16:32 Риясыз рух | |
ҚУАНЫШТЫ БІР ҚАЛЫПТЫ ҰСТАП ТҰРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ Адамға қандай да бір жақсылық келген уақытта ортаға шығатын қуаныш эмоциясын бір қалыпты жағдайда ұстап тұрудың ең негізгі принципі – оны өзінен емес, Алладан деп білу және Оған шүкір ету! Негізі, адам баласының дандайсып кетуінің себебі – берілген жақсылықты «тек қана өзімнен» деп тануы. Бұған мен өз күшіммен, өз біліміммен, өз еңбегіммен жеттім деп ойлауы. Иә, адам талпынып, еңбектеніп, харекет қылу арқылы үлкен жетістіктерді бағындыра алады және сол үшін қуануға құқылы. Тіпті қуануы – міндет. Өйткені бұл жетістіктер нәтижесінде эндорфин гормоны бөлініп, адамды одан сайын ізгілікке, биік белестерді бағындыруға ынталандыра түседі. Алайда бұл жерде ескеретін бір мәселе бар. Адам сол қуаныштың шынайы Иесін естен шығармауы тиіс. Асылында, адамның бір ғана нығметке қол жеткізуі үшін жұмсайтын күш-қайраты мен еңбегі, білімі немесе басқа да мүмкіндіктері, бар боолғаны ортадағы себеп. Ал негізгі себеп – сол нығметтің Иесі, оны нәсіп етіп сыйға тартушы – Алла тағала! Міне, осы себепті адам өзіне берілген әрбір нығмет үшін құдайына шүкір етуі тиіс. Әйтпесе, дандайсып кетеді. Мұның арты бірте-бірте тәкаппарлыққа ұласады. Бұған дәлел – Құрандағы Қарунның қиссасы. Ол өзіне берілген нығметке қатысты. «Бұл байлық маған бойымдағы ілімнің арқасында ғана берілді», - деп асылық қылды» («Қасас» сүресі, 78-аят). Қарун өзіне берілген нығметке қуанды, масаттанды. Бұл бірте-бірте мақтанышқа ұласты. Ең ақыры Қарун тәкаппарлыққа салынып Аллаға деген шүкірін ұмытты. Соны не болды? Құран былай дейді: «Ақыры оның өзін де, салтанатты сарайын да жерге жұтқызып жібердік» («Қасас» сүресі, 81-аят). Алла Елшісі (с.а.с.) қуаныш пен қайғыда мүмін адамның ұстанатын принципін мына хадис арқылы тамаша түсіндіріп береді: «Мүміннің жағдайы қандай ғажап! Шын мәнінде, оның әрбір жай-күйі өзі үшін қайырлы болмақ, бұл – одан өзгеге бұйырмаған бақыт. Ол қандай да бір қуанышты жағдайға тап болса, шүкір етеді. Мұнысы өзі үшін қайырлы болады. Ал басына бір қиындық түссе, сабырлық танытады. Бұл да өзі үшін қайырлы». Хадистен ұғатынымз, адам өмірде екі нәрсеге тап болады. Ол – қуаныш немесе қайғы һәм қиындық. Осы кезде адам бар болғаны аталған екі принципті ұстана білуі тиіс. Ол – қиындық келсе сабырлық танытып, қуаныш келсе шүкірлік ету. Сонда кез келген жағдаяттан жеңіспен шығуға мүмкіндік алады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |