19:56 Ұлы Дала елінің дарабоздары | |
ТӨЛЕ БИТөле би (1663–1756) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Қазіргі Жамбыл облысының Шу өңіріндегі Жайсаң жайлауында туған. Ұлы жүздегі Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан. Әкесі Әлібек момындығы үшін ағайындары арасында «қарашоғыр» атанғанымен, өзіндік беделі бар би болған. Бала күннен жас Төле әкесіне ере жүріп ел көріп, жұрт таныған, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түскен. Төле би Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір ортақлыққа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатысқан. Тәуке хан Төле биді Ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысқан. Ордабасы жиыны кезінде жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болған. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан. 1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда, оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытқан. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілқайыр хан мен Төле бидің Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатуға өтініш жасағандығы айтылады. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы қыркүйектің 5-інде Абылайды тұтқыннан шығарып алған. Төле би ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанған. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салған. 1734 жылы Ресей патшасы Анна Иоановнаға және 1749 жылы Орынбор губернаторы И. Неплюевке хат жолдап, бодандықты қабылдауға ризашылық танытқан. Бұл сол тарихи кезеңде шарасыздан жасалған қадам болатын. Ол жоңғар шапқыншылығынан титықтаған халықтың жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қойған. 1748 жылы орыс сауда керуені тоналғанда, бұған кінәлі Қойгелді батырды билер алқасына шақыртып, оған бұл шығынды жұрт көзінше төлеттірген. 1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапқанда оның баласы Ералы сұлтан әкесінің құнын даулап Төле биге шағымданады. Төле би Әбілқайырдың өлімі үшін айыпкерлердің «Жеті жарғы» аясына сәйкес жеті құн төлеуі туралы шешім шығарады. Ералы айыпкерлерден екі құн алып, төрт құнды кешіреді де, әкесін өлтіруге қатысушылардың бірі Сырымбет батырды жетінші құн орнына өз қолымен өлтіреді. Әбілқайырдың балалары бұған да тоқтамай, Барақ сұлтанның жауапқа тартылуын Төле биден сұрайды. Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Төле биге өзі келіп, жасаған ісі үшін сотқа тартуды сұрайды. Төле би билер сотына қазақ билерінің ішінен, Барақ сұлтанның ұсынуы бойынша, төрт белгілі биді (Жалған би, Сырлыбай би, Даба би, Қабек мырза) қатыстырып, өз тарапынан бірнеше биді шақырады. Билер алқасында Төле би Барақ сұлтанды ақтап алады. Төле би Әбілқайыр ханның өлімі үшін жеті адамның құнын кескенде де, Барақ сұлтанды ақтап алғанда да, туысы Қойгелді батырға тоналған орыс сауда керуенінің өтеуіне екі мың жылқы төлеуге билік шығарғанда да елдің елдігін бұзбауды, әлі келгенше халықтың тыныш жағдайын, тұтастығын сақтауды көздеген. Төле бидің бұл секілді еларалық сипаттағы билігімен қатар ұлыс ішіндегі дауларды шешкен билігінен де оның мемлекеттік деңгейдегі парасаттылығы, ойының саралығы мен ниет-тілегінің тазалығы танылады. Төле би хан, сұлтандардың, бектер мен билердің өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына еш нәрсе бермейтіндігін сезініп, татулықты жақтаған. Оның елге танымал «Елге бай құт емес, би құт» дейтін қанатты сөзі айқын аңғартады. Бізге келіп жеткен аңыз-әңгімелерде Төле бидің ұлт бірлігін нығайтуды барынша жақтағандығы айтылады. Сондай аңыз-әңгімелердің бірінде Төле би өз көңілін сұрай келген Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса халқын сатады. Халық азса хандыққа таласады» деп жауап берген екен. Төле бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өсиет сөздері қалған. Оның шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындылығымен ерекшеленеді. Бидің Данагүл есімді келінінің де есімі көпке танымал. Төле би Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле би халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен де танымал. Оның бұлай аталуы жайлы да аңыз сақталған. Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында. Төле би қабіріне кесене салынған. Ғибратты ғұмыр кешкен бидің жарқын бейнесіне көптеген ақын мен жыраулар оралып, оның даналығын шығармаларына арқау етіп отырған. Өткен дәуірлерде А.Левшин, П.Маковецкий, Л.Баллюзек секілді, т.б. орыс зерттеушілері өз еңбектерінде Төле би есіміне ілтипат білдіріп, құрмет тұта атап өткен. Әр кезде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, т.б. Төле биге байланысты әр тараптағы зерттеулері мен ой-қорытындыларын жариялаған. Жамбыл облысында Төле би есімімен аталатын елді мекен бар. Оңтүстік Қазақстан облысында бір ауданға Төле би есімі берілген. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысында және Астана қаласында Төле биге ескерткіш қойылған. Алматыда, Шыментте және бірқатар елді мекендерде Төле би есімімен аталатын көшелер бар. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |