13:17 Риясыз рух | |
ИСЛАМДА МАХАББАТ Ислам діні мұсылман өміріндегі махаббатқа ерекше маңыз береді. Бұл оның Аллаға, пайғамбарға, ата-анасына, бауырларына, дініне, тіліне, тарихына, салт-дәстүріне, отанына, тіпті ондағы тау-тасқа, жусан иісіне, өзен-көлге, даласы мен қаласына деген махаббат. Ислам адамды әрбір тіршілік иесіне, тіпті біздің түсінігімізде жансыз, өлі зат деп саналатын тау-тас пен өсімдіктерге де махаббат танытуға үндейді. Себебі Ислам ұғымында мұның барлығы әлемдегі тепе-теңдікті, тұрақтылық пен сұлулықты сақтап тұратын бір ғана Жаратушының туындысы. Дініміз адамға барлық жаратылысты – Жаратушы үшін сүюді өсиет етіп, оның ар жағында үлкен махаббат жатқандығын айтады. Хакім Абай жаратылысты сүю – Алланың махаббатына қауыштыратындығын ишарат етіп өте тамаша түсіндіреді. Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін! – дейді. Исламда Алла мен пендесі арасындағы қарым-қатынас – Алланың пендесіне деген махаббатын сипаттау арқылы түсіндіріледі. Мәселен, Ислам сенім жүйесінде адамға өмір сыйлап, оны ризықтандырған, сансыз нығметтерге бөлеп, тура жолдан адаспас үшін пайғамбар жіберген, кітаптар түсірген, жер бетін төсеніш, аспан әлемін күмбез еткен, күнді шамшырақ, айды жарық нұр қылған, адамға барлық жаратылысты бағындырып, құрлық пен теңізді кездірген, көз берген, құлақ берген, ақыл берген, имандылықты сүйдіріп, күнәдан жеріткен – Алла Тағала! Мұның бәрі Ислам сенім жүйесінде Алланың пендесіне деген шексіз махаббатының дәлелі! Хакім Абай бұл ақиқатты «Махаббатпен жаратқан адамзатты! Деп жырлайды. Сонымен қатар, аят-хадистерде баян етілгендей, Алланың пендесіне деген ең үлкен махаббаты – оған иман байлығын нәсіп етіп, оны Өзіне жақындатуы. Негізі, әлемде Алланың махаббатынан асқан махаббат жоқ! Ол барлық әлемді, оның ішінде, адамзатты махаббатпен жаратты. Алланың пенделеріне деген махаббаты шексіз және пенденің мұны сезінуі оның өміріне мән кіргізеді. Құлдың Раббысымен және басқа да жаратылыстармен болған қарым-қатынасының өзегі де осы махаббат! Бір күні Алла Елшісіне (с.а.с.) бір бәдәуи келіп: «Қияметте адамды есепке тартатын кім?» - деп сұрайды. Ол: «Алла» деп жауап береді. Әлгі адам: «Алланың Өзі есепке тарта ма?» - дейді. Алла Елшісі (с.а.с.) «Иә» дейді. Сонда әлгі адамның күлімсірегені байқалады. Мұны бақылап тұрған Алла Елшісі (с.а.с.): «Сені күлдірген не?» - деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Алла тағала есепке Өзі тартатын болса, Оның мейірімі шексіз ғой! Ол – кешірімді!» - деп жауап береді. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |