11:59 Риясыз рух | |
ҚУАНЫШ Адам психологиясы сол, егер біз қуанышымызды білдіріп тұрмасақ, уақыт өте келе оны сезінуден қаламыз! Линь Юйтан Эмоцияның бұл түрі – адам ойлаған арманына, жақсы көрген нәрсесіне, байлыққа, атақ-абыройға, жеңіске, қандай да бір жетістікке және ілімге қол жеткізген уақытта ортаға шығады. Қуаныш – адамдағы мақсат пен қалауға байланысты әртүрлі болып келеді. Кейбір адамның қуанышына дүниелік игіліктер себеп және бұл көпшілікке тән құбылыс. Енді біреу дүниелік игіліктерге қол жеткізіп, оларды пайдалана отырып, ақыреттік жеткілікті мақсат етеді және қуанышы да сәйкесінше осы мақсатпен ұштасып жатады. Бұл иманның ақиқатын түсінген жандарға тән қасиет. Қуаныш және адамның өзін бақытты сезінуі – стресс пен уайымның антонимі. Стресс пен уайым – эмоция тұрғысынан зиянды болған симптомдардың бастауы, ал қуаныш пен өзін бақытты сезіну – тыныштық, рахаттану, ләззат алу секілді жақсы эмоциялық сезімдердің негізі. Асылында, бұл дүниедегі адамның қуанышы үнемі жалғасын таба бермейді әрі тұрақты емес. Оның орнын кезең-кезеңімен белгілі бір қиындықтар немесе қайғы-мұң алмастырып отырады. Қазақтың «өмір – сынақ алаңы» дейтіні де осыдан. Дегенмен адам осы арқылы өзін жан-жақты шыңдауға мүмкіндік алады. Бір сөзбен айтқанда, әртүрлі жағдаяттарға тап болу арқылы адам өзінің кім екендігін өзіне-өзі дәлелдейді. Адамға берілген денсаулық, байлық, атақ-абырой белгілі бір дәрежеде қуаныш әкелетіні рас. Бірақ, өкінішке орай, бұл нығметтер кейбір адамды Аллаға деген ғибадат пен шүкірден тосады. Бұл – иманның ақиқатын толық түсіне алмаған әлсіз адамның сипаты. Мұндай адамның басына қандай да бір ауыртпалық немесе қиындық келсе, бірден үмітсіздікке бой алдырады. Үнемі үмітсіздік пен қобалжудың арасында өмір сүреді. Құран мұндай тип адамның табиғатын және мінезіндегі тұрақсыздықты бізге төмендегі аяттар арқылы ашық баян етеді. «Егер адам баласына рақымымыз түсіп, қандай да бір игіліктің дәмін таттырсақ, әрі содан кейін оны одан тартып алып қойсақ, ол бірден бар жақсылықтан күдерін үзген үмітсіз әрі алғыс айтуды білмейтін адам болып шыға келеді». «Ал егер басына түскен қиындықтан кейін оған қандай да бір нығметтің дәмін таттырсақ, еш шүбәсіз: «Қиыншылық пен жамандық атаулыдан біржола құтылдым-ау әйтеуір!» - деп (бұдан былай әсте қиындыққа тап болмайтындай) орынсыз тайраңдап, мақтанып жер-көкке сыймай кетеді» («Һуд» сүресі, 9-10-аяттар). Кім өмірде мал жию, атақ-абыройға кенелу немесе өзгелерден үстем келіп, күш-қуатқа ие болуды мақсат қылса, демек, оның қуанышына негізгі себеп – осы айтылғандар. Ал кім дүниелік игіліктерге қол жеткізіп, соларды дұрыс қолдану арқылы имандылық пен тақуалықты жаюды, ізгі істер атқарып өзгелерге пайда келтіруді мақсат тұтса, демек, жүрегіндегі қуаныштың өзегі сол. Құран аяттарында қуаныштың осы екі түріне ишарат етілген. Біріншісі – бұл дүниенің нығметтеріне мәз болғандардың қуанышы. «Алайда олар (мұның парқына бармағандықтан) дүниенің қу тіршілігіне мәз болып қонышынан басып жүр. Әйтсе де дүниенің қу тіршілігі ақиретпен салыстырағанда (көзді ашып-жұмғанша өте шығатын) баянсыз қызық қана» («Рағыд» сүресі, 26-аят). Екінші – өздерін тура жолға бастайтын Құран аяттары түскен кездегі мүміндердің қуанышы. «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Бұл тек Алланың шексіз шарапаты мн рақымының арқасы. Ендеше, (адамдар) тек осыған ғана қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергенінен әлдеқайда артық», - деп айт» («Юунус» сүресі, 57-58-аяттар). Құран мүміннің ақыретте есеп-қисаптан аман-есен өтіп, Алланың мейіріміне бөленуі себепті жәннатқа кірген кездегі қуанышын да сипаттап береді. Бұл мүміннің үмітсіздікке салынбай әрдайым игі істер аясында Жаратушының разылығын көздеп, алға қойған мақсатына ұмтыла беру керектігіне сүйінші» «Алла оларды сол күннің кесапатынан сақтайды һәм оларды жүздері бал-бұл жанған, шат-шадыман күйде қабылдайды» («Инсан» сүресі, 11-аят). баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |