19:36
Ұлы Даланың рухани жауһары

Қ.НАЙМАНБАЕВ / КӨКТӨБЕ

Бұл романды жазу жазушыға қиынға соққан жоқ. Өйткені, өзі жақсы білетін ауыл, ауылдың адамдары. Ең бастысы, адамдары, әрине.

Жазушы  сонау кездің өзінде-ақ ауылдағы бүгінгі жағдайды жанамалап болса да болжап айтқан екен. Бұдан отыз-қырық жыл бұрын тәуелсіздік туралы ойлаудың өзі күпіршілік көрінетін күндерде ел, жер жайында ең алдымен, жазушы жұрттың күдіктене бастағанын көзі ашық кісі іштей сезетін. Сол күдікшілдердің бірі Қалдарбек Найманбаев болатын.

Екі кітаптың өнбойында да алып бара жатқан аласапыран оқиға жоқ. Сырт көзге бәрі де тіпті қоңырқай тіршілік болып көрінуі мүмкін. Шынында да бұл - боямасыз өмір. Жетпісінші жылдардағы ауыл тынысы, ауыл адамының бойындағы психологиялық өзгеріс. Бұл - ескі мен жаңаның күресі емес, басқа бір өзгеріс.

Романның басты кейіпкері – Тұрарбек батыр да емес, бай да емес, институт бітірген жас маман. Оқудағы соңғы жылы, үйленуі, кездейсоқ достарынан айрылуы, ауылға қайтуы – бәрі-бәрі оны өзінше бір сынақтан өткізгендей болған. Келгеннен кейін де жырғап кеткені шамалы. Тағы теперіш, тағы төңтеріс тірлік. “Сендейдің талайын көргенбіз, қайтер екенсің”, дейтіндей. “Білсең осы, білмесең, диірменге тартып ұнтақтап жібереміз...”

Үгіліп, ұн боп кету оңай. Ал, бас көтерсең, барар жер, басар тауың бар ма? Көлеңкесімен қорғайтын дөкей туысың... Әйтпесе, бәрін ақшаға сатып алатын алпауыт ағаң... Түк таппағанда, қайын-жұртың... Тіпті құрып кеткенде, бүгін көмектескен болып, ал, керек кезінде сені қолшоқпар ғып жұмсайтын достарың ше?

Мұның бәрінен Тұрарбек жұрдай болатын. Бары – жауаптылық пен жанкештілік. Соңғысына келгенде ол алдына жан салмайтын. Амал жоқ, сол бойы қоңырқай ауыл тіршілігіне бас-көз демей қойып кетті...

Екі кітаптың да сюжеттік желісін тәптіштеп жатудың қажеті бола қоймас. Себебі, оны оқыған оқырманға таныс болар. Одан да романның кейбір қыр-сырларына назар аударған жоқ секілді.

Ендеше, роман-дилогияның бүгінгі оқушыға әсері қалай?

Біз алдымен, большевиктер одан, кейін коммунистер партиясы деп аталған партияның басшылығымен жетпіс жылдай өмір сүрдік. Бұл жетпіс жыл бекер өткен жоқ. Және оны тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Сызып тастауға болмайды. Айтты-айтпады, сол жетпіс жылдың шындығы қай шежіремізде болса да қалуы керек.

Ал енді осы реттегі көркем ойымыздың өнегесі, тағылымы қандай? Ол кездің әдебиетін тек партияны марапаттаған, партияның қол шоқпары болған десек, бұл - бір жақты пікір. Рас, партиясыз күн жоқ, сондықтан оның сойылын соққандар көп. Сол арқылы атақ-даңққа жеткендер, сол арқылы үлкенді-кішілі таққа отырғандар да жеткілікті. Бірақ, соған қарап, жұрттың бәрі қолына қызыл жалау алып, шапқылап жүрді деу, әрине, артық сөз. Өйткені, сондай қиын кездің өзінде де шындық дейтін қылыштың жүзінен қорықпағандар да болды. Ашық кетпегенмен, партияның “кемеңгерлік” саясатын алға тарта отырып, жаңбыр-жаңбырдың астымен өз ойын, өз көзқарасын емеурінмен жеткізген жазушы аз емес.

Жалпы, өткен ғасырдың 50-80 жылдар арасы қазақ әдебиетінің құлашын кеңге жазған кезеңі болды. Небір айтулы туындылар дүниеге келді. Әдебиетіміздің бір талантты ұрпағы өсіп ер жетті. Кемеліне келді. Кемеліне келген соң тарихты да қопарды, тарихты қопара отырып, сол кезеңнің болмысынан шындық іздеді.

Ол кезең – жақсы шығармаларды тасқа басып шығарудың ең бір қолайлы да, өнімді кезеңі болды. Әрине, сол жақсы шығармалармен талай шикілі-пісілі дүниелердің де араласып кеткені шындық. Бірақ, әңгіме ол қойыртпақтар туралы емес. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 118 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: