20:34
Ұлы Дала елінің дарабоздары

ШАЛ АҚЫН

Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы – халық ақыны, Абылай ханның замандасы. Тiлеуке Құлекеұлы қазiргi Ақмола облысы Азат темiр жол станциясының маңында дүниеге келген. Шал ақынның әкесi Құлеке батыр Тәңiрбердiұлы қазақ-қалмақ соғысының атақты батырларының бiрi.

Ол, Құлеке батыр, Абылай ханның ширек ғасырдай уақытта ең жақын қадiрлес досы, сенiмдi батыры, беделдi елшiсi болып, Орта жүздiң iшiндегi ел бастаған, қолбасшы адамы болған. Ол 1742 жылы Орта жүз атынан Ресейдің қол астына қарау туралы ант берушiлердiң бiрi болған. Абылай хан атынан Ресей мемлекетiне елшiлiкке барғаны туралы деректер сақталған. Анасы – үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы. Құлеке мен оның ағасы Тiлекенiң соғыстағы ерлiгi жайлы әңгiмелер ел iшiнде күнi бүгiнге дейiн айтылады. Құлеке жайында Алматы мұрағатында нақты деректер де сақталған.

Ауызша жеткен әңгiме бойынша Шал ақын қоян жылы 71 жасында дүниеден өткен, ақын өмiрiн зерттеушiлер 1819 жылы қайтыс болды дейдi. Қариялардың айтуы бойынша, Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауылының қасындағы «Аютас» деген төбенiң жанында, Есiлдiң оң жағындағы үлкен бейiт iшiне жерленген, бiрақ қабiрi белгiсiз. Құлеке баласы Тiлеукенiң Шал ақын деп аталуы туралы ел iшiнде бiрнеше түрлi әңгiмелер бар. Ол бала кезінде тапқыр, зерек, ойға жүйрік, алғыр болған. Шал өлең шығарумен балауса жас кезiнен бастап айналысқан. Жасынан сөзге үйiр, шешен сөйлейтiн тiлге дiлмәр, ойлы жас болып көзге түседi. Жасынан ел арасы ақындарымен айтысқа да түсiп жүредi. Оның кiшкентайынан үлкендерше сөйлеуi, төрде отырып төрелiк айтқанына қарап жұрт Шал атап кетедi.

Зерттеушiлердiң айтуы бойынша, Шал ақынның тұңғыш өлеңi – «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң». Бұл өлеңдi ақын шығармашылығының басы деп жүр. Өлеңнiң шығу тарихы былай екен: Әйгiлi хан Құлеке батырдың бәйге алдын бермейтiн жүйрiк атын сұрап алып, кейiн қайтармай қояды. Бiрде Құлеке атын сұрауға барғанда баласы Шалды ертiп барады. Хан бала Шалдың көзiнше: «Iшi боқ, сырты түк сол мәстектi осыншама неге сұрай бересiң?» - деген сөз айтады. Таңертең ерте тұрған Шал ханның қойшыға сазға батып, отарға ере алмай қалған бiр қозыны арқалап алып кет дегенін естіп қалады. Шал кетерiнде хан екен деп қысылмай, өлеңдетiп, малжандылығын бетiне айтады.

«Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң,
Болмайды қойға пана тал дегенiң.
Таң ата жалаң аяқ тоқты арқалап,
Хан ата, қалай екен мал дегенiң?
Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кiшi,
Бiреудiң хақын жемес жақсы кiсi.
Тақтағы хан, топтағы бидi еңкейткен,
Хан ата, қалай екен малдың күшi?» -дейдi.

Сөзден ұтылған хан Құлеке батырдың бәйге атын қайтарып, оған қоса бір жылқы беріпті. Хан алдында айтылған бұл өлең ел iшiне тез тарап, Тiлеукенiң ақындық атын шығарған екен.

Осыдан былай Шал ақындық жолға көшедi, дарынды суырып салма ақын болады. Оның суырып салмалық өнері осы жанрдың бейнесі болып табылады. Ол поэзиялық сөз жарыстардың шебері, көптеген айтыстарға қатысқан. («Шал ақынның қызбен айтысы», «Бәйбіше мен Шал ақынның айтысы», «Шал ақын мен жігіттің айтысы», т.б.).

Ертерек дәуiрлерден қалыптасып, жалғасып келе жатқан ақындық дәстүрдi ХVШ ғасырда өмiр сүрген Тәтiқара, Көтеш ақындардан кейiнгi қазақ поэзиясын дамыта түседi. Оның бұл салада қосқан үлесi үлкен. Өлең термелерi, толғау тақпақтары сан жағынан мол, сапа жағынан мазмұнды, көркем және тақырыбы да кең. Шал ақын қазақ поэзиясындағы лирикалық өлең жанрын, өз замандастарымен салыстырғанда, жан-жақты толықтыра түсiп, көркемдiгiн арттырды. Бұл тұрғыдан алғанда оны толғауды көркемдiк шегiне жеткiзе бiлген Бұқар жыраумен ғана салыстыруға болады. Сондықтан да кейiнгi кезеңдерде өмiр сүрген ақындар Шал ақынды ұстаз тұтты.

Шал ақынның өлең, жырлары кезiнде ел арасына кеңiнен таралған. Шалдың бiзге жеткен шығармалары негiзiнен әр жерде әр түрлi себептермен суырып салып айтқан шағын өлеңдерден тұрады. Терме-тақпақтары, нақыл сөздерi, сөз қағыстары да баршылық. Шалдың ұзақ эпикалық жырлар шығарғандығы, қазақ халқының шежiресiн өлеңмен жазғаны да Шоқан Уәлихановтың еңбектерiнен белгiлi. Шал ақынның мұралары бізге толық жетпеген, жеткендерінің өзі бір жарым мың жол ғана.

Адамның артықшылығы, жақсылығы көпке, туған елге пайдалы болуында деп қорытынды жасайды. Ашқарақ, сұғанақ, арызқой, пасық адамдар тобына да ақын қадала түседi. Өзiмшiл, күншiл пасықтарға жаны таза жақсы адамдардың адал ниеттi iзгi iстерiн қарсы қоя жырлап, бiрiнен жирендiрiп, екiншiсiнен үйренiп, үлгi-өнеге алуға үндейдi. Ол шығармаларын аяқ астынан шығарып отырған. Ақын өзi өмiр сүрген дәуiрдiң өзектi мәселелерiн жырлаған. Өлеңдерiнiң көбi мақал-мәтелдерге, нақыл сөздерге, дiни ұғым сөздерге, бейнелi сөз тiркестерiне толы. Шал ақын – өз заманының беделдi ақыны. Оның өлеңдерi өз кезiнiң өзектi мәселелерiн көтерiп, халыққа адамгершiлiк ақыл-ғибрат бередi.

1998 жылғы қазанның 25-і күні Петропавл қаласында Шал ақынның туғанына 250 жыл толуы құрметіне Халықаралық ғылыми-теориялық конференция, қарашада Алматыда Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Шал Құлекеұлы және ақындық өнер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізіліп, облыс орталығында, ақынның туған ауданында оның 250 жылдық мерейтойына арналған әр түрлi өнер сайыстары, айтыс, тағы басқа шаралар өткiзiлдi. 1999 жылғы желтоқсанның 14-нде Елбасының Жарлығымен ақынның туған ауданы «Шал ақын ауданы» деп аталды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 555 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: