ӨСИЕТ ӨРНЕКТЕРІ
Әлбетте, ата-бабалардан аманат-мирас болып қалған һәм ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнегелі өсиет, жаһандану мен өркениеттенудің шарықтау кезіне қарамастан, өз мән-мағынасын еш жоғалтпақ емес. Ал оны сана-сезімге сіңдіріп, бойына қалыптастыра алған өскелең ұрпақ ештеңені жоғалтпайды, керісінше, тағылымды тәліммен тұлғалана түспек. Қарапайым халық ішінен шыққан ақылдылардан қалған осынау нақылдарға зер салып көрейік.
- Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе.
- Жүріп келе жатқан адам отырған адамға, атты адам жаяуға, аз адам көпке сәлем беруге тиіс.
- Үлкендер мен ғалым адамдар алдында көп сөйлемеуге тырыс. Мешітке, үйге «ассалаумағалейкүм» деп кіру керек, кешке «кеш жарық» деп кіру керек.
- Үлкен кісілерді, ананы, әйелді көлікке қолтықтап демеп мінгізу не түсіру керек. Көшеде, жолда жатқан шыны, темір болса, алып таста.
- Үлкендерден бұрын тамаққа қолыңды салма. Адамға күш қолданба.
- Сәбилерге өтірік айтпа, алдама, қорқытпа. Оларды жаман әдетке үйретпе.
- Тамақ жеп отырып сөйлеме.
- Тамақты өз алдыңнан алып же, кісі алдындағыға қол созба.
- Егін ішінде дәретке отырма.
- Сұйық тамақты сораптамай іш.
- Дастарқан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле.
- Дініңе сеніммен, құрметпен қара.
- Халқыңның тарихын, дәстүрін, салтын, әдет-ғұрпын жадыңа тоқы һәм оны кейінгілерге үйрет.
- Қанша ұлы адам болсаң да халық алдында кіші, әдепті бол.
- Біліміңді көпке, пайда жерге жұмса.
- Жаман дағдыдан аулақ бол.
- Жаман адамдардан қашық жүр.
- Көршілеріңмен жылы сәлемдес.
- Достыққа берік, адал бол.
- Біреуді жамандама, өзіңді жамандаған адаммен дауласпа, жауласпа.
- Қуанышта, қиындықта, қайғыда, ашуда ұстамды бол.
- Шаруашылықтың басы-қасына жүрген адамдарға жолыққанда: бақташыға «бағар көбейсін», мал айдап бара жатқандарға «айдар көбейсін», егіншіге «бір дәнің мың дән болсын», түрлі жұмыс үстіндегілерге «іске сәт», жаңа қоныстанушыларға «»қоныс құтты болсын» деу керек.
- Жолаушыларға, жүргіншілерге, сапарға шыққандарға «сапар сәтті болсын» деу керек («қайда барасыз» деуге болмайды).
- Үй сыртында тұрып немесе теріс қарап тұрып сөйлеуге болмайды. Аты белгілі адамдарға құрмет көрсет.
- Шалбарды отырып кию керек.
- Әйелдер, қыздар орындықта аяғын айқастырып отыруға болмайды.
- Алыс сапарға, игілікті іске, емделуге аттанар алдында қариялардың батасын ал.
- Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек.
- Кемтар адам алдында дене кемістігі туралы әңгімелеме.
- Моншада да ұятыңды жаба біл.
- Пейіліңді кеңге сал.
- Кешірімді, мейірімді, сыпайы бол.
- Өркөкірек адамнан қаш, өзің де кеудеңді көтерме. (жалғасы бар)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|