12:08 Сөз-сөйлеу сырлары | |
ОРАТОРЛЫҚ ӨНЕР НЕ ҮШІН немесе КІМ ҮШІН ҚАЖЕТ? Сынаптай сырғып өтер мына дәурен, Тірлікте сыйласа біл іні-ағаңмен. Бірнеше тіл білгеннен пайда бар ма, Тіл табыса алмасаң бір адаммен? Ораторлық өнердің негізгі миссиясы – керемет сөйлеу емес, қандай да бір сөз арқылы бір істі жүзеге асыру. Шешендік өнер ежелде тек дау-дамайды шешіп, бітім орнатқан болса, қазіргі таңда өмірдің барлық бағыты мен өнердің барлық саласы сөйлеу шеберлігін талап етеді. Сахнада жарқырау үшін, тауарды өткізу үшін, келіссөз жүргізу үшін, бизнесте басшылық ету үшін, тіпті отбасында жұбайыңмен жарасымды өмір сүріп, балаңыздың тілін табу үшін де – сөйлеу шеберлігі қажет. Яғни, сатушы болсаң, сат; адвокат болсаң, қорғап ал; дәрігер болсаң, әуелі адамның жанын емде. Демек, риторика – барлық өнердің патшасы. Ұстазы Балғынбек Имаш ағасымен бір өңірге барып (құпия боп қала берсін) қала басшысының қабылдауына кіргелі тұрған. Көпбалалы аналар өкіметке өкпесін айтып, көтеріліске шығып жүрген кез еді. Бір апасы он бес шақты қыз-келіншекті бастап, әкімдіктің алдына келіп тұр екен. Әкімдік бірден кіргізе қоймаған соң, аптап ыстықтың астында екі сағаттай шыжып тұрды. Жақынырақ барып, жанашырлық танытып сұхбаттасты. Ереуілді бастап келген апасының үйінде су құбыры бұзылып қалыпты. Тағы бір көпбалалы ананың жол жүру құжатының мерзімі өтіп кетуіне байланысты қоғамдық көлікпен жүру мүмкіндігінен айырылған. Соған ыза болып, әкімге кіргелі тұр... Әрқайсысымен сұхбаттаса келе су құбырын жөндеу 45 мың теңге, жол жүру құжаты 5 мың теңгелік шаруа екенін ұқты. Ереуілдеп келген топтың негізгі жұмыстары осы сумма төңірегінде екен. Алаңға шығып, телеарналарды шақырып шулататындай шаруа еместігіне көздері анық жетті. Әкімшілікке кірген бойда өздерінің шаруасын ысырып қойып, сыртта қалған нәзік жандылардың мәселесін алға тартты. «Жұмыс істемейтін адамның көмекшісі көп болады» демекші, бізді әкімнің екі бірдей орынбасары күтіп алды. Екеуі де «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген азаматтар. «Далаға шығып, көпбалалы аналардың шағымын тыңдап, неге мәмілеге келмейсіздер?» деген сұрағына: «Ойбай, сыртқы шықсақ, ол әйелдер бізді талап жеп қояды ғой!» деген жауап алды. Проблеманы шешудің емес, проблемадан қашып құтылудың жолын дұрыс деп тауыпты. «Бір кейуана мен он бес келіншектің тілін таба алмаса, тұтас елге қалай қызмет еткелі жүр екен?» деген сұраұ көкейінде тұрып алды... Мемлекет қаражатымен шетелден білім алып келген екі азамат та қарапайым халықпен тіл табысу әдісін білмей тұр. Ағайынның ашуын басып, сабырға шақыратын сөз таба алмай, бастарын құмға тыққан түйеқұстай әкімдік ішінде тығылып отыруға мәжбүр. Кішкентай-ақ мәселе, бірақ шешудің ҚАЗАҚИ жолын таба алмай отырған білімді азаматтар... Ел ішінде қызметтің әртүрлі сатысында жүрген кісілер «жиналыста сөйлейтін сөзімнің мәтінін жазып бересіз бе?» деп өтініш білдіріп жатады. Немесе әлеуметтік желіде «тойда сөйлейтін едім, ерекше тілек тауып беріңізші, балам жарысқа қатысушы еді, қалай сөйлегені дұрыс болады?» деп ақыл-кеңес сұрайтын ата-аналар да көп. Осындай өтініштер мен сауалдарға жеке-жеке жауап беру мүмкін болмағандықтан, осы салаға қызығушылығы бар жандарды бір топқа жинай отырып, «Сөз қадірі – өз қадірің» атты шешендік өнерге баулитын курс ұйымдастырған болатын. Әуелде бір топпен ғана жұмыс жасап, негізгі бағыт-бағдарды ғана көрсету жоспарымен ұйымдастырылған дәрісі алты айға созылды. Себебі қатысушылар өте көп. Қатысушылардың көптігі – бұл салада проблеманың көптігін дәлелдеп тұр ғой. Ораторлық курсы карантинге байланысты әлеуметтік желі арқылы өтті. Әр өңірден, әртүрлі мамандық иелері тіркеліп, бас-аяғы 2000 адаммен 6 ай бойы жұмыс істеді. Жарты жыл ішінде әр топтағы қатысушылармен жеке танысып, ораторлық өнерді үйренуге не нәрсе себеп болғандарын білгісі келді. Бірі ел алдына шықса қобалжитынын айтты. Бірі есте сақтау қабілеті нашар екенін айтса, енді бірі сөздік қордың жоқтығын алға тартты. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |