланысын сезініңіз. Сондықтан кез келген ортаға барғанда қызықты анекдот-статистикаларыңыз, қызықты оқиғаңыз, логикалық-риторикалық сұрағыңыз, ғибратты әңгімелеріңіз дайын болсын. Әрі осындай қызықты статистикаларды қазіргі сәтпен, өз әңгімеңізбен байланыстыра біліңіз. Мысалы, Алматы қаласында шешендік өнерге қатысты өткен шеберлік сағатын ол: «Әлемде әр 3 секундта 1 нәресте дүниеге келеді екен. Сол бала туыла салып сөйлемейтінін біз жақсы білеміз. Тілі шыққанша күтеміз. Ол көңіл-күйін эмоциясымен ғана білдіреді. Дүниеде сол баланың денсаулығына алаңдамайтын адам жоқ. «Бала ауырған жаман» деген сөз бар, иә? Неге ата ауырған жаман емес, неге көке ауырған жаман емес? Неге бала ауырған жаман?» - деп, қызықты статистикадан бастап, қазіргі сәтпен байланыстырып, сұрақпен жалғадым. Аудитория осы кезде ойланып, олардың тарапынан әртүрлі жауап келе бастады. Халықты тыңдап болған соң олардың пікірін де теріске шығармай өз жауабымды ұсындым: «Сіздердікі де дұрыс, бірақ «Бала ауырған жаман» деген сөз – сәби нақты қай жері ауырып тұрғанын айта алмағандықтан пайда болған сөз ғой. Шөлдеп тұрғанын, тоңып тұрғанын, ыстықтағанын айта алмайды. Жанына не батып, не қалап тұрғанын жеткізе алмаған соң нәрестенің мазасы қашып жылайды. Оның тілін таба алмай ата-анасы да әуре-сарсаңға түседі. Үлкендер арасында да солай, сөйлей алмайтын адам пікірін іште сақтап булығып жүрген адамның үнемі мазасы қашып жүреді. Ойын ашып айта алмайды, қалауын дұрыс жеткізе алмайды». Қараңызшы, әңгімені «әр 3 секундта 1 бала дүниеге келеді» деген қызықты статистикадан бастады да, ақырын-ақырын өз тақырыбына қарай ыңғайлап алды. Екінші қадам – аудиторияға сұрақ қойды. Бірден халықпен байланыс орнатуға тырысты. Егер дәл сол жиынды ол: «Қайырлы күн, достар! Менің атым – Жандарбек Бұлғақов. Мен бүгін сіздерге «Сөз өнері» туралы айтсам деп отаға шығып ұтрмын», - деп бастаған болса, одан кейінгі сөздерінің халыққа өтуі де, жетуі де күмән туғызар еді. Сіз, мейлі, қысқа-нұсқа он мақал біліңіз, бес афоризм жаттаңыз, нақты дәлелденген қызықты статистикалар тізбегін біліңіз, ең бастысы – дәл сол сәтпен байланыстырып айтсаңыз, тыңдаушыларға әсер ететініне күмәніңіз болмасын. Тіпті ағылшын жазушысы, сатирик Джером Клапка «Трое в лодке» атты шығармасының алғашқы сөйлемін «Нас было четверо...» деп бастауы оқырманды әрмен қарай қызықтыру үшін қолданғанын ұмытпаңыз. Сондай-ақ, алдын-ала мақсатты аудиторияңызды анықтап алыңыз. Аудиторияның проблемасын зерттеп, жанды жеріне тиетін фактілерді табыңыз. Сіздің алғашқы сөзіңіз проблемадан басталып, әрі қарай мұның шешімі қандай екен деген интрига туғыза білу керек. «Үлкен қыздың жасауы жақсы болса, кіші қыздың өтуі жеңіл болады» дегендей, алғашқы сөз сіздің бұдан кейін айтылатын сөзіңіздің өтімді болуына көмектесетін орасан күшке ие. Мүмкіндігінше өзіңізге дейін және өзіңізден кейін сөйлеген адамның тақырыбын зерттеп алыңыз. Әйтпесе бірінші сөйлеген спикердің сөзін қайталап айтып жататын жиындар жиі кездеседі. Ондай жағдайда спикер танысыңыз болса, алдын-ала тақырыпты өзара талқылап, халыққа әртүрлі ақпарат беруді жоспарлап келісіп алыңыз. Таңғы уақытта ел алдында сөйлеудің, ән айтудың, сұхбат өткізудің өзіндік қиындықтары болады. Ел ұйқысын аша алмай, сол күнін ойша жоспарлап, әркім өз ойымен әлек болып кетуі мүмкін. Түстен кейін болатын жиындарда халық түскі ас ішіп келетіндіктен, ұйқысы келіп, маужырап отырады. Бұл екі уақытта да талай мәрте халықпен жүздесіп, сұхбаттар өткізіп, іс-шаралардың тізгінін ұстап сахнаға шығып көргендіктен бұл проблемалармен кездесіп және олардың шешілу жолдарын қарастырып та көрді. Сіз жоспарлаған жиналыс немесе сұхбат осындай уақытпен тұспа-тұс келсе, мейлінше сергіту жұмыстарын жасап отырыңыз: жалпыға ортақ жаттығу жасату, жұмбақ жасырып, мақал айтқызу т.с.с. Аудиторияға жалпылама тапсырма берсеңіз, біз бір ұжымбыз, бір командамыз деген сезім пайда болады, ал біртұтас командаға сөзіңізді өткізу оңай болады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |