10:27 Риясыз рух | |
АШУ-ЫЗА Ашу-ызамен басталған нәрсе ұятпен аяқталады! Бенджамин Франклин Ашу – адамдағы уайымдау және қобалжу нәтижесінде, сондай-ақ, мотивтердің қанағаттануына кедергі жасалған уақытта ортаға шығатын эмоция түрі. Ашу – орнымен дұрыс қолданылса, адамды сыртқы зияннан сақтайды, ал орынсыз жерде іске асса, өкінішке душар етеді. Адамның эмоциялық қырларын зерттеуші американдық психолог ғалым К.Э.изард: «Ашу отының тұтануы индивидтің тіршілігін сақтап қалуға және көп жағдайда оның ар-намысын, тұлғалық келбетін қорғауға септігін тигізеді. Ашу – әлеуметтік әділетсіздікті түзетуге де ықпал ете алады», - дейді. Жаңаеуропалық философия өкілі Декарт: «Бұл құмарлық! Өзгелер бізді ренжітпесі үшін пайдалы», - деген. Басқа эмоциялар секілді ашудың да «шектен шыққан, нормадан аз және қалыпты» үш түрі бар. Грек ойшылы Аристотель қатты ашуға берілетін адамды ақымақ десе, мүлдем ашуға берілмейтін адамды ынжық деп сөгеді. Мұсылман ойшылдарының ішінде Имам Ғазали ашуды үш түрге бөледі. Ашудың қалыпты түріне «ғайрат» (жалындау, талпыныс), шектен шыққан түріне «тахауур» (қалыптан шығу, өзгеру), ал нормадан аз түріне «жәбәнәт» (ынжықтық, қорқақтық, батылсыздық) деп түсіндірме берген. Әбу Зайд әл-Балхидың айтуынша, шектен тыс ашу жан мен тәнді тыныштығынан айырады. Мұны басқа эмоциялар жасай алмайды. Адам қатты ашуға берілген кезде қызбалық күйіне түседі. Ондағы қан қысымы жоғарылап, нәтижесінде адамның ыстығы көтеріліп, бет-әлпеті өзгеріске ұшырайды. Адам ашу үстінде өзі басқара алмайтын іс-әрекеттерге барады. Тіпті жынды адам секілді көрінуі мүмкін. Адам немесе жануардың белгілі бір мақсатқа ұласуына кедергі жасалса, ашу эмоциясы ортаға шығады. Ашу адамды сыртқы зияннан сақтағаны секілді, сыртқы нәрсеге өзі де зиян келтіре алады. Яғни адамдығы ашу себепті басқалар зиян шегеді. Егер ашу дұрыс қолданыс таппаса, адам ашуланған кезде өзін ұстай алмай күшке жүгініп, қатыгездікке бой алдырады, сол арқылы өзінің маңызды мақсаттарына қол жеткізу процесіне зарар келтіреді. Орнымен қолданылса, адамның көздеген мақсатқа қол жеткізуіне жәрдемші болады. Ашудың орнымен, дұрыс қолданылуы үшін – адамның іс-әрекетінде үлкен мән-мағына және ұлы мақсат болуы тиіс. Бұл – ашудың мақтаулы түріне жатады. Мәселен, зұлымдық, ар-намыстың тапталуы, әділетсіздік, дұшпан шабуылы, тәртіптің бұзылуы секілді т.б. мәселелер ашуды қажет етеді. Бұл – ашудың игеру қажет. Бұл – ашу эмоциясын дұрыс басқару арқылы жүзеге асады. Ең қиын тұсы да осы. Аристотель: «Барлық адам ашуланады. Бұл оңай. Алайда орнымен, уақытында әрі дұрыс ашулана білу, міне бұл – оңай емес», - дейді. Ашуға берілмеймін деп, адам жұмсақтықтың да шегінен шығып кетпеуі қажет. Әрқайсысы өз орнымен және мөлшерімен қолданылуы тиіс. Әрбір эмоция мен мінезді қолдану барысында орта жолды ұстанған жөн. Әзірет Али (р.а.): «Тым қатты болсаң – сынасың. Тым жұмсақ болсаң – езілесің», - дейді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |