10:47
Сөз-сөйлеу сырлары

СӨЙЛЕУГЕ ДЕЙІН ҚАНДАЙ ДАЙЫНДЫҚ ҚАЖЕТ?

Дайындықта тер төксең, соғыста қан төкпейсің.

Александр Суворов

Өміріміздің кез келген саласында міндетті түрде реттілік пен жүйе керек. Жақсы маман болу үшін жүйелі түрде жұмыс істеу керек, спорт шебері болу үшін жүйелі түрде спортпен айналысу керек, озат оқушы болу үшін жүйелі түрде білім алу қажет. Ораторлық өнерді де игеру оңай болу үшін, оның жүйесін, қағидаларын білу маңызды. Оқу-практика барысында туындайтын сұрақтарыңызға жауап табуға негіз болатын бірнеше қағида бар.

1. Шынайы болыңыз – бұл бар болмысыңыздың негізі. Өмірде болсын, өнерде болсын шынайылық ерекше қызмет атқарады. Ешқандай бетперде кимей, жалған ойын ойнамай өмір сүру үшін шынайылық қажет-ақ. Жасанды әрекет пен жоқты бар етіп көрсетуге тырысу – психологоиялық проблемаға (невроз) апарып соқтырады. Және адамдар ақымақ емес, сіздің жасандылығыңызды да, құшағыңызды айқара ашқан шынайылығыңызды да бірден байқайды. Сол себепті, ең басты жұмыс – ішкі жай-күйімізді ретке клетіру, шынайы болу.

2. Тыңдаушыңызды досыңыздай көріңіз – сіздің сөзіңізді тыңдауға келген әрбір көрермен сіз әлі танысып үлгермеген досыңыздай болсын. Мейлі залда 1 адам болсын, мейлі 10 немесе 100 адам болсын, барлығын досыңыздай жақсы көріңіз, қабылдаңыз. Егер сіз оларға достық пейіл көрсетсеңіз, олар да сізге соны қайтаратынын ескеріңіз. Осы орайда қайтадан бірінші қағидаға ораламыз – шынайы болыңыз! Дос сияқты көрінбеңіз, болыңыз.

3. Диалог құра біліңіз – енді елестетіңіз, сахнаға шықтыңыз, достарыңыздың ортасында тұрсыз, тоқтамай тек өзіңіз ғана сөйледіңіз. Қаншалықты қызықты? Іш пыстырарлық деуге болады. Сізді қызыға тыңдац үшін диалог құра біліңіз. Тек сахнада емес, келіссөз жүргізуде де, сауда-саттықта да бұл қағида тиімді. Мысалы, бір өнімді өткізу үшін тек өнімді мақтай беру жеткіліксіз. Тұтынушымен диалог құра білу керек: «Сізге бұл өнім несімен ұнады, не себепті алғыңыз келеді?» деген сияқты сұрақтар қою арқылы қызықтыра біліңіз.

4. Пайдалы сөз сөйлеңіз – адамдарға сіздің жеке өміріңіз қызықты емес. Аудиторияны өзіңізге қаратып, қызықтыра білу үшін, сөзіңізге сендіріп, соңыңыздан ерте білу үшін пайдалы ақпарат беріңіз. Неғұрлым көп пайда берсеңіз, соғұрлым сізге сенімділігі арта түседі, ұйып тыңдайтын болады. Пайдалы ақпарат беру үшін – адамдардың жанына батып жүрген проблемаларын шешудің жолын ұсыну. Яғни, белгілі бір мақсатты көздеп, міндетті атқару. Пайдалы ақпарат беру – жай ғана бос сөзбен уақыт өткізу емес, нақты сұрақтардың жауабын табу мақсатында құрылған коммуникация түрі. Мысалы, кішігірім отбасында бүгінгі бір күннің қалай өткенін баяндап айту – уақыт өткізу болады да, ал келіншегіңізге (жолдасыңызға) бала денсаулығына жүзудің пайдасын тізіп айтып, бассейнге апаруға көндіру – шешендік өнер болып табылады. Себебі сіз «баланы бассейнге апару» мақсатын қойып, шешу жолындағы міндетіңізді атқардыңыз.

5. Оқиға айтыңыз – сіз өте көп пайдалы ақпарат беріп, барынша досыңыздай көрсеңіз де, кейде аудитория сізді түсінбеуі мүмкін. Себебі ақпаратты тым ғылыми тілде беріп, қабылдауы ауыр болуы мүмкін. Сол үшін оқиғалармен мысалдар келтіре отырып, түсінікті тілде жеткізе білу керек. Білікті спикерлер, нәтижеге жеткен ораторлар мен сатушылар, келіссөз жүргізушілер үнемі оқиғалар мен мысалдар келтіре отырып сөйлейді.

6. Ерекше болыңыз – қазіргі қоғамда ақпарат өте көп. Әлеуметтік желіні ашсаңыз, видеоның түр-түрі, курс пен тренингтер, қызмет көрсету мен тауарлардың алуан түрі бар. Халық, тіпті қайсысын аларын білмей жатады. Егер елдің есінде қалғыңыз келсе, ерекшелігіңізді ойлап табыңыз. Шектеулі стандарттардан шығып, ерекше форматта жаңа ақпарат беріңіз. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: