20:32
Ұлы Дала елінің дарабоздары

ҮМБЕТЕЙ ЖЫРАУ

Үмбетей Тілеуұлы 1697 жылдар шамасында еліміздің Ерейментау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тілеу қаһармандық жырларды, көне аңыздарды, шешендік сөздер мен қиссаларды жақсы білетін шежіре, сонымен қатар халықтың музыка өнерінен көп хабары бар шебер қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Үмбетейдің өмірдегі, өнердегі мектебі – өз әкесі, дәріс алған ұстаздары – сол кездегі әкесі тәрізді көнекөз қарттар. Ақындық қабілеті ерте байқалған Үмбетей ауыл арасында ғана емес, жалпы жұртқа да өзіндік ерекшелігімен өте тез танылады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ат жалын тартып мініп, найзасы һәм жалынды жырларын жауына қатар сермеген Үмбетей жырау халқының құрметіне бөленеді. Сыртқы жаулармен күресте аты шыққан батырларды мадақтау оның өзекті тақырыбына айналады.

Үмбетей – Бұхар жыраудың әрі замандасы, әрі тілектес-ниеттес ең жақын досы болған адам, XVIII ғасырдағы ең атақты, ірі жыраулардың бірі. Ол өзі көрген, басынан кешкен тарихи оқиғаларды жеріне жеткізе шыншылдықпен жырлайды. Оның бұл қасиетін Бөгенбай батырды жоқтауынан және оның дүниеден өткенін Абылайға естіртуінен айқын аңғарамыз. Үмбетейдің жыраулық, ақындық өнерінің ерекше қасиеттерін Шәкәрім Құдайбердіұлы шеберлікпен суреттейді. Қарабұжыр қанжығалы Үмбетей жырауды Мағжан Жұмабаев та ерекше мадақтап:

Әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр,
Айтайын өрлеп барып аспанға сыр, -
дейді өзінің «Батыр Баян» дастанында.
Осындағы Қарабұжыр – Үмбетей жыраудың лақап аты.
Жырау өз замандасы Бұхар Қалқаманұлына арнаған толғауында:
Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,
Шештің талай түйінді болжауменен.
Іс болса қиын-қыстау сен сөйлеттің,
Қылыш қып қызыл тілді қорғауменен.
Сұрағанмен берместі,
Жылағанмен келместі,
Айттым сәлем еліңнен,
Сарыарқадай жеріңнен,
Жатсаң да шірімейтін,
Асыл тасым – дейді тебіреніп.

Үмбетей жырау «өткіздің тоғыз ханды толғауменен» десе, бұл тарихи шындық. Бұхар Әз Тәукеден бастап, одан кейінгі қазақ хандары: Қайын, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Әбілхайыр, Барақ, Абылайдың ақылшысы, кемеңгер биі болған.

Шешендік сөздің салмағын білетін қас жырау қара қылды қақ жара отырып, қаһарлы қылыш ала алмаған қамалды қанатты сөзбен алуға болатындығын дәлелдейді. Сөйтіп, Қаз дауысты Қазыбектің ұлы Бекболат би мен Абылай ханды бір ауыз сөзбен тоқтатып, ел бірлігін сақтап қалады.

Қай уақытта да Үмбетей жыраудың есімі қанжығалы қарт Бөгенбаймен қатар аталады. Арнау жырларымен аты шыққан Үмбетей жырларының дені толғау.

Бөгенбай батырдың 1708 жылы 30 мың қолды бастап, қазақ елінің берекесін алып, құтын қашырған казак-орыстарды талқандап, Еділден әрі асырып тастағанын:
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені бүйректей.
Бөденесі үйректей,
Шортаны тайдай тулаған.
Қоралы қойдай шулаған,
Ұзыны шексіз, ені алыс –
Еділден өттің Бөгенбай, - деп жырлайды.

Қарақұм құрылтайында қазақ жүздерінің күш біріктіруі арқасында Бөгенбай бастаған халық жасағының 1711 жылы жоңғарлармен соғыста үлкен жеңіске жетуі де Үмбетей жырларына арқау болады.

Бұдан кейін жоңғарлар 1723 жылға дейін бас көтере қоймайды. Есін жиып алған соң, араға он үш жыл салып, бейқам жатқан қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Орта жүздің Торғай, Есіл, Тобыл өзендерін бойлай Қаратау бекеттерінен жайлауға көшкен сәтін пайдаланып, найман, керей, үйсін, шапырашты руларының жерлерін басып алып, осында қалған жұртты бостырып жібереді. Оның үстіне Кіші жүзге, Еділ бойына Аюке хан бастаған қалмақтар шабуыл жасайды. Бірден екі жақты қыспаққа түсіп, барар жер, басар тауы қалмаған ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырайды. «Орманнан көп Орта жүзден» Бөгенбай жасақ жиып, Бұланты мен Бөлеңті өзендерінің жағасында жауды ойсырата жеңеді. Бұл жер кейіннен «Қалмақ қырған» деп аталады. Осы соғыс жорықтарына Үмбетей жырау бастан-аяқ қатысып, батырлардың ерлігін жырларына арқау етеді.

Жоңғарлар 1733 жылы Уса-Серен бастаған қалың қолды қазақ жеріне аттандырады. Олар Қара Ертіс арқылы Зайсанға келіп, одан Аягөз, Қарқаралы, Баянауыл тауларын бойлап, Ерейментауға жетеді. Орта жүз қолы Мұзбел тауына жиналады. Екі жақ Өлеңті өзені мен Кәрітау аралығындағы жалпақ аңғарда кездеседі. Шығыс дәстүрі бойынша жекпе-жек басталып, екі рет қалмақ батырларының күші асып, қазақтардың сағы сынады. Осы сәтте Аңырақай соғысынан бері Бөгенбайдың қасында болған Сабалақ жекпе-жекке шығып, Галдан Цереннің үлкен баласы Сары-Манжа (Шарыш) ажал құшады. Жауға «Абылайлап» ат қойған Сабалақ өзінің шын аты Әбілмансұр (Абылай) екенін мойындайды.

Жорықтан жеңіспен оралған жауынгерлерді Орта жүз елі қуанышпен қарсы алады. Баянауылдағы Сабындыкөл басында отырған Қанжығалы ауылының иелері Абыз бен Шомақ 90 ту бие сойып, жеңіс тойын өткізеді. Тойға жиналған жұрт Әбілмансұрды атасының атымен Абылай деп атауға, ал келесі 1734 барыс жылы хан көтеруге сөз байласып тарасады.

Абылай хан тапсырмасымен Бөгенбай батырдың жанында болған Үмбетей жырау 1761 жылы Абылайдың Әділ деген баласына еріп, Қытаймен келісім жасауға барады. Сөйтіп, Қазақ елі мен Қытай арасында бейбітшілікті нығайтуға үлес қосады.

Үмбетейдің Бөгенбайға арнаған екі ұзақ жыры бар. Оның бірі Бөгенбайды жоқтау да, екіншісі – Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртуі.

Бөгенбай – жоңғарларға қарсы күрестің бас қаһарманы, әулетті батыр, атақты қолбасшы. Ел үшін жасаған еңбегі үшін халық жүрегінен орын алған адал ұлдардың бірі. Міне, «Алатаудай Ақша батырдан асып туған» Бөгенбай бейнесін Үмбетей жырау өз жырларында шеберлікпен сомдай білген.

Бөгенбай батырдың қазасын естіртуінен де оның жұрттан асқан шеберлігін байқаймыз. Бұрын қазаны естіртудің өзі өнер болғаны мәлім. Әдетте, естіртуші қайғылы хабарды бірден тоқ еткізіп айтып салмай, айтар ойын алыстан орағытып бастайды. Алдымен тұспалдап сөйлеп, қара жамылуға тиіс адамды ауыр хабарға дайындап алады.

Үмбетей де ескі салтты бұзбайды. Жырау алдымен Абылайдың өз басынан, халық басынан өткен ауыр күндердің жайын толғайды. Бұдан соң жырау дүниенің аумалы-төкпелі екенін, қазасыз пенде жоқ екенін еске салады. Әйтсе де өлімнің артынан тағы да қуаныш болатының, бір батыр өлсе, оның орнына тағы бір батыр туатындығын айтады. Сөйтіп, Үмбетей өзінің қаралы хабаршы екендігін, атақты батырлардың бірі дүниеден көшкенін естірту үшін келгендігін жеткізеді.

… Жасыңда болған сырласың,
Үлкенде болса құрдасың.
Сексеннен аса бергенде,
Қайырылмас қаза келгенде.
Батырың өтті Бөгенбай! – дейді.

XVIII ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Үмбетей жыраудың бізге жеткен қиссаларының көрнектісі – «Жантай батыр».

Бапан би Тұраналыұлы бірде Ерейменнің көрікті жері Күншалған баурайында отырған Үмбетей жырауға сәлем бере барады.

- Уа, ата, ұзақ жасап көпті көрдіңіз. Менің ұлы атам қарт Бөгенбай батырдың серігі, Абылай ханның жырауы болған екенсіз. Сарыарқаны жат жұрттан қашан тазартып, Ерейменге елді қалай қондырғандарыңызды айтыңызшы, - дейді. Сонда Үмбетей жырау домбырасының құлақ күйін келтіре отырып, сұрағына жауап ретінде Жантай батырдың ерліктерін баяндайды.

Жарқабақ, кең жауырын, түлкі құсақ,
Көзі отты, кеудесі өр, бойы сұңғақ.
Білектей дойырын бір тастамайды,
Дұшпанның мысын басар осымен-ақ.
Қасқырдың қызыл жонды арланындай.
Бұл – Ниязұлы батыр Жантай, — дейді
Үмбетей оған нақтылы сипаттама беріп.

Жантай бастаған жасақ қалмақтарды Балқаш көлінің күнбатыс жағалауына қуып жетеді. Кескілескен ауыр соғыс үш күнге созылады. Қанды қырғын соғыста Жантай батыр қаза табады. 1771 жылы болған бұл соғыс тарихқа «Шаңды жорық» деген атпен енеді. Уақтан шыққан атақты батырлар Сары мен Баян да осы соғыста қаза табады. Сөйтіп, Үмбетей жырау елі үшін жанын пида еткен Жантай батырдың атын қазақ тарихына мәңгі қалдырады. Аталмыш қиссада ол Досай, Атан, Үйсімбайларды да жырға қосады.

Атақты «Елім-ай» өлеңінің авторы Қожаберген жыраудың жыл асында, яғни 1764 жылы Керей жайлауында Үмбетей жырау көлемді толғау жыр жазады. Негізінде ол өз толғауларында халықты адамгершілікке, ізгілікке, пенде баласына қиянат жасамауға шақырады.

Жыраудың өлең-жырларын шөбересі Бопы Кенжеғараұлы, Атқыбай Байкенжеұлы, шөпшегі Имақан Атқыбайұлы, Аманжол Әлжанұлы сынды ақындар ауызба-ауыз айтып осы заманға жеткізген, қағазға түсіріп, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырған. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жыраудың белгілі ғалымдар Ғалымжан Мұқатов пен Әлкей Марғұлан жинастырған өлеңдері берілген.

Үмбетей жыраудың ұрпақтары Ерейментау ауданының Күншалған әкімшілігіне қарасты Шәкей ауылында тұрады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 1065 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: