11:41 Пилоттық жоба | |
ЖЕРГІЛІКТІ ҚОҒАМДАСТЫҚ БАСТАМАЛАРЫ Елімізде жүргізіліп жатқан тың және соны бастамалар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын оңтайландыруға бағытталып отыр. Кезінде қолға алынған ауыл әкімдерін сайлау өз жемісін және де беріп отыр. Енді ірілі-шағын ауылды елді мекендерде жергілікті қоғамдастық құру пилоттық жобасы қолға алынуда. Жуырда Лебяжі ауданына қарасты Қызылағаш ауылдық округі әкімшілігінің мұрындық болуымен жергілікті қоғамдастықты құрудың бастамалары бойынша ауыл тұрғындарының қатысуымен жиын өткізілді. Бесқарағай ауылына бас-көз болып отырған ауыл әкімі Ж.Байтілеуова тізгіндеген атаулы жиынға Лебяжі аудандық мәслихаты хатшысы һәм осы ауылдан аудандық мәслихатқа сайлаған халық қалаулысы Қ.Әлтаев, «Нұр Отан» партиясының Лебяжі аудандық филиалы төрағасының орынбасары С.Мусинова қатысты. Кіріспе сөзінен кейін Жанат Шоқанқызы бесқарағайлықтарға жергілікті қоғамдастықтың мән-жайынан тұщымды түсініктемелер берді. Атап айтқанда, бұдан былай жер, мүлік, көлік, табыс салықтарынан жиналатын қаржы-қаражат ауылды көріктендіруге, санитарлық тазалығын сақтауға, тұрғындарды қысқы және жазғы сумен қамтуды реттеуге жұмсалатын болады. Сол себептен ауыл тұрғындары ішінен жергілікті қоғамдастық құрамына белсенді тұлғаларды сайлау керек екен. Сайланған комиссия өз кезегінде салықтардан түскен қаржы-қаражатты ауыл игілігіне тиімді пайдалануды қарастырып реттейтін болады. Оның үстіне жеке сайланатын шағын комиссия түскен қаржы-қаражаттың дұрыс пайдаланылуына есеп жүргізетін болады. Ауыл әкімінің айтуынша, салықтардан түсетін қаражат көлемі шығыннан қарағанда екі есе аз. Демек, кіріс шығысты өтей алмайды. Шығынның қомақты бөлігі ауылды сумен қамтуға кетеді екен. Сондықтан болашақта су мәселесін қаржыландыруды аудандық тұрғын-коммуналдық шаруашылығы бөліміне аударуды қарастыру қажет. Жиын барысында ауылдың көшелерінен бір-бір белсенді тұлға жергілікті қоғамдастық құрамына мүше болып сайланды. Ал Е.Аубакиров осынау құрам мүшелеріне төраға болып тағайындалды. Сонымен бірге қаржыны бақылау жағынан сауаты бар үш ауыл тұрғыны жергілікті қоғамдастыққа жеке құрам болып бекітілді. Бір ауыздан сайланған жергілікті қоғамдастық өз кезегінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бойынша белсенді жұмыс атқарады. Жиналыстарда бас қосып, орындалған қызметі хақында ауыл әкіміне есеп беретін болады. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті өзін-өзі басқаруға өз тарапынан қолғабыс-көмек көрсететін болады. Жиынға қатысқан Қанат Мыңтайұлы да өз сөзінде пилоттық жоба ретінде қолға алынып отырған жергілікті қоғамдастықтың баянды болашақта ел жолындағы игілігі артатынына үлкен сенімділік білдірді. Сол сияқты аудан орталығынан келген өкіл бесқарағайлықтарды тағы бір жақсы жаңалақпен қуантты: айта-айта, жаза-жаза әбден ығыр болған Бесқарағай – Аққу елді мекендердін жалғайтын тас жолға жөндеу жұмыстары басталып кетті. Тозығы жеткен тас жолды жөндеуге қырық миллиондай теңге шығындау жоспарланыпты. Аудан орталығынан басталатын тұстан екі жарым шақырымға су жаңа асфальт төселсе, жолдың қалған сегіз шақырымдай бөлігіне шұңқыр-тесіктерін бүтіндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал аудандық мәслихаттың депутаттық корпусы, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, қоғам белсенділері жолды жөндеуге бөлінген қомақты қаржыны орынды жұмсалуына, атқарылған жұмыстардың сапалы жүргізілуіне бақылау жасайтынын жеткізді. Сонымен, пилоттық жоба ретінде бастау алған жергілікті қоғамдастық жұмысына сәттілік тілейік бір ауыздан. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы | |
|
Всего комментариев: 0 | |