ШЕБЕРЛЕРДІҢ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАРЫ
- Ара – ағаш, темір кесетін тісті аспап.
- Асқақ темір – бір аяғы ұзын, бір аяғы қысқа циркуль тәрізді өлшеуіш әрі ою салатын құрал.
- Бақауыз – темірді соққанда ұстайтын тіссіз аспап.
- Балға – соғатын, қағатын аспап.
- Бұрғы – ағаш тесетін құрал.
- Біз – етікші құралы.
- Білтегеш – тоқымашының тоқу құралы.
- Жоңғы – ағаш қабығын жонатын құрал.
- Жуалдыз – ине тәріздес құрал.
- Көземел ине – жасуы үлкен ине.
- Иненің жасуы – көзі деген мағынада.
- Инелік – ау тоқитын құрал (ағаш, сүйек).
- Тебен – қалың бұйымдар (текемет, киіз) тігетін үлкен әрі жуан ине.
- Егеу – темір егейтін құрал.
- Мәймөңке – ұшы қисық ине. Терме жібін теретін қайқыбас кішкентай ағаш.
- Сыдырғыш – өрімшінің өрімді тегістейтін құралы (сүйек, қатты ағаш).
- Сабау – жүн сабайтын ұзынша жіңішке ағаш.
- Сояу – талдырма киіздерді жөрмейтін, тігетін иненің бір түрі (сүйек, ағаш).
- Сүргі – терінің көк етін алатын құрал.
- Кескір – темір кесетін құрал.
- Көрік – ұстаның шоқ үрлейтін құралы.
- Кемпірауыз – қышқаштың бір түрі, ұста құралы.
- Қышқаш – өнделетін, істейтін затты тістеп ұстайтын құрал.
- Қайрақ – құралдарды өткірлеу үшін оның жүзін қайрайтын тас.
- Қашау – ағаш оятын құрал (темір).
- Қазиек – соғылатын, қыздыратын темірді ұстайтын тісті құрал.
- Қуысқұлақ – жүзі қуыс ағаш оятын құрал.
- Қалып – етікші құралы, аяқ үлгісі (ағаш).
- Қайшы – мата қиятын тігінші құралы.
- Темір қайшы – қаңылтыр қиятын қайшы.
- Түрпі – ағаш мінін алатын бұдырлы темір құрал.
- Тескіш – темір, қаңылтыр тесетін ұшты құрал.
- Ырғақ – тезден шыққан ағаштарды үлгіге келтіретін қарапайым қалып ретіндегі құрал.
- Қақсал ағаш – әбден кепкен, үй жасауға жарамды ағаш.
- Мор – қақсал ағашты жұмсарту (балқыту) үшін жер үстіне жасалатын пеш.
- Обын – үй ағашын жұмсарту үшін жер астында жасалатын пеш.
- Қоз – ағашты жұмсарту үшін от жағатын орын.
- Үйші – киіз үй жасайтын шебер.
- Тез – мор, обын, қоздан жұмсарып шыққан үй ағашын түзететін немесе иетін үйші құралы.
- Сықаурын – тездегі ағаштың қисығын жамбасқа салып түзететін өте қатты ағаш.
- Талқы – кепкен теріні, көнді, сіріні, ұйысқан жүнді жұмсартатын құрал (ағаштан жасалады).
- Көк – керегені құрайтын таспа (қайыс).
- Үскі – көк өткізу үшін кереге тесетін құрал.
- Дақтау, дембі – шеберлер термині «белгілеу» деген сөз.
- Борлау – түндік, туырлық төзімді, берік болу үшін ақ бормен не күйген сүйекпен қырнайды.
- «Түйе бел» - ши тоқитын құрал. «Ши құрғыш» деп те атайды.
- Үй ағаш – киіз үй үшін дайындаған, кептірген ағаштар.
- Сыздық – керегеге салынатын терең сызықтар.
- Сарнауық – керегеге сызық салатын аспап (темір).
- Ірге киіз – үйдің іргесінен шаң, құм, жел, суық жібермеу үшін тұтылатын киіз.
- Көзеу – шаңырақ қаламдығы тегістеу үшін қызған темірмен күйдіру.
- Уықтың ығуы немесе қыдыруы – уықтың ауытқып кетуін осылай атайды.
- Шалма – уықтың қыдырмауы үшін барлық уықты шалып өтетін терме бау.
- Тістеуік – шеге суыратын құрал (темір).
- Төс – жасалатын, өңдейтін темірді салып таптайтын салмақты, берік темір тұғыр.
- Оймақ – тігіншілердің, етікшілердің саусағына киетін ойық, темір.
- Тері оймақ – теріден жасалған оймақ.
- Қож – ұсталардың көмір салатын қалағы (сүйек).
- Ұршық – жіп иіретін құрал. Құрамы: қаңғалақ (яғни басы), сабы. Сабында бұрмашасы болады.
- Ілдіргі – тоқымашының құралы (ағаш, сүйек, темір).
- Пышақ – кесетін құрал.
- Шот – ағаш шабатын құрал.
- Нәскүрік – ағашты тегістеп жонатын құрал.
- Тігін машинасы – тігіншінің бас құралы.
- Іскенже – темірді қысып тұратын бұрама ауызды құрал.
- Миясар – өнердің (қол өнерінің) бірнеше түрін игерген шебер.
- Ій – иленетін терінің жүнін түсіретін (жидіретін) ащы сұйық.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|