09:27 Риясыз рух | |
ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР 3. Адамның өзімен болған қарым-қатынасы Батыл болу Батылдық – адамның өзіне деген сенімін арттыратын көмекші фактор. Иманнан бастау алады. Батылдықтың формасы өте көп. Ол іс-әрекетте, сөзде, алға қойған мақсатты жүзеге асыруда, жоспарды орындауда, қарым-қатынаста т.б. мәселелер мен жағдаяттарда көрініс береді. Батылсыздық болса, адамды кері тартып, көптеген жетістіктен тосатын жаман әдет. Бүгінгі таңда психология мамандары мен бизнес тренерлердің айтатыны да: «Дамуға тосқауыл болатын немесе тежейтін нәрсе – адамның батылсыздығы». Асылында, адам бұл өмірде кім екенін ең әуелі өзіне дәлелдейді. Қабілеттері мен мүмкіндіктерін жан-жақты дамыту арқылы өз кемелдігін ортаға шығарады. Тұншықтыру арқылы екінші қыры, яғни өз бейшаралығын әшкерелейді. Өзін дамытқан адамның өзгеге тигізер пайдасы молырақ. Ал өзін дамытпаған адам біреуге пайда беру былай тұрсын, өзгеге масыл болады. Өзіне жүктелген рухани және әлеуметтік міндетті толық атқара алмайды. Көп адам батылсыздығы себепті талай жетістіктен құр қалды! Батылсыздығы себепті ақиқатты айта алмай, жалғанның ортаға шығуына себепші болды! Исламның батылдыққа қойған өлшемі – иманда және сөз бен іс-әрекетте әрдайым ақиқатты ұстану және осы жолда батыл болу. Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «араларыңнан ешкім өзін қор санамасын», - дейді. Сонда жанындағы адамдар: «Уа, Расулалла! Адам өзін қалай қор көреді?» - деп сұрайды. Сонда ол: «Адам бір іске қатысты Алла үшін сөз айту керек жерде батылдығы жетпей үнсіз қалады. Кейін қиямет күні Алла тағала одан не үшін үнсіз қалғанын сұрайды. Әлгі адам: «Үнсіз қалуымның себебі – адамдардан құрықтым», - деп жауап береді. Сонда Алла тағала: «Сенің қорқуыңа лайықты Мен емспін бе?» деп айтады», - деген. Хадистен ұғатынымыз: адамның өзі секілді келесі бір адамнан немесе басқа нәрседен қорқуы табиғи құбылыс болса да, бұл оны батылсыздық танытуға немесе үнсіз қалуға мәжбүр етпеуі тиіс. Бұл белгілі бір деңгейде адамның өзін қор қылуы болып есептеледі. Мұндай адам өзі де дамымайды, қоғамды да дамытпайды. Батылсыздық бар жерде әрдайым артта қалушылық пен бүлік қатар жүреді. Асылында, қоғамдағы бүлік пен артта қалушылықты, азғындықты тоқтататын батыл адамдар мен батыл қадамдар. Батылсыздық мәселесінде кейбір адамның төмендейтіні соншалық – өзінің сүйікті ісі үшін таңғы ұйқысын қиюға батылдық таныта алмайды. Мұндай адамнан қоғам не күтеді? Ендеше, жоғарыдағы хадис тілімен айтар болсақ, адам мұндай қорлыққа түсуден өзін сақтауға міндетті. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
