16:52
Ұлы Дала елінің қазынасы

ҚАМШЫ

Әлбетте, ел-жұртымыздың мәдени-тұрмысы һәм рухани зердесінде кәдімгі қамшымыз ерекше орын алып келген. Бұл күндері оған тереңірек ой жіберсек осы бір шағын ғана дүниенің атқарар қызметінің сан алуан түрлеріне тоқталмай кетуге мүлде болмайтын жайлар бар екен. Өйткені қазақ өмірінде қамшы – өнер туындысы, қамшы – рухан қуат-күш, қамшы – сый-сияпат, қамшы – жігіт пен қыз сәні һәм салтанаты, қамшы – азамат айбыны мен айдыны, қамшы – шебер қолдың айғағы, қамшы – алса қару, қалса мұра екенін білетіндер де бұл жалған дүниеде азайып келе жатқаны бекер емес. Демек, қамшымыз тек ат айдайтын құрал ғана емес, айта алсақ, сөйлете білсек мақнатарлық-ақ қасиетті әрі қастерлі қазына тобына жататын әмбебап дүние екенін анық көреміз. Бұрынғы ақын, әнші, сал-сері мен мырзалар, жақсылар мен жайсаңдар, сұлулар мен сырбаздар, тіпті кез келген қазақ осы қамшыны жанына жақын серік еткен. Қамшыны ауызға алмай өлең, жыр айтылмаған. Тұрмыста да солай. Қажет десеңіз ол тәртіп құралы да бола алған. Ал, қолына қамшы ұстаған әр азаматта еркелік екпін, жігіттік жігер еселене түскен.

Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі. Әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Олар теріден қамшы, божы, ноқта, шідер, тұсамыс, шыбыртқы (бишік) өрген. Жай өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талаппен қырлап, жұмырлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелеп, бір сөзбен айтқанда, көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өнерлеп өрген. Соның ішінде қамшы әр түрлі, яғни үш таспадан қырық таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді әрі ажарлан, күрделене түседі. Осы жай өрілу сапасы мен тәсіліе сай және қолданылуына орай қамшы атаулары да өзгере береді. Тқайсыбір белгілі өрімші шеберлер былайша түрлеген: ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы, тағы басқа. Сол сияқты таспа санына қарай «пәлең өрмелі қамшы» деп те атала береді. Қамшының басына шеберлер күміс, жез, тері сияқты мойнақ салады. Осыған орай қамшы тағы да күміс мойнақ қамшы, жез мойнақ қамшы, сары ала мойнақ қамшы, ақ мойнақ қамшы деп аталады.

Қамшы – бірнеше құрамнан, ол құрам бірнеше қызықты әрі күрделі атаулардан тұрады. Айталық, өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек, тағы басқа.

Қамшы өру ісі әдетте өрімнен басталады және оның атауы мен сапасы осыған байланысты болады. Айталық, төрт таспа, жиырма таспа, отыз екі таспа, тағы сол сияқты.

Қамшы негізі үлкен екі бөліктен құралады. Ол өрімі және сабы. Сап тобылғыдан, ырғайдан, елік, киік сирағынан, мүйізінен, таутеке мүйізенен әсемделіп жасалады. Әсіресе, елік, киік сирағынан металл, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте бғалы әрі сәнді болады. Кей шеберлер қамшының өріміне қоса сабын да тұтас өріп шығарады.

  Қамшы сабына ең көп қолданатыны – тобылғы. Ол әрі бояулы, әрі берік, әрі әдемі көрінеді. Оны да майлап, әбден кептіріп, түзетіп барып қолданады. Әсіресе, оның қызыл түсті бояуы ерекше көрік береді. Бұрынғы кезде сері жігіттердің сұлу қызға осындай әсем қамшымен баруы оның абырой-беделін де көтере түскен.

Қамшы өрімі алақанынан саптық мойнағына бүргеншік арқылы жез, мыс шегелермен тойтарылып бекітіледі. Немесе таспа арқылы мойнаққа бүрмелеу арқылы жалғайды. Мұны шеберлер тілінде «бунақтау» дейді.

Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөлген. Оны жез бауырлап, мойнақтап, металмен, былғары, қайыспен орайды.

Қамшы әрқашан оң қолға ұсталады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп, қайыстан бүлдірге өткізеді.

Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырады да оны сапқа ұзына бой «бауырлақ» етіп сыртынан таспаны орап жібереді. Кейде осы бауырлақ орнына жұқа мыс та қолданады. Бұл да қамшы бағасын, құнын әсерлей түседі.

Өрім мен алақанның қосылған жерін «шежемей» дейді. Осы шежемей үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағылады.

Жоғарыда айтылғандай алтындап, күмістеп, ерекше жасалатын бірнеше қырлы, бұрама, шашақты, орама сапты, отыз-қырық таспа қамшылар болады. Жасалуына орай оың бағасы да татымды болып келеді. Мұны екі бүктеп ұстаған жігіт те ат үстінен шіреніп тұрып үй сыртынан өз құрбысына сөз де тастаған. Мұндай әсем қамшыларды әр атты адам пайдаланған. Сондай-ақ мал айдауға, ұрыс, соғыста қару орнына жүретін қамшылар да болған. Олар дыр, дырау, дойыр деп аталған. Бұлардың өрім өзегіне темір, ұшына қорғасын орап өрген. Сабы да жуан, қатты ағаштан жасалған. Кейде бұларды екі, үш жерден үзбелете өрген. Мұндай қамшымен ұрғанда атан түйелер мен өгіздердің өзі жүре жатқан. Дыраумен бір тартқанда адамға шабатын бура да, көкжал қасқыр да орнынан тұра алмай қалған дейді қариялар. Тобылғы сапты қамшының «бұзау тіс» деп аталатын түрі де болады. Мұны да қару ретінде жұмсайды.

Қай жағынан алып қарағанда да қамшы қазақ өмірі мен өнерінің ажырамас бөлігі. Өмірі дегеніміз – адам атсыз, атқа мінсе қамшысыз жан болмаған. Өнері дейтініміз – шеберлік те, ақындық та, сөз сайысы да қамшысыз өтпеген. Өйткені сөз сұрағанда да қамшы тасталған. Әдеп-үлгіде де, салт-дәстүрде де қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік, мәдениетті ережелері мен жөн-жосықтары да болған. Айталық, жайшылыққа қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік беп қаралған. Жол, жөн көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқаған.

Қазақ дәстүрінде «қамшы ойыны» деп аталатын күрделі ойын түрі де болған. Соның ішінде қазақ даласына кең тараған «қамшыгерлік» өнер кене. Олар осы қамшы арқылы өнер көрсеткен. Төрт жақтан керілген өгіз терісін қамшымен бір тартқанда тіліп түсіру, жаугершілікте, ұрыс-жанжалда жауын қамшымен жусатып салу, қасқыр соғу қамшыгерлер атағы мен абыройын арттыра түскен. Әрине, қамшыға – азаматы, азаматына – аты сай болуы үшін екені белгілі.

Қамшымызды халық тіл өнерінде де «ойната» білген. Жүйрік атты «қамшыдай қатқан»; талаптанған жігітті «өзін-өзі қамшылады»; «ұрды, соқты» дегенді «қамшы жұмсады»; «қорқытты» деудің орнына «қамшы үйірді»; қаныпезер тентекті «қамшысынан қан сорғалаған»; жүрмейтін атты «қамшы кесті шабан»; жанына батқан істі «қамшы боп тиді» деп астарлай, ажарлай сөйлеген. Кейбір берекесіз жанды «қамшы алып беруге жарамайтын» деп кеміткен. Жүрдек атты «қамшы салдырмайтын мал» деп мадақтаған. Айталық, «қамшы сабындай», «қамшы бойындай», «қамшы жетер жерде» дегендей.

Асылында, Ұлы Дала елінің өмірінде қасиетті қамшының да өшпес із қалдырғанын осынаудан байқауға болады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 817 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: