12:23 Ойлау және сөйлеу | |
ЕСКЕРУ КЕРЕК ЕКІ ЕРЕЖЕ «Ділмарлап сөйлеу – үлкен өнер, бірақ тоқтар уақытыңды білуің қажет». Вольфганг Амадей Моцарт Адамға ақшадан да, күллі байлықтан да қымбат ұғым – уақыт. Көпсөзділікке салынып, көпшілікті жалықтырып, алтын уақытын ұрлау – құрметсіздік. Түрлі жиында микрофон тисе, бір өзі сөйлеп, өзгені күттіріп, бір сөзді екі-үш рет қайталап, сахнадан кетпей тұрып алатын адам – халық көзіне өте түрпідей әсер етеді. Жүсіп Баласағұни ғұлама айтқандай «Көп ойлап, жақсы сөйле нұсқа болсын, Қайтарар жауабың да қысқа болсын». Бұл сіздің бағаңызды арттырмаса, абыройыңызды түсірмейді. Қисынын келтіріп, нақты сөйлеген адам жұрт жадында ұзақ сақталады. Уақытқа бағыну, санасу – кәсіби адамның әрекеті. «Мені ғана тыңдасын» дегендей өзімшілдікке салыну дұрыс емес. айтып жатқан әңгімені қайталап, ұзақ сөйлеп, тоқтамай бір ойды қуалай беруден ешкімге жағымды әсер сыйлай алмайсыз. Нақты сөйлеп үйреніңіз. Бұл – сөйлеу өнеріндегі басты талап. Шешендік өнердің бір шарты ұзақ сөйлеу деп ойласаңыз қателесесіз, керісінше, ол нақты сөйлеу, айтар ойды дәл жеткізе білу. Ескеру керек ереженің екіншісі – мағынаға мән беру. Көп адам бір әңгімені бастап, аяғын таппай қалады. Келесі бір жаңа тақырыпты бастап, айтар ойын шатастырып, бірді айтып екіге көшеді. Ойы шашырап кеткен соң, тыңдап отырған адам да ақпаратты қате қабылдауы мүмкін. Демек, мағынасыз әрі ұзақ сөйлей беру адамның білімсіздігін көрсетеді. Көпшілік алдына шығып сөз бастамас бұрын ойды жүйелеу, мағынасын ашып тыңдарманға түсінікті жеткізу үшін дайындалу, айтылатын тақырыпты бөліп, реттілігін сақтау – өте маңызды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |