ӨСИЕТ ӨРНЕКТЕРІ
- Байлыққа мақтану ақылдының ісі емес.
- Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама.
- Кемтарларға, жетімге қамқорлық жаса, жәрдем бер, садақа бер.
- Айтта, Наурызда, мереке күндерінде «құтты болсын» айтуды ұмытпа.
- Танитын адамдарға қуанышына ортақтасуды немесе қайғысына көңіл айтуды ұмытпа.
- Тәңірге, аруаққа, халыққа тіл тигізбе.
- Ата-анаңа әдеппен сөйле, құрметпен қара, айтқанын сөзсіз орында һәм оларды әулие тұт.
- Біреудің киімін (жақсы болса да) киюге әуестенбе.
- Өнердің қай түрі болса да үйренуден жалықпа.
- Туыс-туғандарыңды, нағашы-жиендеріңді, тағы басқа ілік, құда, жекжаттармен жиі қатынасып, араласып-құраласып жүр. Оларды өзіңе жақын тұт.
- Туған жеріңді ұмытпа. Ол жерге жиі барып тұр. Бір уыс топырағын үйіңде қастерлеп сақта.
- Ата-баба қорымдарына соғып, оларға дұға оқуды ұмытпа.
- Біл-білме, бірақ жолдағы қорымдарға дұға оқып, бет сипауды есіңнен шығара көрме.
- Көп адам жиналған жерге сәлемдеспей өтпе.
- Сырқат адамның көңілін сұрауды ұмытпа. Бірақ кешке, түнде көңілін сұрауға болмайды. Науқас адамға қайғылы хабарды айтпа.
- Лауазымы үлкенге жалпаңдама, лауазымы кішіге кекірейме.
- Әр істе де әділ бол. Әділ болсаң, әлді боласың.
- Абай өлеңдерін жатта. Абай өлеңі – білім, ғылым, үлгі, өнеге, тәлім, тәрбие, адамдық кілті.
- Өзіңді кім сыйласа, оны сен де сыйла, құрмет көрсет.
- Қаруың – білімің мен тілің; сүйенішің, тірегің – ақылың болсын.
- Ерлі-зайыптылар бір-біріне жала жабуға һәм өте ауыр сөз айтуына болмайды.
- Балаларыңның алдында ата-аналар өзін әділ, әдепті ұстауға тиіс.
- Ұрлық, күш жұмсау, біреудің мүлкін, үйін өртеу, зорлық өте ауыр күнә.
- Күнә мен кінә бірдей емес.
- Тақыт пен бақыт бірдей емес.
- Қызығу мен қызғану бірдей емес.
- Мақтану мен мақтау бірдей емес.
- Оқу мен тоқу бірдей емес.
- Атақты адам болғың келсе, сондай адамдар туралы оқы да тоқы.
- Құрметті адам болғың келсе – көптің сөзін сөйле, халық жағында бол.
- Бақытты болғың келсе, ізгі істерге бойыңды үйрет, жаман әдеттен қаш.
- Әр құралды өз орнына пайдаланатын бол. Айталық, күрекпен шеге қақпайды.
- Пайдакүнемдік, айлакерлік, қулық жақсылыққа бастамайды.
- Азғындаушының азығы – ішімдік. Одан өзің де, өзгені де сақтандыр.
- Өнер адамдарын үлгі тұт. Өнерге сүйіспеншілікпен қара.
- Ата-анаңа, ұстазыңа, жетекшіңе ажырайып қарама, қатты сөйлеме.
- Жұрт алдында әдепсіз сөз сөйлеме, ерсі қимыл жасама.
- Жұдырық жұмсау жігітке абырой емес.
- Басқа қызға, басқа біреудің келіншегіне көп қарама.
- Қыздар-ау, көп сықылықтамаңдар.
- Жұрт жұмылып жатқан істен шет қалма.
- Көмек сұрағандарға, апатқа ұшырағандарға қол ұшыңды бер.
- Отан, халық алдындағы борыштарыңнан бас тартушы болма.
- Өзіңе өзің сын көзіңмен қарап жүр.
- Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе.
- Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе.
- Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр.
- Көпке қарсы болма. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген мәтел бар.
- Төсеккөрпенің тұйығын ірге жаққа қаратып төсейді.
- Жас адам көлікке, атқа ең соңынан міну керек.
- Үйде, дастарқанда адамдар жасына қарай үлкендер төрде, жастар төмен қарай отырады.
- Жас адамдар үлкендер алдында, үлкендер жастар алдында өздерін әдепті ұстағандары жөн.
- Біреудің байлығына, дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба.
- Бойыңды да, ойыңды да, арыңды да таза ұста.
- Жүзің жарқын, жаның жомарт, мінезің жақсы болсын.
- Көп ішінде жаныңдағы адаммен сыбырласып (құпия) сөйлеспе.
- Сын сағатта әлсіздік, ұстамсыздық жасаған адамды халық жек көреді.
- Қиын сәтте батыр болмасаң да батыл бол.
- Халқым барда қарным ашады деп қамықпа.
- «Миым ашиды» дегеннен гөрі «жаным ашиды» деген жөн.
- Жақсы һәм жақсылық туралы айтуға әдеттең.
- Халықтың «ақыл – жастан, асыл – тастан» деген керемет сөзіне ой жіберіп қарашы.
- Ақ шашаты атаны, ақ жаулықты анаы көрсең – ізет көрсет.
- Жаман адамға да жақсы көзбен қара.
- Аш болсаң да, тоқ болсаң да Құдайыңды ұмытпа.
- Халыққа, аруаққа шет болма.
- Біреудің намысына тимей сөйле.
- Біреудің кемшілігі мен істегі мінін көп алдында айтпа.
- Жарлы болсаң да жарамсақ болма.
- Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі Тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе.
- Баланы ойынмен, үлкенді шындықпен жеңесің.
- Жазықсыз жәндікті өлтірме, малға зәбір көрсетпе.
- Тәрбиеліден – тәлім, ғалымнан – ғибрат, өнерліден – өнеге ал.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|