17:18 Наурыз нақыштары | |
АУЫЛДЫҢ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ Наурыздың он төртінде ауа райы қанша жерден құбылмалы болғанына қарамастан, қар жылудың екпінімен бой бермей еріп, айналаны шалшыққа бөледі. Ықылымнан бері табиғи заңдылығынан жаңылып көрмеген ырым-жоралғы бойынша қырық торғайға ішуге де, «»асыр салып ойнауға» да еріген су мейілінше жететін болды. Сол мезгілден бері күн мен түн теңелгенше дейін айнала қардан арылып, қара жердің ажары жадырауға бет алды. Күннің нұр-сәулесі молайып, ауа райы сондай жылып сала берді. Әз-Наурыздың құдіреті осындай екен! Ұлыстың ұлы күнінде, 22 наурызда, Бесқарағай ауылында Наурыз мейрамы игі дәстүр ізімен тойланды. Мектептің кең де жарқын спортзалында күні бұрын жайғастырылған үстелдеріне ауылдың көшелері бар, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі бар, Қызылағаш ауылдық округінің аппараты бар – жалпы жиыны алты ірі дәм-тұзды қазақы дастарқан жайылды. Олардың үстінде сыйлы қонаққа тартылатын бас табақтан бастап басқа да ұлттық тағамдар үйлесім таба жайғастырылды. Шат-шадыман бесқарағайлықтар мен «осынау игі кең жерге» арнайы келген қонақ-меймандар дастарқандарды жағалай жайланып отырысып, бір-бірін Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен жылы жүз таныта құттықтап, құшақтаса төс қағыстырды. Шын жүректен әзірленген һәм тіл үйірер тағамдардан татып отырды, тойдың бас сусыны Наурыз көжені сапыра құйып ұсынды. Қазақтың қандай тойы қызықсыз өтіп еді? Ауыл көшелерінің намысын абыроймен қорғауға бекем бел буған бесқарағайлықтар қасиетті киіз үйдің жартысын айшықтап тұрған импровизацияланған сахна төрінде қазақтың салт-дәстүрлерін ұжымдық бірлік арқасында көрсетіп бақты. Айталық, мектеп ұжымы қазақ жастарының басын қосуға бағытталған бастаңғыны сахналаса, Береговая, Құсайынов, Жанғожин, 1 Май көшелері үйлену тойының бір тармағын көрсетті, ал Пушкин көшесі тұрғындары өз алдына баланы бесікке бөлеуді мазмұнды түрде интерпретациялағанда қуыршақты пайдаланбай, киелі бесікке үшінші айына міне-міне толғалы отырған нәрестені жатқызды, Оспанов көшесінің тұрғындары баланың тұсауын кесуге арналған шағын көріністерімен көзге түсті. Бесқарағайдағы осынау қызықтың көркемдік қуатын әрлеу үшін аудан орталығы Аққудан өнерлі тұлғалар шақырылды. Салт-дәстүрлерді көрсету арасында әншілік өнерімен танымал А.Мұхамедин, А.Хамзин сынды аққулықтар, сонымен бірге бесқарағайлық әнші Л.Сейітова қазақ әндерін шарықтатты. Мектеп жанындағы «Айналайын» шағын орталық бүлдіршіндері сахналаған айтыс барлық көрермендердің көңілінен мейілінше шығып, ұзағынан соғылған құрмет-қошеметке бөленді. Қазақы әндердің, әйгілі «Қара жорғаның» әуеніне еліктеген бесқарағайлықтар да, қонақ-меймандар да шат-шадыман көңіл-күймен қазақы бидің қызығына күмп берді. Шара соңында салт-дәстүрлерді көрсеткен ауыл тұрғындарына, әншілік өнерімен көзге түскен жекелей тұлғаларға «орамал тоң болмайды, жол болады» демекші естелік сыйлықтар табысталды. Түс ауған соң мектеп спортзалында волейболдан, білектесуден, арқан тартысудан спорттық шаралар ұйымдастырылды. Олардың жүлдегерлеріне ақшалай гонорар тағайындалды. Ал көз байланып, ымырт жабылар шақта ауыл жастары би кешінде бас қосып, бір сергіп қалды. Сайып келгенде, өз алдына елді мекен болып отырған Бесқарағай ауылы Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызды тойлауды биыл да ұзағынан есте қаларлықтай етіп мейрамдата мерекеледі. Жылқы жылы кең-байтақ жеріміздің ауылдарын да, қалаларын да қыр-қырынан өркендетіп, адамгершілікті асқақтатсын. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |