10:26 Риясыз рух | |
АЛЛАНЫҢ АЗАБЫНАН ШЕКТЕН ТЫС ҚОРҚУ Алланың азабынан шектен тыс қорқу – адамды Оның рақымы мен мейірімінен үміт үзуге апаруы мүмкін. Бұл адамның тұлғалық қасиетін жоқ етеді. Нәтижесінде адамның ғибадаттан бастап барлық іс-әрекетінде құлшынысы азаяды. Сондықтан Алладан қорқу сезіміне – Оның рақымы мен мейірімінен үміт ету сезімі серік болуы тиіс. Сол кезде адам бойында белгілі бір тепе-теңдік пен тұрақтылық орнайды. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистері адам өмірін жүйеге келтіруде қорқыту әдісін қолданса, енді бірде адамды ізгілікке ынталандырып, үміт сәулесін сыйлайды. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, адам санасы мен оның психологиясы тек қана қорқынышпен жүруге шыдас бермейді. Адамға міндетті түрде үміт сыйлайтын, алға ұмтылуға жігерлендіріп, ынталандыратын нәрсе қажет. Құран мен хадис адамның бұл қырын да назардан тыс қалдырмаған. Адамды салиқалы амалдар жасауға ынталандырып, оның қарымы ретінде бұл дүниедегі тыныш әрі рахат өмірмен және ақыреттегі жәннат және оның ішінде берілетін нығметтермен қызықтырады. Бір нәрсеге үміттену, қызығу және жігерлендіру адам бойындағы құмарлық сезімін оятады. Оның өмірге деген құлшынысын оятатын механизмнің іске қосылуын қамтамасыз етеді. Зигмунд Фрейдтің айтуынша: «Адамдағв шаһуат әрі құмарлық сезімі – оның барлық іс-әрекетінің негізі болып табылады». Ал Ислам ғұламаларының көзқарасында құмарлық және шаһуат – ақыл мен жүрекке бағынған жағдайда өзіне пайдалы деп білген нәрсеге қол жеткізумен байланысты оянатын сезім. Алланың рақымы мен мейірімінен үміт ету – адамның әр ісін тиянақты жасауға негіз. Алайда үміт ету мәселесінде де адам шектен шықпауы тиіс. Себебі Алланың азабын ұмыт қалдырып, шектен тыс үмітке берілу – адамның Алла мен өзгелер алдындағы міндетіне немқұрайлы қарауына апарады. Олай болса, мұсылман адам әрдайым – үміт пен үрейді тең ұстағаны жөн. Үміт пен үрей – жүректің рухани ауруларын емдейтін екі дәрі іспетті. Бірінің екіншісінен басым келуі – жүректегі ауру түрінің басымдығына байланысты. Мәселен, жүрек шектен тыс үмітке беріліп, Алланың азабын естен шығарса, нәпсінің жетегіне еріп, ғибадат-құлшылығы мен адамдар алдындағы жауапкершілікке немқұрайдылық танытса, үміттің тепе-теңдігін қалпына келтіру үшін қорқынышқа басымдық беріледі. Ал керісінше, қорқыныш шектен шығып, адамның ғибадаты мен басқа да іс-әрекетін орындауға деген құлшынысын төмендетіп жатса, онда үмітке басымдық береміз. Нәпсі тәрбиесін зерттеуші ғалымдар: «Адам денсаулығы бар кезде және еңбек етіп, қам-қарекет қылуға күш-қайраты тасып тұрған шағында қорқынышқа, ал ауырғында немесе өлім төсегінде жатқан кезінде үмітке басымдық бергені жөн», - деген. Өйткені бойдағы күш нәпсінің қалауларын арттырады. Міне, осы кезде нәпсінің хайуани қалауларынан тежеп отыратын қорқыныш секілді сезім қажет. Ал адам ауырғанда немесе өлім төсегінде жатқан кезде нәпсі бір нәрсе қалауға қауқарсыз, бұл кезде адам үмітке басымдық бергені жөн. Адам үміт пен үрей арасында, өзара тепе-теңдікті сақтай отырып Аллаға жалбарыну керектігі Құран аяттарында айтылады: «Расында, олар (Зәкәрия, жұбайы және ұлдары Яхия) жақсылық жасауда бір-бірімен асыға жарысатын, сондай-ақ (рақымымыздан) үміт еткен, әрі (қаһарымыздан) қорыққан күйде Бізге жалбарынатын» («Әнбия» сүресі, 90-аят). «олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді» («Сәжде» сүресі, 16-аят). Мына мәселені де ескерген жөн. Адамның табиғаты әртүрлі болып келеді. Бір адамға үміт жақсырақ әсер етсе, енді бір адамға қорқыныш оң әсерін тигізуі мүмкін. Мәселен, бір адам Алланың азабынан қорқу себепті өзін қолға алып, өмірін ретке келтіреді. Өйткені оның табиғаты нәпсі қалауларына қарсы әлсіздік танытқыш немесе жүрегіндегі рухани дертке байланысты күнә алдында қауқарсыз болуы мүмкін. Түсініктірек болу үшін мысал келтіре кетейік. Мысалы, бір адам арақ құмар. Араққа деген әлсіздігі тым қатты. Арақ десе ішкен асын жерге қояды. Арақпен шөлін қандырғанша тыныш таппайды немесе қолына ақша тисе арақ пен құмарханадан бірақ шығады. Мұндай адам жасап жүрен күнәсімен қоса, үмітке басымдық беретін болса, «Құдай Өзі кешіреді ғой» деп, күнәні белшесінен басып жүре беруі де ғажап емес. әрине, Алла тағала шексіз мейірім Иесі. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Алайда бұл күнә жасап жүре беру керек дегенді білдірмейді. Құранда Алла тағала: «Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында да тым қатты» («ибраһим» сүресі, 7-аят), - дейді. Сол себепті адам бұл мәселеде абай болғаны жөн. Асылында, жүректің белгілі бір рухани ауруына немесе қандай да бір күнәға тәуелділік, оңай құтыла салатын нәрсе емес. Оған үміт пен қорқыныш арасын саралай отырып, дәлдікпен жақындау қажет. Сондықтан мұндай адам қорқыныш бар жерде ғана өзін ғапылдықтан оятып, күнәні тастап, жақсылыққа қарай бет бұрады. Ал енді бір адам керісінше, үмітке берілу себепті өзін қолға алып, өмірін ретке келтіреді. Себебі нәпсі қалауларына төтеп беріп, күнәлі істен өзін дер кезінде тыя алады, жүректің ешқандай ауруына тәуелділігі жоқ. Сондықтан алға қойған мақсатына еш кедергісіз жол тартады. Мұндай адам көбіне үмітке беріліп, Алланың мейірімі мен махаббатын ойлап өмір сүргенді ұнатады. Бұл адамға келіп «Алланың азабынан қорықсаңшы»» деп міндеттейтін болсаңыз немесе үмітін қорқынышқа алмастырсаңыз, ол өзінің мақсатынан айырылып қалуы мүмкін. Өйткені оған күш беріп тұрған нәрсе – үміт. Ол үмітке берілу арқылы Алламен байланыс орнатқанды қалайды. Демек, адамның өзін қолға алып, өмірін ретке келтіруге үміт пен үрейдің қайсысы сай келсе, соған басымдық берілген жөн. Кейбір психологтар және соларды оқып немесе тыңдап жүргендер қорқыныш эмоциясын мүлдем қажет емес, адамға зиянды, негатив сезім ретінде көрсетіп, тіпті жоққа шығарып тастайды. Алайда шариғат олай істемейді. Ислам діні орта жолды ұстанатын дін. Әр нәрсенің өлшемін белгілеп, мөлшерін қояды. Дұрысы да – осы. Сондықтан қорқыныш дұрыс әрі өлшеммен шектен шықпай қолданылған жағдайда – адамды үлкен жетістіктерге жеткізетін факторға айналады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |