ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕНДЕСЕК
ЖЫЛҚЫ – МАЛДЫҢ ПАТШАСЫ
- Қамбар ата – жылқының пірі, иесі әрі киесі.
- Құлын, құлыншақ – жылқы төлі.
- Жабағы – бір жылға дейінгі төл.
- Тай – екі жастағы жылқы.
- Құнан – үш жастағы жылқы.
- Құнажын – үш жастағы ұрғашысы.
- Байтал – төрт жастағы ұрғашысы.
- Сойтал – төрттен асқан ұрғашысы.
- Дөнен – төрт жастағы еркегі.
- Бесті – бес жасар еркек жылқы.
- Айғыр – аталық жылқы.
- Сәурік – жас айғыр.
- Бие – аналық жылқы.
- Құлық – алғаш құлындаған бие.
- Қысырақ – үйірге алғаш қосылған жас мал.
- Мама бие – көп құлындаған жуас бие.
- Бедеу – құлындамайтын жылқы.
- Ат – ақталған (кестірілген) еркек жылқы, мініс ат. Мініс аттары жалпы жылқы тегіне қарай тұлпар, сәйгүлік, дүлдүл, наз бедеу, қазан ат, арғымақ, жабы, қасиетіне қарай аяңшыл, жорға, жүйрік т.б. деп аталады.
- Жылқының түр-түстері – ақ, ақбоз, күрең, торы, жирен, шабдар, шұбар, теңбіл, қызыл, қара, қарагер, құла, құлагер, бурыл, баран, қылаң, сұр, ала, кер, күлдібадам, шалбас.
- Тулақ – әбден жүдеген арық жылқы.
- Мәстек – жылқының жаман түрі.
- Жамандату, шеміршек, сақау, маңқа, қолқа – жылқы аурулары.
- Жылқы жүрісі – аяң, жортыс, бүлкіл, желіс, сау желіс, сар желіс, бөкен желіс, текірек, шоқыту, шабыс.
- «Құрау-құрау» - жылқыны шақыру.
ТҮЙЕ – ТҮЛІК ТӨРЕСІ
- Ойсылқара – түйе пірі, иесі, киесі.
- Бота, ботақан, көшек – түйе төлі.
- Бүлдіршін – екі жасар ұрғашы түйе.
- Тайлақ – екі-үш жасар еркегі.
- Бұзбаша – үш жасар ұрғашы түйе.
- Буырлыш – төрт-бес жасар еркегі.
- Буыршын – төрт-бес жасар еркегі.
- Бура – аталық түйе.
- Інген – аналық түйе.
- Атан – ақталған (кестірілген) түйе.
- Түйе малы тұқымы мен қасиетіне қарай: нар, жампоз, қоспақ, арақоспақ, мырзақоспақ, кердері, қылағай, қалбағай, бекпатша, құлпатша, желмая, аруана, біртуған, маз, үлек, айыр т.б. деп бөлінеді.
- Көрт, көйін – түйенің жаман түрлері.
- Ақшелек, қатпа – түйе аурулары.
- «Көс-көс» - түйені шақыру.
СИЫР АТАУЛАРЫ
- Зеңгі баба – сиыр пірі, иесі, киесі.
- Бұзау – сиыр төлі.
- Баспақ – алты айға дейінгі төл.
- Арда, торпақ – бір жылдық төл.
- Тайынша – жастан асқан еркегі.
- Тана – жастан асқан ұрғашысы.
- Қашар – екі жасар ұрғашысы.
- Құнажын – үш жасар ұрғашысы.
- Дөнежін – төрт жасар ұрғашысы.
- Өгіз – кестірілген мал. Бұлар жасына қарай өгізше, құнан өгіз, атан өгіз т.б. болып аталады.
- Бұқа – аталық.
- Сиыр – аналық.
- Сауын сиыр – сауылып жүрген сиыр.
- Саулы сиыр – бұзаусыз сауылатын сиыр.
- Бұқаша, бұқашық – жас бұқалар.
- Қашақ – жиі қашатын, яғни бұқаға тоқтамайтын сиыр.
- Аусыл, қарасан – сиыр ауруы.
- «Аухау-аухау» - сиыр шақыру.
ҚОЙ АТАУЛАРЫ
- Шопан ата – қойдың пірі, иесі, киесі.
- Қозы, қошақан – қойдың жас төлі.
- Көрпеш – есейген қозы.
- Көбеген – төл басы, ерте туған қозы.
- Көпей – кеш туған қозы.
- Марқа – қозының марқайған кезі.
- Бағлан – семіз марқа.
- Тоқты – жасы алты айдан асқан.
- Тұсақ – жастан асқан ұрғашысы.
- Ісек – тарттырылған (кестірілген) қой.
- Құнан қой – үш жастағы қой.
- Дөнен қой – төрт жастағы қой.
- Азбан – тарттырылған қошқар.
- Қошқар – аталық.
- Саулық – аналық қой.
- Ақауыз қой – әбден семірген бойдақ қой.
- Топалаң – қой ауруы.
- «Пұшайт-пұшайт» - қойды шақыру.
ЕШКІ АТАУЛАРЫ
- Шекшек ата – ешкінің пірі, иесі, киесі.
- Лақ – төлі.
- Бөрте – алты айлық төл.
- Шікіраз – жасқа толған еркегі.
- Туша – жасқа толған ұрғашысы.
- Шыбыш – екі жастағы ұрғашысы.
- Ешкі – аналық.
- Серкешік – жасқа толған еркегі.
- Теке – аталық.
- Кебенек – ешкі ауруы.
- «Шөре-шөре» - ешкіні шақыру.
- Ешкінің түстері: ақ, қара, көксағал, ор жағал, сары.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|