11:43 Ұлы Жеңіс ұлағаты | |
ЛЕБЯЖІ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні күні кеше мерекеленіп өтсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Лебяжі өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес. Канашев Қалияр Қанашұлы 1916 жылы Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Әскер қатарына 1939 жылы алынып, 1941 жылы 310-атқыштар дивизиясында жаяу әскер қатарында жауынгер болды. Ленинград үшін күрес майданына қатысып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Мергендік қозғалысын көрсеткен Г.К.Жуков басқарған майданға қатысып, бірінші болып Берлинге кіргендердің бірі болды. 1945 жылы Жеңіс күнін Берлинде қарсы алып, қаланы фашис басқыншыларынан азат етіп, 1946 жылы елге оралды. Бейбіт өмір кезеңінде туған ауылында еңбек жолын шопандық, бригадирлік, кәсіподақ бағытындағы жұмыстарды атқарумен болды. «Германияны жеңгені үшін», «Ерлік үшін», көптеген мерейгерлік медальдармен марапатталды. Кашев Құбайдолла 1926 жылы Лебяжі ауданы Шарбақты ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1944 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылды. Жеңістен кейін, 1945-1947 ж.ж., Германияда, 1947-1950 ж.ж. Калининград қаласындағы Прибалтикалық әскери округте қызметте болып, елге оралды. Бейбіт уақытта Шарбақты ауылдық Кеңесте хатшы, Лебяжі АІІБ, Малыбай ХПП директоры, ПМК-567 бас бухгалтер қызметтерін атқарды. «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерейгерлік медальдармен марапатталды. Кащеев Илья Кузьмич 1914 жылы Ресейдің Курск облысында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1955 жылы Лебяжі ауданына қарасты Восточное кеңшарына көшіп келді де, механизатор, механизаторларды бригадирі, құрылыс үлескісінде пеш қалаушы қызметтерін атқарды. «Құрмет Белгісі» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін», « Еңбек ардагері» медальдарымен наградталды. Костин Ефим Константинович 1914 жылы Ресейдің Киров облысы Уржум ауданы Селенур ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1960 жылдан бастап Лебяжі ауданы Восточное кеңшарында ағашпен жұмыс істейтін маман болып қызмет етті. «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл ту» ордендерімен, бірнеше медальмен наградталды. Козинский Дмитрий Андреевич 1925 жылы Павлодар облысы Бесқарағай ауданы Сосновка ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1945 жылы 24-атқыштар полкінің құрамында Жапонияға қарсы ұрыстарға қатысып, бөлімшенің командирі болды. Соғыстан кейінгі бейбіт күнде ұзақ жылдар бойында Лебяжі ауданы Жамбыл ауылында ағашпен жұмыс жасайтын маман қызметін атқарды. «ІІ дәрежелі отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Маршал Г.К.Жуков» һәм басқа мерейгерлік медальмен наградталды. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |