09:32
Құндылық қадамы

ЖАУАПКЕРШІЛІК

Әңгіме

#3 Дерттің емі табылды

Ертеде ақшасы мен дәулетінің көптігіне қарамай өмірінен түңіліп, өмір сүруден жалыққан бір ханзада болған екен. Достары, іні-бауырлары аңшылыққа шығып жүргенде жаңағы ханзада бөлмесінен шықпай еш нәрсеге қызықпайтын болады. Баласының мұндай жағдайын көрген әкесінің жүрегі ауырады.

Бір күні хан сол елдің ең білімді ғұламасын шақырып, баласының дертіне бір дауа табуын бұйырады. Ойлануға бар-жоғы бір апта беріледі де, ешандай шешім табылмайтын болса, ғұламаның өміріне қиянат жасалатынын ескертеді.

Қария күн демей, түн демей ойланса да ешбір амал таба алмаған соң, өлкеден қашып кетуді жоспарлайды. Жақындарымен қоштасып, жиған-тергенін арқасына артып кетіп бара жатып бір ауылдың маңайында қой бағып жүрген жас қойшыны көреді. Онымен біраз әңгімелеседі. Қойшы: «аға, аз уақытқа қойларымды бағып берсеңіз. Түскі асымды алмай шығыппын, соны ала келейін деп едім», - дейді.

Ғұлама біреуге болсын жақсылығым тисін деген ниетпен қуана келіседі. Бар ынта мен назарын мойнына алған жауапкершілігіне салып тұрғанда, бір қозы ойнап ор ішіне домалап түседі. Қойшы баланың алдында ұят болды-ау деп, ғұлама қозыны құтқармақшы болады да, ордың ең астына түседі.

Қозыны арқасына байлап ордан шығуға тырмысады. Бірақ қозының ауырлығынан көпке шыдамай қайта орға құлайды. Қайта тырмысып, қайта құлап әрең дегенде қозыны ордан алып шығарады.

Жас досына берген уәдесін орындау үшін, бір қозыны құтқарам деп жанталасқаны, өзінің басындағы жағдайы, өлкені тәрк етіп бара жатқаны есіне түсіп ойланады: «Кімде-кім бастаған ісиің сәтті аяқталуын мақсат етіп, қойған мақсатына толық берілген болса, ол кісінің ешқашан іші де пыспайды, басқа еш нәрсені көңіліне де алмайды».

Осыны ойлап ғұлама қашудан бас тартады. Ханның алдына барып:

- Уа, мәртебелім, егер ханзаданың еш нәрсеге қызығушылығы жоқ болып іші пысса, өмірден түңіліп жүрсе, оның мойнына жауапкершілік эүктеңіз, бос уақыт болдырмайтын тапсырма беріңіз. Ішпысқандықтың, өмірден түңілгендіктің негізгі себебі – еріккендік. Беретін тапсырмаңыз қаншалықты үлкен, жазасы қаншалықты ауыр болса, балаңыздың өмірге деген көзқарасы соншалықты тез өзгеріп, құштарлығы артып, жаңадан тыныс алғандай болады, - деп айтып, өмірін сақтаған екен.

 

#4 Уәдеде тұру

Мансұр әкесімен болған әңгімені денис досымен бөлісті. Денис те Мансұрдың айтқанына қосылып, компьютер клубында видео ойын ойнамайтын болып шешті.

Сол кезде Алдияр жандарына келіп:

- Мансұр, Денис, кәне, клубқа кеттік, - деді.

Екі дос бір-біріне қарап:

- Біз бүгін клубқа бармаймыз, - деді.

Алдияр:

- Не болған сендерге? Кеше кешке дейін ойнаған едіңдер ғой, - деп мазақтап күлді.

Мансұр әкесіне берген сөзін есіне түсіріп:

- Жоқ, Алдияр, мен әкеме клубқа бармаймын деп сөз бергенмін, - деді.

- Ал сен клубқа барғаныңды айтпай-ақ жасырын барсаң болмай ма?

- Алдияр, мен кеше клубқа сен шақырған үшін ғана бардым. Бар ақшамды да соған жұмсап тастадым. Ол жақта отырғанша, біз алаңда футбол ойнаймыз, - деді.

Алдияр Дениске қарап:

- Сен барасың ба? – деп сұрады.

Денис:

- Жоқ, мен бармаймын, - деді.

- Бармасаңдар қойыңдар, - деп Алдияр ренжіп кетіп қалды.

Алдияр клубқа барып ойын ойнай бастады. Қасында достары болмаған соң іші пысып, аздан кейін ауладағы достарына қайта қосылды. Мансұр әкесіне берген сөзінде тұрғаны үшін қуанды.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 3 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: