20:19 Ұлы Дала елінің дарабоздары | |
ҚАЗАҚЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫП Әлбетте, халық психологиясында көңіл аударарлық түрлі жайттар көп кездеседі. Соның ішінде кей сезімді, іс-әрекетті сөзбен айтпай-ақ ыммен, ишарамен, қимылмен, еппен сездіретін түрлі қызықты әрі сесті ұғымдар бар. Әдет-ғұрып дейтініміз сондықтан. Осынау әдет-ғұрыптар арқылы адамдар келісу, ашу-ыза, жеңілу, қайғыру, ұялу, тағы басқа сол сияқты көңіл-күй сезімдерін білдіріп отырады. Зерделесек, әдет туралы түсінік әр адамда немесе әр жерде түрліше. Біреулер «түсте ұйықтау әдетім еді», «тамақты ыстықтау ішетін әдетім еді», «ерте тұратын әдетім еді» дейді. Бұл әдет деп айтылғанымен белгілі бір жайға, жағдайға қалыптасу деген сөз. Демек, әдет-ғұрып халық тәжірибесінде адамның белгілі бір істі, ұғымды, көңіл-күйін білдіретін іс-қимыл көрінісі деп қараған жөн болар еді. Қазақ халқының салт-дәстүрлері һәм әдет-ғұрыптары зерттеліп, жиналып, қаралып, көпшілік оларға назар аударғаны бүгін емес. Осынау қазынаның ек рухани, мәдени жағы ғана емес, сонымен бірге өскелең ұрпақ тәрбиесіне де үлкен қызмет атқаратынын әсте естен шығаруға болмайды. Ұлтымыздың осынау тәлім-тәрбиелік немесе сезімдік әдет-ғұрыптарының мәніне терең үңіліп қарап, сырын ашатын болсақ, онда одан өте көп ғибратты істерге қанық боламыз. Бұның халық тағылымындағы, мәдениетіндегі, психологиясындағы сан салалы істің елеулі тармағы екеніне көз жеткіземіз. Сонда біздің ел-жұртымыз іспен, күшпен, ірі іс-қимылмен немесе пәтуалы сөзбен ғана емес, бет-пішінімен, дене қимылымен үнсіз отырып-ақ ойды, пікірді айқын танытып істі бітіре салатын болған. Мұндай іс-қимылдарды қуану, ашу, қайғыру, дәмету, қарсылық, шошыну сәттеріне ыңғайын тауып пайдалану шеберлігі де сезімталдықты, ұғымдылықты, ұтқырлықты, тапқырлықты бейнелейді. айталық, бір істі мақұлдау, қоштау, ризалық шарасына «бәрекелді» деп те, бас изеу, арқаға қағу арқылы да білдіріп келіседі. Бір іске құшырлана һәм беріле кіріскенде алақанына түкіру, алақанын уқалау әдеттері де бар. Біреу бір іске ынталанып отырғанда айтқаны келсе «алақанына түкіріп отыр» дейді. Қуаныш сәтінде үлкендер қол шапалақтап, бөркін аспанға ататын, балалардың секіріп-секіріп алатын әдеттері бар. Қатты қуанған адамды «бөркін аспанға атып қуанды» немесе «жүрегі жарыла қуанды» дейді. Мақтағанда батыр, палуандардың сайысқа шыққанда төсін соғып шығатыны да бар. Мұны мақтаныш еткенде әр адам да қолдана береді. Ашу, ыза кезінде қолданылатын қимылдар басқа сезімдерден гөрі артығырақ. Мұндайда жұдырық түю, көзін адырайту, дұшпанының үйін, от басын сабау, туырлығын тілу сияқты ірі қимылдар жасайды. Ашу кезінде адамдар мұндай әрекеттерді өзіне де қолданады. Ондайда еркектер өз маңдайын ұрады, жер тебеді. Әйелдер өз шашын өзі жұлады, ері өлсе, бетін тырнайды. Балалары безбүйректік жасаса, атасы қолын теріс жайып, анасы емшегінің сүтін көкке сауады. Қайғыру кезінде әйелдер бүйір таяну, бет жырту, ерлер жер тебу сияқты әдеттерді қайталайды. Қарсылықты қол сермеу, бас шайқау, орнынан үнсіз тұрып кету арқылы білдіреді. Сес, айбат, дөң айбат көрсетсе, ондайларда тістену, тісін қайрау, саусағын шығару, саусағын безеу, тоңқайып артын көрсету сияқты ерсі қимылдар жасайды. Келемеж ететін болса, ернін шығару, саусағын шығару, күлу арқылы көрсетеді. Алақан жаю, иығын көтеру, желкесін қасу, басын қасу, ернін тістеу, бармағын тістеу – амалсыздықтың, шарасыздықтың, «енді қайтейіннін» белгісі. Шошынғанда, қорыққанда ішегін тарту, жағасын ұстайтын әдет бар. Халқымызда «жағасын ұстап шошыды» деген сөз қалыптасқан. Өлімнен де күші ұятқа батқандар жер шұқып, жерге қарап, төмен қарап, ернін тістеп отыратын әдет бар. Мұндай жағдайды естігенде, көргенде әйелдер ұялып бетін сызып, бетін шымшып қалады. Ал ұялу ұятқа бату емес әлбетте. Жеңілу бейнесін бас ию, тізе бүгу, қол қусыру, аяғына жығылу арқылы білдіреді. Айталық, қызды рұқсатсыз алып қашқандар құдаларға барып кешірім сұрап, келісуді сұрайды. Мұны аяғына жығылу деп атайды. Әйткенмен бұл жоғарыда әңгімеленгенмен бірдей емес һәм ол ұят болып саналмайды да. Масқаралау, қорлау тәсілдері де көп. Мұндай кезде бетке түкіру, бетіне күйе жағу, есекке, сиырға теріс мінгізу, әйелдердің шашын кесу, еркекті артқа тебу, желкеден түю, тағы сол сияқты өрескел жаза қолдану арқылы көрсеткен. Бұл жазалар ертеде молынан қолданылған. Түкіру бірнеше мағынада қолданылады. Айталық, жоғарыда айтылғандай алақанға түкірсе, ол іске жұмылудың; жерге түкірсе, өкінудің; бетке түкірсе, қорлаудың нышаны. Көз тиюден сақтанғанда да түкіртіп алу бар. Демек, халық бір ишараның өзін ыңғайына қарай әр жағдайда қолдана білген. Кейде біреуді менсінбеу, жақтырмай, ұнатпай отыратын кездер де болады. Мұны қазақ бас көтермеу, бет тыржиту, қабақ түю, маңдай қырыстыру, танауын көтеру, мұрын шүйіру арқылы немесе өз баласына жекіру, бір нәрсені тарсылдату арқылы сездіреді. Кеудесін, танауын, иығын көтерген адамдарды ел тәкаппар адам деп те қарайды. Дана халқымыздың табу тәсілдерін, айталық, қасқырды ит-құс дегені сияқты, ымды, қимылды іс-әрекетте де қолдануы оның тағы да сол тапқырлық, сөзді шығындай-ақ айтудың бір түрі болғандығына куә боламыз. Алыстан біреуді шақырғанда қол бұлғау, бөркін қолға алып бұлғау, тоқта дегенді қол көтеру, өзінен-өзі түсінікті жай. Сүйіспеншілік сезімін көз қысу, қол қысу, сан шымшу, үндеме дегенді ернін тістеу, көзін жұму арқылы білдіретін әдіс-тәсілдері тағы бар. Мазақтау, күлу, келемеждеудің де бірнеше түрлі белгілері бар. Ерлердің қолын саптауы, саусағын шығаруы, бұтын көрсетуі, әйелдердің ерін шығаруы, балалардың аузын қисайтып, тілін шығаруы, тоңқайып күлуі – осының белгілері. Араздасу белгісі ретінде ат құйрығын кесу, біреуді табалағанда отырған жерді құйрығымен түйіп айызы қану, «енді көрінбе, қараң батсын» деген жағдайда жерден бір уыс топырақ алып, кетіп бара жатқан адамға топырақ шашу бұрыннан келе жатқан халықтық әдет – кетісу. Ел-жұртынан, ағайыннан безінгенде, төбесіне қолын қойып шығу; торыққан, жаны жүдеп мұңайған, мойыған шағында, жағын таяну; тұтқын болғанда, айыпталғанда, желкеге қолын қою белгілі бір жағдайдан туған ғұрып екенінде ешқандай дау жоқ. Халық әдетінде топырақ шашу, қолын теріс жайып бата беру (теріс бата), бетке түкіру ауыр жазаның түрі болып саналады. Сол сияқты ел-жұрт әр адамның жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен, қас-қабағынан-ақ оның көңіл-күйін айтпай-ақ сезіп-біліп отырады. Айталық, қабағың ашық қой деп оның көңілділігін, иығың түсіп кетіпті ғой деп жабырқаулы жайын сезе қояды. Жігіттердің мезгілсіз жүруінен, әйелдердің керілуінен әркім өзінше байлам жасап отырады. Әзіл-қалжыңда һәм кейбір іліктік қатыснасты білдіретін де әдет-ғұрыптар бар. Айталық, екі жігіт күлімдеп бастарын қасыса бажа болғаны. «Бажа бажаны көрсе, басы қышиды» деген сөз осыдан шыққан. Егер жастар бір еркектің құлағынан тартып ойнап жатса – ол жездесі деген сөз. Кейде біреулер екі саусағын танауына тығып келсе – ол ештеңе бітірмегені немесе бір үлестен құр қалдым дегені. Ел ішінде осындай ыммен білдіретін ұғымдар өте көп. Жақсы дегенді бас бармағын көрсетіп, жаман дегенді қолын сермеп, мұрнын тыржита салатын да әдет бар. Мұның бәрі де халықтың өзіне тән һәм өзіне жарасатын сипаттар мен белгілер. Ел ішінде ішімдік сияқты зиянды залалдар кіргелі, ішімдікті дәмететіндер кеңірдегін шертіп қалады. Алайда бұл маскүнемдердің, ішкіштердің жаңадан ойлап тапқан әдеті деп қана қарау керек. Өкінішке орай, бұл да айтпай-ақ түсінікті белгі болып қалыптасқан. Осынау әдет-ғұрыптарды қолдану орны жоғарыда аз-кем айтылды. Дегенмен бұларды орынсыз қолдануға мүлде болмайды. Әдепке жатпасы анық. Қуанышты жағдайдан басқа іс-қимылдарды қайталау жаман ырым ретінде тыйым салынған. Оларға қолданылатын жаза, тәртіп, тыйым түрлері және бар. Айталық, бүйіріңді таянба, қолыңды төбеңе қойма, саусағыңды беземе деген әдептілік ережелерінің түп-төркіні осындайдан шыққан. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген нақылдың да терең сыры осында жатыр әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 1 | ||
| ||