19:25
Ұлы Дала елінің дарабоздары

ҚАРАСАЙ БАТЫР

Алтынайұлы Қарасай – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына шыққан аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Топырақ Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінен бұйырған. Қасына өзінің қанды көйлек досы арғын Ағынтай батыр жерленген. Қос арыс – шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батырға һәм олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға қос күмбезді кесене орнатылған.

Қарасай батырдың шыққан тегі Ұлы жүз шапырашты. Шежіре дерегі бойынша, Шапырашты Шам (Ыстық), одан Малды, Желді, Қалды есімді үш ұл туады. Малдыдан Екей, Еміл, Емілден Жайық пен Есқожа туады. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш есімді үш ұл туған. Алтынайдың үшінші әйелінен Қарсай батыр туған.

Сөз орайында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы. Атап айтқанда, Қарасайдан Көшек, одан Айдыр, одан Мырзатай, одан Еділ, одан Сапақай, одан Назарбай, одан Әбіш, одан Нұрсұлтан туады.

Қарасай батырдың өмір сүріп, ғұмыр кешкен заманы қазақ-жоңғар арасында екі ғасырға созылған қан қақсап соғыстың енді тұтанып, енді шиеленісіп, бірте-бірте екі көшпелі елдің тактикасы мен стратегиясының сынға түсе бастаған кезі еді. Бұл кезде қазақ халқының дербес ел болып, ірге бекітіп, біртұтас этникалық сана-сезімнің орныққанына екі ғасырдың жүзі болған. Содан да болар, қазақ-жоңғар арасындағы өрт тұтанған кезде елі мен жерін қорғау үшін алғаш рет атқа қонып, елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне шығып, ерлік көрсеткен батырлар қатарында Қарасай да болды. Қазақ-жоңғар соғысы XVI ғасырдың өзінде-ақ шиеленіскені жөнінде тарихшы В.В.Вельяминов-Зернов жазады. Ал ағылшын көпесі А.Дженкинсон 1557 жылы Қытайға бармақшы болып жолға шыққан, бірақ қазақ-жоңғар арасында Ташкент үшін қырғын соғыс болып жатқандықтан Қытайға өте алмағанын жазып қалдырған. Демек, Қарасай батыр ат жалын тартып мініп, сарбаздар сапына тұрған кезде көшпелі екі ел арасындағы соғыс тәсілдері, қорғаныс әдістері әбден шыңдалып, өліспей беріспейтіндей шиеленісіп үлгерген.

Жалпы XVII ғасыр аясында, яғни Қарасай батырдың ат үстінде болған кемел шағында қазақ-жоңғар арасында әйгілі үш соғыстың болғаны тарихтан аян. Мұның біріншісі – 1635 жылы болған Сібір-Тобыл соғысы. Бұл соғыс туралы И.Э.Фишер «Сібір тарихы» атты еңбегінде жазған. Тарихи деректерде осы кезеңде жалайыр, шапырашты руларының Тобыл бойында болғаны айтылады. Сібір-Тобыл соғысына Қарасай батырдың қатысқаны ешқандай күмән келтірмейді.

Екінші соғыс 1643 жылы болған. Бұл – әйгілі Жәңгір сұлтанның (ол кезде әлі хан тағына отырмаған) 600 жанкешті сарбаздарымен жоңғардың 50 мың әскеріне қарсы тұрып, оған алшын Жалаңтөс батыр 20 мың әскерімен көмекке келетін жойқын соғыс. Бұл соғыс жайында орыс тарихшылары Н.М.Карамзиннен бастап И.Я.Златкинге дейін таусыла жазып, жалпы соғыс тарихында сирек кездесетін оқиға ретінде атап өтеді, яғни шежіре деректерінде шапырашты Қарасай батырдың 3 мың қолымен осы соғысқа қатысып, қайталанбас ерлік көрсеткені айтылады.

XVII ғасырдың аясында қазақ-жоңғар арасында болған сұрапыл соғыстың үшіншісі 1652 жылы өткен. Бұл соғыста Жәңгір ханды жекпе-жекте 17 жасар Қалдан Серен өлтірді. Осындайда «тарихтың тәлкегі» деуден гөрі, «тарихтың заңдылығы» деуге болатын бір гәп еске түседі, сол Қалдан Сереннің баласы Шарышты Аңырақай шайқасында 17 жасар Абылай сұлтан (ол кезде хан емес) жекпе-жекте өлтіреді. 1652 жылғы соғыста Қарасай батыр жалпы қазақ әскерлері қолбасшыларының бірі ретінде ақыл-парасатымен, тапқырлық-табандылығымен танылған.

1629 жылы жазда Шапырашты қолы Жайық бойынан шаршап келіп, тыныстаймыз ба деп Асы (Алматы облысы) жайлауында жатқанда, ойраттардың олжалап кете салу мақсатымен қараша айында Іледен өтіп шабуыл жасауы Қарасайды атқа мінгізді. Қарасай аяқ-астынан басталған ұрысқа екі мың қол жиып, осы қазір Қарасай ауылы тұрған ойпатта ойрат тайшысы Банжұрды тас-талқан етті. Қоян-қолтық айқаста көбі қырылған қалмақтар Іледен қайта өтуге мұршасы келмей, Сөгетіге қарай қашты. Ақыры, жау тұмсығы Торайғыр тауына тірелгенде, келген мыңдай қолдан басы Банжұр болып тігерге тұяқ қалмады. Ең соңғы екі қалмақты Байынқол жағасында ұстап, екеуін қара есекке теріс мінгізіп, таңып, қалмақ ауылына қарай айдап жібереді. Ұрыс болған жер (ауыл) Қарасай атымен аталды. Сопы-Саты көлінің түстігінде де ұрыс болған. Бұрын бабасы Шапырашты ұрыс салып, соның атымен аталатын сайдың бір саласы да күні бүгінге дейін Қарасай есімімен аталады.

1635 жылы ойрат-қалмақ мемлекеті бой көтерді. Қытай және қазақ пен қырғыз жерінің ортасында жатқан Жоңғар хандығы, аумағын кеңейтуді ойлап, таулы, тастақты өлкеден гөрі, жазықты өңірге көз аларта түсті. Кешікпей мұздай қаруланған 50 мың қол қазақ пен қырғыз жеріне басып кірген. Алғашқы шайқастың бірі осы Талас өңірінде өтеді. Бұл соғыста өзбек қолын Алдышүкір басқарып келіп, қазақ, қырғыз жасағымен бірлесіп, тұтқиылдан келген жауға қарсы соққы берген. Бауырлас үш ұлттың үзеңгі қағысқан бірлігі өзбек жерінде, қазақ даласының оңтүстік аймағы – Сайрам маңында болған соғыста да ажырамады.

Жетісуды бауырына басқан жоңғар батырлары Нарынқол мен Байынқол, Қастек пен Қаскелеңнің үздіксіз жеңісіне мастанғаны сондай, Алатау асып, қырғыз жеріне қалың қолын төгеді. Ыстықкөл өлкесінде өткен шайқаста қырғыз жұрты жауға төтеп бере алмай қалады. Сонда «қырда қырғыз баласы жыласа, ойда қазақ ененің омырауы сыздайды» дегендей, бауырлас елді көрініп келген апаттан құтқарайық деп, жанына бес мың жасағын ертіп, қазақтан шыққан Шапырашты Қарасай батыр Шу жазығында ұрыс салған екен. Қарасайдың өзі жекпе-жекте қылышпен қалмақтың қоңтайшысының оң қолын шауып түсіреді. Осыны арқаланған қазақ, қырғыз жасақтары аруақ шақырып, майдан даласында айта қаларлықтай ерліктер көрсеткен екен.

1664 ұлу жылы Қарасай ұрысқа ақырғы рет алпыс алты жасында қатысты. Арқос Аңқойынан (қазірше Жоңғар қақпасы) екі мың торғауыт Наймандар мен Жалайырларға шабуыл жасап, Қарасай мен Ағынтай тағы да ұрысқа кіріп, жауды ойсырата қуады. Осы ұрыста Қарасай батыр ауыр жараланып, саптан шығады. Ағынтай батыр да аяғынан жараланып, ақсақ болып қалады. Енді қатты-қайырым, күшке түсер қимылға жарамағандықтан, Қарасай батыр ел басқару ісіне кірісті. Екі жұрттың арасындағы елшілік жұмыстарда болып, билікке араласты. Қарасай 1669 жылы Ресеймен келіссөз жүргізуге барған. Бұл жолға ол үмітпен аттанып, орыс патшасы әкімдерінен түңіліп қайтты. Қарасай батыр мен Кіші жүз – Жетісу-Тама-Тұғынай, Найман-Матай Кеден би үшеуі келіссөз жүргізіп, қару-жарақ, зеңбірек алмақ болды, бірақ орыстар ертең бұл қару өзімізге пәле болмай ма дегендей мойнын ішіне алып, қазақ елшілерін құр қол шығарып салады.

Осы бір жылдары қазақ жері аз да болса тынышталып, жаға жайлау, етек қыстау болған заман бола қалды. Қарасай батыр бірсыпыра туғандарымен өзінің қандыкөйлек досы Ағынтай еліне көшіп барады. Онда бір жылдай тұрып, 1671 доңыз жылының тамыз айында жетпіс үш жасында дүниеден өтеді. Сүйегі Арқада, Айыртау деген жерге қойылды.

Қарасай батырдан алты бала қалды. Олар: Әуез, Өтеп, Көшек, Түрікпен, Еркен, Төркен. Соңғы екі баладан ұрпақ қалмаған. Бірақ екеуі де есейіп, азамат болғанда өлген. Әкесінің елу жасында туған егіз ұл Алтынай тұқымы Арқаға барған соң бір күнде мерт болған. Екі бірдей ұлының қазасы әке өлімін тездете түскен. Талай өлімді көріп, талай өлікті қолымен ұстаған Қарасай батыр: «Өліп көрген жоқпын, одан басқаның бәрін көрдім десем, әлі көрмегенім көп екен ғой» деп екі баласына қатты қайғырған. Қарасай екі ұлдың қырқына жетпей қайтқан. Қазақтың Қарасай батырының жылын берген соң Ағынтай батыр да дүние салған. Оны да Қарасай батыр қойылған бейітке жерледі.

Осылайша, ерлігі мен даңқы айбынды қазақтың Қарасай батыр есімі ұрпақтан-ұрпаққа ұран болып ғасырлардан жалғасын тауып келеді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 546 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: