14:53 Риясыз рух | |
АЛЛАҒА ДЕГЕН МАХАББАТ Махаббатпен жаратқан адамзатты Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті! Абай Нағыз мүмін – Аллаға шын махаббат қойған адам. Оның ісі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, ғибадат-құлшылығы бәрі де Раббысына деген махаббат үшін. Аллаға махаббат қойып сүрмеген өмірдің мәні болмайтыны секілді, махаббатсыз орындалған әрбір істің де мағынасы кетеді. Ендеше, адамның өмірі, іс-әрекеті мен ғибадат-құлшылығы Аллаға деген махаббатқа негізделуі тиіс. Асылында, ғибадаттың мәні де – махаббат! Әбу Талиб әл-Мәкки: «Махаббат – Алланы таныған адамның ең биік мақамы» дейді. Оның айтуынша, нағыз мүмін – Аллаға шын көңілмен махаббат қойған адам. Аллаға деген махаббат – пенде тарапынан өзіне берілген шексіз нығметке шүкір ету формасында көрініс табуы тиіс. Ал шүкір етудің ең биік шыңы – иман! Раббысы тарту еткен сансыз нығметті көзбен көріп, көңілмен қабылдай білген және шексіз махаббат пен мейірімді жүрегімен сезінген жанның рухани әлемі махаббат отына күйіп-жанбауы мүмкін емес. Алла Елшісі (с.а.с.) шүкір етудің сүйіспеншілік екендігін білдіріп: «Өздеріңе берілген сансыз нығмет себепті Алланы жақсы көріңдер» дейді. Махаббат – Алладан бастау алады. Өйткені Алланың махаббаты – қадим. Яғни кейіннен пайда болмаған, әзелден бар әрі мәңгі және шексіз. Олай болса адам сол махаббатқа сай – махаббат танытуға міндетті. Бұл әркімнің адамдық борышы һәм парызы. Алла тағала Құранда мүміндерді жақсы көретінін баяндай келе, оларға Өзінің махаббатына қол жеткізудің қағидасын ұсынады. Бұл әрине, Пайғамбарға (с.а.с.) еру, сондай-ақ, Пайғамбар арқылы Алладан келген пәрменді мүлтіксіз орындау. Пайғамбарға иман келтіріп, Оған еру және үмбеті атану – шүкірдің ең үлкен формасы. Ал оның ар жағында Алланың махаббатына қауышу бар. Құранда бұған қатысты: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», - деп айт» («Әли Имран» сүресі, 31-аят) делінген. Хакім Абай да өзінің қара сөзінде «өзіңе махаббат қылғанға сенің де махаббат қылмағын қарыз емес пе?» деп, адамды рухани бір сілкініп алады. Сөзінің жалғасында сансыз нығметтерді тізбектей келе «осының бәрі сен үшін, менікі дейтін ештеңе де сенікі емес, бәрі Оныкі» деп, адамға терең ой тастайды. Аллаға деген махаббат – жер бетіндегі бүтін махаббат атаулының қайнар бастауы. Осы арқылы адам өзін және өзгені, бүкіл жаратылыс атаулыны, осндай-ақ, ізгілік пен сұлулықты сүйеді. Сонымен қатар Аллаға деген махаббат – адамдағы иманның кәміл болуының да кепілі. Алла Елшісі (с.а.с.) хадисте: «Алла үшін беру, сондай-ақ, Алла үшін жақсы көру немесе жек көру – иманды кәміл етеді», - деген. Алланың пендесіне деген махаббаты мен пенденің Аллаға деген махаббат қоюының маңыздылығын ұқтырып Алла Елшісі (с.а.с.) әрдайым былай деп жалбарынып, дұға ететін: «Алла Тағалам! Сенен – махаббатыңды және Сен сүйген құлдарыңның махаббатын, сондай-ақ, сенің махаббатыңа жақындататын ізгі-істерге деген махаббатты сұраймын!» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |