17:14
Наурыз нақыштары

МЕКТЕПТЕГІ НАУРЫЗ-ДУМАН

Ен де дархан далаға, сән де зәулім қалаға наурыз айы келісімен, Табиғат-Ана түрленіп, жазғытұрымға қарай бет түзеп, жылуы мен шуағын аямай шашып, алтын Күн сәулеленіп нұрлануда. Сірескен қар сай-жылғалай бұлақтанып, қасиетті Жер-Ана бір бусанып жасаруда.

Қандай да бір игі дәстүрдің болып, заңды жалғасын тауып отырғаны қандай жақсы. Ұлыстың ұлы күні  үмітке жетелейтін наурыз айымен келеді. Наурыз мейрамын мерекелеу-тойлауда Қазақ елі, Қазақстанның орны басқа да Шығыс елдерінің, Түркі тектес ел-жұрттың ортасында өздігінен айырықша, өз алдына дербес қой, шіркін!

Жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде жаз хабаршысы көктемнің осынау мейрамына арналған «Наурыз-думан» атты ұлттық өнеге-тағылымға самсап тұрған оқушылар сын-байқауы ұйымдастырылды да өткізілді. Атаулы шараға оқу ордасында оқу-тәрбие алып жүрген 5 – 10 сынып оқушылары қатысып, өзара қызықты тартысқа түсті. Ал олардың қаншалықты һәм қай деңгей-дәрежеде өнерлі әрі тапқыр екендігін бағалайтын әділқазы алқасы үштігі де сайланып алынды. Сын-байқау өз бойына бес түрлі кезеңді жиған сынамалардан құрылымдалды. Атап айтқанда, өз-өзін ерікті түрде таныстыру, көркемөнердің бір түрін орындау, қазақ халқының көнеден келе жатқан һәм өнеге-тәлімі бағалы салт-дәстүрдің бірін сахналап көрсету, ұлттану бағытында төрт сұрақ-сауалдан құрылған тапсырмаларға толық жауап беру және мақал-мәтелдердің екінші бөлігін толықтырып айту.

Сын-байқауға түскен сыныптар оқушылары дайындықтың небір тамаша үлгілерін көрермендер назарына мейілінше ұсынды. Айталық, таныстыру кезеңінде 5 қазақ сынып оқушылары Аяулым Ерсайын мен Гүлзира Джумашева жұптасып шықса, 8 сынып оқушысы Ақжол Әлімбет жалғыз өзі шығып, бүкіл сынып намысын қорғады, ал 10 сынып оқушылары Айнұр Садуақасова, Анель Батырханова, Нұргүл Жоламанова, Аңсарым Омар және Ермек Нұрмахин бір-ақ шығып, ұжымдық бірлік танытты, 5-6 орыс сыныптары намысын Алина Жанпейсова мен Игорь Смакотин жыртса, Мәдина Мурсалимова жалғыз өзі бүкіл 9 орыс сыныбын жерге қаратпауға тырысты. Өнер көрсетуде қазақтың ұлттық биі, өмірлік тақырыпты ту еткен қазақ әндері шарықтады. Салт-дәстүрді сахналауда қатысушылардың барлығы дерлік ұжымдық бірлік танытып, бір адамдай қатысудан аянып қалмады. Шашу шашу, баланы бесікке бөлеу, баланы қырқынан шығару, баланың тұсауын кесу сияқты кереметтерді оқушылар нақышына келтіріп көрсетуде барын да, нарын да салды. Ұлттануда да, мақал-мәтелдерді толықтыруда да талапты оқушылар абыройлы белсенділік танытты.

Сын-байқаудың кезеңдері арасында мектеп жанындағы «Айналайын» шағын орталық тәрбиеленушілері һәм бастауыш сынып оқушылары көркемөнердің үлгілерін тамашалатты. Әсіресе шағын орталықтың кішкентай бүлдіршіндерінің айтыстың үзіндісін сахналағаны қадірменді көрермен көңілінен мейілінше шықты.

Наурыз мейрамы болғандықтан шашусыз болмайды ғой әлбетте. Осынау қызыққа толы шарада шашу бір емес, бірнеше дүркін шашылды. Көрермендер, оның ішінде балалар тәттіге мейілінше тойынып, нұрланған жүздерінде қуаныш пен мейрамның сәулесі атойлады да ойнады. Қошемет те ұзақ көрсетілді.

Әділқазы алқасының адал шешімімен «Наурыз-думан» сын-байқауының бірінші жүлдесін 8 сынып оқушылары жеңіп алса, орыс тілінде оқитын 5-6 сынып оқушылары екінші орынды еншіледі, ал 10 сынып оқушылары үшінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Қатысушылардың барлығы марапатталды.

Игі дәстүр ізімен мектеп асханасында Наурыз көже молынан ұсынылды.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 759 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: