23:02
Риясыз рух

ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

3. Адамның өзімен болған қарым-қатынасы

Еңбекқор болу және әр істі өз уақытында орындау

Еңбекқорлық адам бойындағы – даналықтың көрінісі. Даналық – әр істі, әр сөзді орнымен және уақтылы айту және орындау. Көп адам өмірде жолым болмай жүр немесе жолым ашылмай қойды деп шағым айтады.

Асылында, өмірде жолды ашатын және барлық жақсылықты тартатын асыл зат – адамның шынайы ниеті мен еңбегі.

Абай мұны: «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау. Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп түсіндіреді.

Жалқаулық болса – адамдағы ғапылдықтың көрініс.

Жалқаулық – адамды артқа тартып, жіпсіз байлап қоятын жаман індет. Жалқаулықтың ар жағын түртіп қалсаңыз – сенімсіздік қылаң береді. Адам кейде өзіндегі сенімсіздікті мойындағысы келмей, оны жалқаулықпен бүркемелеуге тырысады. Мұны да назарда ұстаған жөн.

Жалқаулықтың кесірі материалдық тұрғыдан – кедейлік, психологиялық тұрғыдан – бейшаралық.

Жалқау адам түк бітірмей жүре бергендіктен, бірте-бірте өзіне деген сенімсіздігі күшейе береді. Ақыр соңында өзін қолынан түк келмейтін бейшара сезіне бастайды. Бір сөзбен айтқанда, жалқаулық – сенімсіздік пен өмірдегі сәтсіздіктердің бастауы. Абай бір сөзінде: «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жішерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» дейді.

Мына мәселені де қаперде ұстаған жөн. Жалқаулық танытпау деген сөз:

Шаршап-шалдығып, тынымсыз жұмыс істей беру дегенді білдірмейді. Жалқаулық танытпау дегеніміз – шамаға қарай әр істі өз уақытында орындау. Абайша айтсақ, қолды мезгілінен кеш сермемеу. Еңбекқорлық – даналықтың бір тармағы дегеніміз де осы.

Көп адамда істі кейінге қалдыру және уақыт тақалғанда істеу немесе маңызы жоқ, бос істерге көңіл бөлу әдеті бар. бұл, біріншіден, уақытты босқа шығындау. Екіншіден, энергияны жүйелі әрі үнемді қолданбау. Мұндай адамның ісі ешқашан өнбейді. Себебі өмірдегі негізгі капиталдың бірі – уақыт. Уақытты тиімді пайдаланбаған адамның өмірінде береке болмайды. Психологияда істі уақытылы орындамай, ертеңге қалдыра беру және созып жүру әдетін – «Прокрастинация және Скарлетт синдромы» деп атайды. Бұларды әдет қылмаған жөн. Бұлар түбі адамды материалдық және рухани кедейлікке ұшыратады. Пайғамбарымыз хадисінде: «Ертең деп жүргендер (істі кейін істеймін дейтіндер) құрдымға кетті» деген. Жетістікті шын көңілмен қалаған адам маңызды іске үйір келеді. істі ертеңге қалдырмай, әр істі уақытылы орындайды.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 11 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: