ӨРНЕКТІ ӨРМЕК ӨНЕРІ
- Өрмек – алаша, басқұр, қоржын, кілем т.б. тоқитын көптеген бөліктерден тұратын күрделі тоқыма құралы (станок).
- Термелі өрнек – кілем тоқитын құрал. Бұған жалпақ тоқыма бұйымдары тоқылады.
- Жәй өрмек – бұған енсіз құр, бау, терме, басқұр сияқты бұйымдар тоқылады. Жәй өрмек бірнеше бөліктерден, құралдардан құралады.
- Қазық – желі және өрмек өрісі үшін қажет қазықтар.
- Кергіш қазық – өрмек өрісін алдыңғы жағынан керіп тұрады.
- «Күйеу қазық» - өрмекті арт жағынан керіп тұратын қазық. «Жетім қазық» деп те атайды.
- Күзу шыбығы – арқау жіп өткізетін ағаш шыбық.
- Күзу арқалығы – күзу шыбығын тең көтеріп тұрады.
- Мосы – арқалықты көтеріп тұратын үш бұтты құрал.
- Адарғы – өрмек өрісінің астыңғы және үстіңгі беттерін айқастыратын ағаш құрал.
- Серу ағаш – өрмек өрісі енін, жіптерін бірдей етіп ұстап тұратын құрал.
- Жүгіртпе – арқау жібін өткізіп тұратын құрал.
- Қылыш – адарғыдан кейін арқау жібін тығыздайтын қылыш тәрізді ағаш.
- Бақылау жіп – өріс жіптері шатыспау үшін қолданылатын (буатын) бөлек жіп.
- Тергіш – өрнек шығару үшін түрлі-түсті жіптерді теретін (іріктейтін) ағаш құрал.
- Еркек жіп – күзуде тұрған желі жіптерінің үстіңгі беті.
- Ұрғашы жіп – астыңғы беті.
- Шатыс – еркек және ұрғашы жіптердің адарғы арқылы айқасуы.
- Тарту жіп – күзуді қозғалмау үшін қатты тартып бекітіп қоятын мықты жіп.
- Жіп қашу – желі жіптерінің үзілуі.
- Арқау – тергіштен кейін шатысты ұстап қалатын, жүгіртпеге оралған арқау жіп.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|