20:05
Ұлы Даланың рухани жауһары

Т.ЖҰРТБАЙ / ДУЛЫҒА

Бодандықтың кезінде қазақ тарихындағы әрбір тұлға үшін, әрбір ғасыр үшін күрес жүрді. Әрісін айтпағанда, Сұлтанмахмұтты, Абайды тарихқа қалдыру жолында мылтықсыз майдан жүргені аян. 50-жылдардағы кеңестік идеологиядағы сәл ғана тоң жібуін пайдалана қалып, қазақ қамын жеген азаматтар дереу тарих қойнауындағы тағлымды сыр сандықтарды жарыққа шығаруға талап қыла бастады. Еріксіз кеңес заманын аңсаған қалып көрсетуге тырысты, тәуелсіздік үшін күресті төңкеріс идеясына жұғыстырды, әйтеуір ел санасын оятуға қызмет етті. Елімізді рухани жағынан бүгінгі тәуелсіздігімізге дайындап әкелуде өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе әдебиеттің көне дәуірін тірілтудегі Бейсембай Кенжебаевтың, Әлкей Марғұланның, Әуелбек Қоңыратбаевтың еңбектері тарих көрігі болды. Осы адамдардың ішкі жан дүниесінің қопарылысынан тарих вулканы оянды.

Осындай ояну әдебиетімізге бүгін де керек, бірақ ол бұрынғыдан да гөрі сапалы ояну болса.

Осы ретте жазушы, әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбаевтың “Дулығасы” тарих пен әдебиет арналарының тоғысқан тұсынан шыққан салмақты дүние дер едік. “Дулығаның” екі кітабында айтылған дүниелер талай-талай ғылыми жұмыстарға жүк болуға лайық. Осыншалық тарихты қопару, оның ұңғыл-шұңғылын қарап, тер төгу тек өз елін шексіз сүйген адамның ғана қолынан келер іс болса керек. Кітаптың әр жолы жазушының өз ойымен қайнап піскен, толып жатқан тарихи фактылар өз салыстыруынан өткен, өзіндік ойымен салмақтанған. Мұндағы туындыгердің “мені” өте айқын да сенімді.

Кітап атының “Дулыға” деп қойылуы да орынды. “Дулыға” – “түрік” сөзінің баламасы, “ерлік”, “мықтылық” ұғымын береді. Кітапты ашып қараған адамның рухын көтеретін сөз. Туындыгер одан әрі қарай түрік батырлары туралы тарихи әпсаналарды тірілте отырып, оны тарихтың сан тарамдарымен,  көптеген құжаттар, шежіре, ғылыми зерттеулермен салыстырады. Бұл тұста – тарихтың шым-шытырық іздерін әсерлі жеткізу үшін жазушының машықты қаламы таптырмайтын құрал. Тарих оқиғаларын әсерлі баяндап, жүрекке жеткізе толғау, талдай отырып бүтіндеу - әдебиетімізде Мұхтар Мағауиннің “Қобыз сарынынан” бастау алып, “Қазақ тарихының әліппесіне” (1994) айналған кітаптарынан аса сәтті көрініп еді. Бұл өзі – бір кездегі Радищевтің тарихи жазбалары, Абайдың, Шәкәрімнің  ұлт тарихын пайымдау жолындағы шежірелері, Олжас Сүлейменовтің “Ақын мен Әлібі” сияқты, бүгінгі таңдағы бір соны сүрлеу. “Дулыға” жазушы  Т.Жұртбаев пен зерттеуші Т.Жұртбаевтың бірігіп жасаған азаматтық үлкен еңбегі деп қабылдадық. “Осы еңбегім арқылы Гердер мен Миллерге, Рыбаковқа, тағы сол сияқты ғылымдағы “Кузьминнің балалары” – “кесірлі ғұламаларға” жауап бергім келеді”, - дейді. Батылдық білімдіге жарасқан.

Кітаптың І-томы скиф-ишкуз және ғұн дәуіріндегі түрік батырлары туралы болса, екіншісі түрік және оғыз-қыпшақ дәуіріндегі тарихи аңыздарға әкеледі. Бұлардың барлығы да әдебиетімізде дәл осылай жүйеге түспеген, терең таланбаған мәселелер.

Шындығында, түріктер туралы біздің жыл қайыруымызға дейінгі ҮІ ғасырда жазылған Авеста кітабында (Онда “Тұр” елі, “Тұран” – “Тұр елі” деген сөз), Фирдоусидің “Шаһнамасында”, Қытай жылнамаларында да жазылып қалған. Тіпті б.з.д. скифтерді көзімен көрген жалғыз тарихшы Геродоттың “Тарихында” айтылатын искиттер, парсылардың – сақ, масагеті (ма-сақ) – бәрі-бәрі қазақ, түрік тарихының іздері еді. “Геродотты толықтырудың қажеті жоқ, түсініп оқысақ болғаны”, - дегендей, Геродоттағы тайқазан асып, арбаның үстіне киіз үй тігіп, көшіп жүрген аталарымыздың қазақ болып өз алдына дербес мемлекетке бөлінгенге дейінгі тарихында әлі  анықтала түсетін жайлар баршылық. Сократ айтқан ғой: “Менің білетінім – түк білмейтінім”, - деп. Осы ретте Т.Жұртбаев скифтер туралы мынадай қорытындыға келеді: “Скифтер де, сақтар да, ғұндар да – шығыстан батысқа қарай жыл қайыруымыздан бұрынғы ІІ мыңыншы жылдары қоныс аударған түрік тайпалары, белгілі дәрежеде біздің бойымызда солардың қаны бар деген тұжырымды ұстанамын”, - дейді. Сондай-ақ, М.А.Артамоновтың “Хазарлар тарихы”, А.К.Тереножкиннің еңбектерін талдай отырып, кемерліктер тарихымен жалғастырады. Мидиялықтар, Римге дейін барған ғұндар туралы да көңілге қонымды пікірлер айтады. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 184 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: