23:10
Риясыз рух

ПАЙҒАМБАРҒА ДЕГЕН МАХАББАТ

Аллаға деген махаббаттан кейінгі ең үлкен дәреже – Пайғамбарға деген махаббат!

Бұл – Оған иман келтіріп, жүрекпен жақсы көру және жолын ұстанумен жүзеге асады.

Пайғамбар Алладан қандай да бір пәрмен әкелсе, соны бұлжытпай орындау және тыйған нәрседен тыйылу.

Оның сөзі мен іс-әрекетін бәрінен де жоғары қою. Бұл әрбір мұсылманға – парыз!

Құран бұл ақиқатты бізге былайша баян етеді: «...(сондай-ақ діни үкім ретінде) пайғамбар өздеріңе не жеткізсе, соны шын көңілден қабыл алыңдар және не нәрседен тыйса, содан тыйылыңдар...» («Хашр» сүресі, 7-аят)

Пайғамбарға деген махаббат – адамның өзіне, ата-анасы мен бала-шағасына және өзге де жаратылыстарға болған махаббаттан биік тұруы тиіс. Себебі Пайғамбар (с.а.с.( - қияметке дейін келіп-кетер адамзат баласына екі дүниенің бақытына апарар жол көрсетті. Адамзат келешегі үшін осы жолда талай қиындықты бастан кешірді. Оны бұл жолдан тайдыру үшін имансыздар әртүрлі айла мен зұлымдыққа жүгінді. Жүзіне түкірді, өтірікші, сиқыршы деді, тас боратып, үстін қан жоса қылды, тікелей соғыс ашып, өлтіруді қалады. Соның бәріне мойымастан Ол өзінің міндетін әрмен қарай жалғастыра берді. Имансыздар оң қолына Күнді, сол қолына Айды қойса да, пайғамбар бұл міндетінен ешқашан бас тартпайтын еді. Бір хадисінде пайғамбарға иман келтіріп, оны сүюдің маңыздылығын ұқтырып:

«Мен сендерге ата-ана мен бала-шағадан және өзге адамдардан, тіпті өз жандарыңнан да сүйікті болмайынша, кәміл иманға жете алмайсыңдар», - дейді.

Мұсылман адам Пайғамбарға шын махаббат қойып, соңынан ерсе, иманның ләззатын сезініп, екі дүниеде де бақытқа кенеледі. Жүрегі дүниенің кірінен тазарып, руханияттың шарықтау шыңына көтеріледі. Нағыз көркем мінез иесі атанады. Көптеген хадистерде Алла мен оның елшісіне деген махаббатты бәрінен де жоғары қойған адамның иман ләззатын сезінетіндігі айтылған.

Адам таибғаты еліктегіш келеді. Сондықтан ол өзінен жоғары тұрған адамға немесе оның бойындағы қызықты бір затқа еліктеп тұрады. Бірте-бірте сондай болуға немесе әлгіндей қызықты заттың өзінде де болғанын қалай бастайды. Мұны адамның өзі сезінбеуі мүмкін, бірақ бойдағы еліктегіш қасиеті оны осындай әрекетке итермелейді. Адам бойындағы еліктегіш қасиеттің дұрыс әрі толыққанды жүзеге асуы үшін, еліктейтін адам идеал, яғни кемшіліктен пәк, сондай-ақ, өмірдің әрбір сәтінде өзінің адами болмысын жоғалтпай, рухани кемелдігін практикалық тұрғыдан дәлелдей білген жан болуы қажет. Ал күнәнің үлкені мен кішісінен де пәк әрі адамдықтың нағыз шыңына жеткендер – пайғамбарлар.

Демек, адамның бірінші кезекте еліктейтін адамы – пайғамбар болуы тиіс. Одан кейін кезегімен өзі леіктегісі келген басқа да ұлы тұлғаларға орын бере алады. Өмірдің әр саласында кемелдікті, рухани тұлғаға айналуды қалаған адам Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) еліктеу арқылы бұған қол жеткізеді. Құран аяты бізге бұл ақиқатты ашық түрде баяндайды:

«Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан һәм Алланың көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Махаббат – адамды Раббысымен байланысқа түсіретін қуатқа ие ұлы сезім! Адамның сенімі мен құлшылығын шынайылық нәтижесінде ұластыратын ерекше құндылық. Махаббат сезімі – Пайғамбарды таныған жанды Оған ессіз ғашық етеді. Пайғамбарға деген махаббаты себепті адам Оның сүннетін ұстанса, ғашық болу арқылы Оны барлық жаратылыстан биік қояды. Оның әрбір сөзін, әрбір қимылы мен іс-әрекетін өміріне темірқазық етеді. Бұл – әрбір мұсылманға міндетті нәрсе.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: