12:04 Сөз-сөйлеу сырлары | |
СӨЙЛЕУГЕ ДЕЙІН ҚАНДАЙ ДАЙЫНДЫҚ ҚАЖЕТ? 7. Өзіңізді төмендетпеңіз – сахнаға шыққан соң, өзіңіз туралы теріс пікір айтудан аулақ болыңыз. Көпшіліктің алдына шыққан соң: «Енді бәленше сияқты керемет емеспін, түгенше сияқты сөзшең емеспін, ондай болу қайда-а-а, бірақ сөз берілген екен, сөйлеп көрейін» деп, өзін өзгелермен салыстырып жататын қазақтың қанына сіңіп кеткен әдеті бар ғой. Сондай сөздерден, тіпті ойдан сақ болыңыз. Өзіңіз туралы ойыңыз жақсы болсын. Сонда сөзіңіз де өтімді болады. Сахнаға шыққан бойда өзіңіз туралы теріс пікір айтсаңыз, көріністің 80 пайызын желге ұшырдыңыз деген сөз. Әрі қарай байланыс орнату өте қиын болады. «Шынайы бол» неге шеңбердің дәл ортасында орналасқан? Себебі, айналасында орналасқан басқа қағидалардың барлығы шынайылықтың орбитасында айналып, бір ұшы соған келіп тіреледі. Қай қағиданы алып қарасаңыз да, шынайы болмысыңыз болмаса, өтімсіз болып қалады. Аудиторияға жасанды ойын ойнаудың қажеті жоқ. Бірақ, өмірде барлығы біз ойлағандай, біз жоспарлағандай бола бремейтіні анық. Жарық сөніп қалуы мүмкін, проектор істен шығуы мүмкін, сөзіңізді бөліп, төтесінен сұрақ қойып қлауы мүмкін. Сондай жағдайда не істейміз? Жағдаятқа бейімделеміз. Яғни, орбитадағы алты қағиданы алып тастасақ та, «шеңберді» сақтап қаламыз. Демек, осы қағидаларға қосымша: 8. Жұмсақ болыңыз – кез келген жоспардан тыс жағдай орын алғанда жағдаятқа салмақты қарау, бейімделіп, жұмсақтық таныту. Жағдайды ушықтырмай, сөзді доғарып қоймай, әрі қарай жалғастыруға жол таба білу. Бұл – ораторлық өнерді меңгеруге кіріспе ретінде берілген басты құралдар. Ертеде бір кісі көршісінің ұры екені жайлы жалған сөз таратып жүреді. Ел ішіне жалған ақпарат кеңінен таралып кеткендіктен тәртіп сақшылары ол азаматты тұтқындап, тергеуге ала бастайды. Бірақ нақты дәлел болмағандықтан біраз күндерден соң босатылады. Жігіт жала жапқан кісінің үстінен сотқа шағым түсіреді. Сотта ол кісі: «Бұл сөзді жай әншейін айта салған ем. Мен негізі еш жамандық ойлаған жоқпын», - деп ақтала бастайды. Сонда қазы: «Мен үкім шығарар бұрын сіз бір қағазға бұл жас жігіт жайлы не ойлайтыныңызды жазып, сосын ұсақтап жыртып, үйіңізге қайтарда көліктің терезесінен лақтырып жіберіңіз. Сот ісін ертең жалғастырамыз», - деп үйіне қайтарады. Келесі күні әлгі кісіден қазы енді барып кешегі шашып жіберген қағаздың бөлшектерін жинап, түгендеп алып келуін айтады. Оған ол кісі таңғалып: «Оны қалай жинамақпын? Ол қағаз бөлшектерін баяғыда-ақ жел ұшырып әкетті ғой. Оны қайдан табамын?!» - деп абдырап қалады. Сонда қазы оған: «Сіздің отыз тістен шыққан сөзіңіз де сол секілді. Айтылған бойда ел ішіне тарап кетеді. Оны қайтара алмайсыз. Ал ол сөз болған адамның өміріне, абыройына зиянын тигізіп жатады», - дейді. Егер бір адам жайлы жақсы сөз айта алмасаңыз, онда мүлде ештеңе айтпай-ақ қойғаныңыз жөн. өйткені «айтылған сөз – атылған оқ». Адам сөйлемей тұрып өз сөзінің қожайыны болса, сөйлеген соң сол сөзінің тұтқынына айналады. Өтірікші ақсақтан бұрын қолға түседі. Ал ғайбат айтушы ұрыдан да жаман. Ол адамның ар-намысына, сеніміне қол сұғады. Ал оны қайта қалпына келтіру өте қиын. Сөйлеуге дейінгі дайындыққа қаншалықты мән берсеңіз, ел алдындағы абыройыңыз да соншалықты қалыптасады. Жақсы дайындалып, сөйлейтін сөзіңіз орынды, көрінісіңіз керемет болса, жоғарыдағы оқиғада айтылғандай, халықтың ішіне сіздің жақсы сөздеріңіз тарайды. Дайындыққа атүсті қарасаңыз, сөзіңіз қисынсыз болып қалса, ол да тарайды. Ол сөзді еш уақытта кері қайтара алмайсыз. Аудиторияңыз бір адамнан тұрса да, мың адамнан болса да айтылған сөзіңіз ел арасында жайылып тарала беретініне сенімді болыңыз. Әрбір сөзіңізге мән беріңіз. Ішкі жай-күйіңізді эмоцияға берілмей, сөзді сүзгіден өткізіп барып сөйлеуге дағдыландырыңыз. Халыққа қандай кейіпте көрінгіңіз келсе, сондай деңгейде дайындық қажет. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |