21:53
Риясыз рух

ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

3. Адамның өзімен болған қарым-қатынасы

Адамның өзіне сенімді болуы

Адамның өзіне деген сенімсіздігі – оны көптеген жетістіктерден тосады. Мұндай әлсіздікке ұрынбау қажет. Ұрынған күннің өзінде шыға білуді үйренген жөн. Кейбір адам өзіндегі сенімсіздікті жеңе алмай жүреді. Сенімсіздік шеңберінде қалып қою – адам бойындағы барлық негатив сезімдерді оятады. Соның салдарынан ол бірте-бірте ашуланшақ, біреудің жетістігін көре алмайтын қызғаншақ, ренжігіш, бәрін айыптағыш, кекшіл адамға айналады.

Адам өзіне қатысты сенімсіздік танытты екен деп, уақыт бір орында тұрып қалмайды, сондай-ақ, өзгелердің жетістікке жетуі де толассыз жалғасын таба береді. Адам сенімсіздік таныту арқылы бар болғаны өзіне ғана зарар келтіреді.

Өзіне деген сенімсіздіктің ішкі формасы – адамның өзіне төмен баға беруден туындайды. Өзін төмен бағалайтын адам шешуші сәтте қандай да бір іске немесе белгілі бір ортаға өзін лайық көрмейді. Нәтижесінде, бұдан өзін шеттетеді. Сондықтан адам өзіне деген сенімді арттыру үшін өзі жайында жақсы ойда болуы тиіс. Адам өзі жайында қандай ойда болса, іс-әрекеті мен қарым-қатынасы да соған сай құрылады. Мәселен, өзін адамдардың құрметі мен махаббатына лайықпын деп сенсе, іс-әрекеті мен қарым-қатынасын да соған негіздейді. Ал өзін лайық көрмесе, іс-әрекеті мен қарым-қатынасы да дәл сол бейнеде көрініс табады. Мұны қарсы тарап байқамауы мүмкін.  Өйткені бұл – адамның ішкі әлемінде болып жататын құбылыс.

Өзіне деген сенімсіздік дертінің қауіпті тұсы – бұл дерт емделмесе, бірте-бірте асқынып, адам өзін бұл өмірде босқа жүрген, керексіз зат секілді сезіне бастайды. Бұл өте қауіпті. Мұның арты стресс, депрессия, жалғыздық дертіне апаруы мүмкін.

Өзіне деген сенімсіздіктің сыртқы формасы – аз бір қиындыққа бола, қолға алған қандай да бір істі тастай салу. Бұл қазіргі таңда көп адамда кездесетін құбылыс. Бәсеке алаңы көбейген сайын, рухани әлсіз адамда өзіне деген сенімсіздік те арта береді. Бұдан құтылудың негізі – ішкі әлемді иманға толтырып, жақсы ойға құру, ал сыртқы әлемді іс-әрекетке толтыру.

Ислам діні адамға өте жоғары баға береді. Әрдайым өзін жоғары бағалауға шақырады. Сенімнің ең негізгі бастауын Аллаға деген иманнан бастайды. Иман жүрекке бекем орнықса, адамдағы өзіне деген сенім де күшейеді. Сенімсіздікті жеңуі де оңай келеді. одан кейін білім мен іс-әрекет – адамдағы өзіне деген сенімді нығайта түсетін ең басты көмекші құрал. Бұған адамның өмірдегі жетістіктерін де қосыңыз. Қысқасы, адам өзін жан-жақты дамытып, жетістікке жеткен сайын, өзіне деген сенімі де арта береді.

Ақиқатында, адам өмірінде сенімсіздікке жол жоқ. Бұған жол беретін – адамның өзі. Адам иманнан рухани қуат алып, күш-қайратына сүйеніп, бойдағы қабілеттерді пайдалана отырып, айналаны гүлдендіруі тиіс. Бұл – оның жаратылыс міндеті! Алла елшісінің (с.а.с.) тәрбиесін көрген әзірет Али (р.а.) сынды сахабалар адамның өзіне сенімсіздік танытуының орынсыз екенін айтып:

Сен өзіңді кішкентай бір жаратылысқа теңейсің, алайда сенде әлемді өзгертіп жібере алатын күш жатыр, - дейді.

Олай болса, сенімсіздікті тастап, жарқын болашаққа батыл қадам жасау қажет. Адамның өзіне деген сенімі оның жан саулығын қамтамасыз ететін фактордың бірі екенін ұмытпаған жөн.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 3 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: