22:25 Ұлы Жеңіс ұлағаты | |
ҰМЫТЫЛМАС ЕРЛІК Күннің нұрымен жаймашуақтанған Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқақтаған мерекелік күні Бесқарағай ауылында бірнеше тағылымдық-тәрбиелік іс-шара жүзеге асырылды. Орталық көшеге жиналған мектеп оқушылары, мұғалімдер, ауыл тұғындары қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан бесқарағайлықтардың аты-жөні һәм туған жылы жазылған, сонымен қатар фотосуреті бар қолдан жасалған планшеттерді жоғары ұстап, осымен екінші мәрте «Мәңгілік полк» игі акциясына қатысты. Ұзағынан созылған шеру сол бетімен Ұлы Отан соғысына қатысқан бесқарағайлық жауынгерлер рухына арналып тұрғызылған Даңқ орнына беттеді. Ауыл тұрғыдарымен қатар осынау қасиетті орынға алыс-жақыннан арнайы келген қонақ-меймандар да мейілінше жиналды. Биылғы жылы күрделі жөндеуден өткен Даңқ орны қазір көзге тартымды кейіпте. Соғысқа қатысқан Бесқарағай ауылының жауынгерлерінің есімдері қашалған мәрмәр тас жаңартылып, ондағы есімдер тола түсті. Жаңа төсеме төселді. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті орын бір жаңартылды. Шара барысында бір минөттік үнсіздік болып, батырлар аты-жөні бедерлеген мәрмәр тасқа алқызыл гүлдермен тағзым етілді. Даңқ орнында өткізілген митингіде күркіреген күндей өткен сұм соғыстан оралмағандар, бейбіт өмірде дүниеден озған соғыс ардагерлері рухына арнап, ауыл молдасы Ж.Оспанов Құран оқыды. Қызылағаш ауылдық округі әкімі Ж.Байтілеуова өз сөзінде жиналған қауымды осынау маңызды мерекемен құттықтап, игі тілектерін Күн нұрындай жаудырды. Сонымен бірге күні кеше ғана аймақ орталығы Павлодар шаһарында өткен мерекелік салтанатты жиында Бесқарағай ауылында тұратын шежіредей көзі тірі соғыс және еңбек ардагері Қаблен Қасеновке «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағы берілгендігін зор мақтанышпен паш етті. Даңқ орнына арнайы келген соғыс ардагері, қарт майдангер Қаблен ақсақал өз кезегінде соғыстың соңғы кездерінде басынан өткен сәттерді бір мезгіл еске алып, ұйып тыңдаған кейінгі ұрпаққа Бейбітшіліктің қаншалықты қымбат һәм асыл екенін артық рет нақтылай түсті, аталық тілегін батамен айшықтады. Соғыс кезінде тылда аянбай еңбек жасаған тыл ардагері Бизат Жүнісова да, соғысқа қатысқан Рамазан ақсақалдың ұлы, Лебяжі ауданының Құрметті азаматы Балташ Әлкеев те өз игі тілегін жеткізді. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары жылдағы игі дәстүр ізімен Ұлы Жеңіс тақырыбын ту еткен өлең шумақтарын әдеби монтаж түрінде ұсынды. Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейіне деген құрметтің шынайы үлгісін Бесқарағай ауылының зейнеткерлері – Думаш Ақатаев, Сәдібек Темірғалин, Мұратбай Ахатов, Жеңіс Молдажанов көрсетті. 9 мамырда таңғы сағат алты жарымда Бесқарағайдан он екі шақырымдай орын тепкен аудан орталығы Аққу елді мекеніне жаяу сапар шегіп, межелеген орынға барып, серт беріп, кейіннен автокөлікпен ауылға жеткізілген төрт жігерлі спортшыны ауылдастары ду қол шапалақпен қарсы алып, зор мақтанышты құрмет көрсетті. Осынау жаяу-жүгіру акциясын аталмыш зейнеткер ағалар күні бұрын Қазақстан Республикасы Отан қорғаушылар күні қарсаңында жеті-сегіз шақырымды қамтып жатқан Подпуск және Бесқарағай елді мекендері арасында да өткізген-ді. Болсақ егер, осы үлгі тұтар ағалардай болайық. Мереке мектеп алдындағы импровизацияланған сахнада «Ұмытылмас ерлік» атты концертпен жалғасты. Онда қарт майдангер, қадірлі ардагер Қаблен ақсақалдың немере-шөберелері бірі домбырамен, бірі қазіргі заман әуенімен көркемдік өнерлерін көрсетті. Соғысқа қатысқан марқұм Жанпейісов Зейнолла ақсақалдың шөбересі балдай тәтті тілімен өлең шумағын жатқа оқыды. Сонымен қатар Ерсайын Ибрагимов баян музыкалық аспабының сүйемелдеуімен, Дәметкен Дөненбаева, күміс көмей бойжеткен әнші Алуа Увакова Ұлы Отан соғысы тақырыбын қамтыған әскери әндерді шырқаса, 2-3 және 5-6 сынып оқушылары елжандылық әндердің бір парасын орындады. Жеңіс күні мерейленді. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |