11:52 Риясыз рух | |
АШУДЫ ЖЕҢУДІҢ ЖОЛДАРЫ Адамдағы эмоциялардың жағымсыз қырын жеңудің алғашқы қадамы – ілім және іс-әрекет. Адам ең әуелі ненің не екенін, не нәрсемен күресіп жүргенін, оның сипаты мен болмысын жақсы тануы қажет. Сол кезде сәйкесінше іс-әрекетке көшуі де жеңіл келеді. Мына мәселені ескерген жөн. ашу эмоциясын түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін емес. Оның үстіне, егер адам бұл эмоциядан мүлдем айырылып қалса, кезінде Аристотель мен Ғазалидың айтқанындай, тұлғалық келбетін, ар-намысын қорғай алмайтын нағыз ынжықтың өзіне айналады. Мұндағы ең тиімді тәсіл – ашу эмоциясын бақылауда ұстау. Ғалымдар жер бетіндегі қылмыстың 80-90%-ы ашу себепті екендігін айта келе, қылмыстың алғашқы 20-30 секунд ішінде орын алатындығын алға тартқан. Яғни адам ашу қысқанда 20-30 секунд сабыр ете білсе, өзін де, басқаны да зияннан сақтайды. Демек, адамға ашу қысқан кезде небәрі 20-30 секунд сабыр ете білуді үйренген жөн. Ашуды бақылауда ұстаудың жолдары Құран аяттары мен көптеген хадистерде көрсетілген. Біз солардың бір-екеуіне тоқталып өтейік. Мәселен, Құранда ашу қысқан кезде оны жеңу үшін үндемеуге және ашуды іште бұқтырып, оны қарсы тарапқа кешірім сипаты арқылы шығарып тастауға ишарат етіледі. Іште бұқтырылған ашу сыртқа шығуы тиіс. Әйтпесе адамды ауру қылады. Алайда сыртқа ашумен емес, кешірім арқылы шыққаны жөн. «Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар» («Әли Имран» сүресі, 134-аят). Әбу Зайд әл-Балхидың айтуынша, ашу қысқан кезде оған тұнық әрі салмақты оймен қарсы тұру қажет. Ашу пайда болған алғашқы фазасында тұншықтырып тасталмаса, бірте-бірте күшейе береді. Соңында адам өзін ұстай алмайтын дәрежеге жетеді. Бұл алғаш тұтанған өрт секілді. Оны көп күш жұмсамай бірден өшіру оңай. Ал өрт бірден өшірілмей жайылатын болса, айналасының бәрін жалмап отқа орайды» Алла Елшісі (с.а.с.) үмбетіне ашу қысқан кезде оны бірден тұншықтырып тастау үшін қандай әрекет жасау керектігін үйретеді. Мәселен, бір хадисте: «Ашу – адам жүрегіндегі лаулаған от. Ашуға булыққан адамның көздері қызарып, мойын тамырлары адырайып кеткенін көрмеймісің? Егер сендерден біреу осындай күйге тап болса, тұрған жерінде отыра кетсін» делінген. Келесі бір хадисте: «Ашу – шайтаннан, ал шайтан болса оттан жаралған. От сумен өшіріледі. Ендеше, сендерден біреуің ашуға берілсе, дереу дәрет алсын» делінеді. Хадисте позиция ауыстырудың және салқын сумен дәрет алудың ашуды басуға көмектесетіндігіне ишарат етілген. Адамдағы эмоцияның ғұмыры белгілі бір уақытқа дейін немесе орын ауыстырғанша ғана. Міне, осы аралықта алшақтық болғаны жөн. екеуі бірден байланысқа түссе, адамды көптеген қателіктерге ұрындырады. Жоғарыда айтқанымыздай, ашу кезінде адам ақылының үштен екісі істен шығып, нәтижесінде ойлау қабілеті төмендейді. Ал ақыл жоқ кезде эмоцияға беріліп реакцияға көшу – ақымақтық. Қазақта ашуланған адамға «есіңді жи, өз-өзіңе кел» деп жататыны да осыдан. Хадисте айтылған орын ауыстыру және салқын сумен дәрет алу мәселесі, адамның есін жиып, эмоциясын бақылауға алып, қайтадан өз-өзіне келуіне жәрдемдеседі. Ғалымдар тарапынан ашуды жеңудің жолы ретінде намаз оқу, Алланың ұлықтығын еске алу, ашу қысқан кезде үндемеу т.с.с. әдіс-тәсілдер де ұсынылған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |