20:32 Ұлы Дала елінің дарабоздары | |
БОПАЙ ХАНЫМБопай, Бәтима (шамамен 1690 жылы дүниеге келген, 1780 жылы Елек өзені бойында қайтыс болған) — Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, мәмілегер. Төре тұқымынан шыққан. Бопай күйеуі Әбілқайырдың түпкі мақсаты Жайық қазақтарының, башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екендігін һәм бұл мәселелерді уақытша болса да, Ресей империясына бодан болу арқылы шешуге тырысқандығын терең ұғынған. Сондықтан да Әбілқайырдың саяси қадамдарына қолдау көрсеткен. Бұл ханымның 1731 жылы 22 қарашада орыс патшайымы Анна Иоанновнаға, 1748 жылы 5 қазанда Елизавета Петровнаға, әр уақытта Орынбор әкімшілігі жазған хаттарынан айқын көрінеді. Күйеуінің қазасынан кейін де Бопай ханшайым ұстанған бағытынан таймайды. Әбілқайыр саясатының өз жалғасын табуы баласы Нұралының әке орнын басуына байланысты екендігін терең ұғынған Бопай ханым батыл әрі ойлап-пішілген қадамдар жасайды. Орта жүз бен Кіші жүздің беделді билері мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана, Бопай патшайым Елизавета Петровнаға, келесі күні бригадалық генерал А.И.Тевкелев пен Орынбор губернаторы И.Неплюевке қисынды өтініштер, хаттар жолдайды. Осы хаттарды жеткізу үшін аталмыш екі жүздің 8 беделді биі Орынборға, одан кейін Санкт-Петербургке аттанады. Нұралыны «қырғыз-қайсақ ханы» етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П.Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдауы ханым саясатының жеңісі еді. Бопай ханым Әбілқайыр әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтыла отырып, орынсыз қантөгістің болмауын, ел іргесінің сөгілмеуін қалады. Сол үшін де ол күйеуінің кегін алуға «аттандатпай», Барақ сұлтанды жазалауды орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысты. Қоғам дамуының негізгі көзі тыныштық өмір екендігін, тірлігін ат үстінде өткізген халықтың болашағы бұлдырлығын ұғынған ханым орыс әкімшілігін Елек өзені бойында қала салдыртуға да үгіттейді. Қазақ-жоңғар қатынастарына тигізген әсері, Қайып хан мен Нұралы ханды бітістіруге бағытталған әрекеттері Бопайдың ел бірлігін қамтамасыз етуге тырысқан мәмілегерлік ниетін аңғартады. Бопай орыс-қазақ қатынастарындағы һәм сол кездегі қазақ қоғамындағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқылау үшін Орынбор әкімшілігінің басшылығымен кездесіп, келіссөз жүргізгісі келді. 1740 жылы Санкт-Петербургке ресми сапармен барып, Анна Иоанновнаға жолығу ниеті де болған. Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі Джон Кэстлдің, Әбілқайыр ордасында болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келтіріледі. Бопай Елекке құятын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы қорымда жерленген. Қазақ жеріне жан-жақтан қалмақтар мен жоңғарлардың шабуылы кезінде, Әбілқайыр хан қай елден көмек сұрауды ойлағанда, қасында отырған жанжары Бопай ханым Ресей елімен достық қарым-қатынаста болуды, олардан қару алуды сұрастыру жөнінде бағыт берген ханымның бірі. Тарихта еліне, жеріне деген сүйіспеншілікпен Бопай ханым ел есінде қалған. Ресей елінің император ханымы Анна Иоанновнаның басшылық етуімен елшілікке Тевкелевті жіберіп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту мақсатында Бопай ханым Ресей елшілігін қабылдаймыз деп өз мөрімен қол қояды. Бопай ханым басқа ел басқарушыларға да өзін болашақта үлгі тұтады деп бұл елшілікті үлкен мәртебе тұтты, қазір ол тарихта қалды. Бопай ханшайымның кесенесі болған, қаншама адам барып табынып отырған. Бопай анамыздан жаны қысылғанда, жәбірленгенде, қиындықта барып жалбарынып, құран оқып отырған. Кейін патша үкіметі құлаған кезде кесененің кірпіштерін алып, адамдар үй тұрғыза бастаған деп айтады. Бірақ тарихта Бопайдай анамыз болғанын ешқандай адамзат есінен шығармайды деп ойлаймыз. Ол кісінің істері әрбір адамға өнеге үлгі бола бермек. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |